ЕШКІМ ДЕ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Әлеуметтік сала қызметкерлеріне өзінің ең ізгі тілегін жолдаған Ғұмар Ислямұлы «Еңбек ардагері» медалімен Мұрагелді Хапатовты, «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен Қилымқас Күзембаева, Меруерт Нұғыманова, Құрманай Қалиева, Марат Оспановты марапаттады. Тағы бір топ қызметкер облыс әкімінің Алғыс хатымен ұлығыланды.
Салтанатты жиында басқарма басшысы Клара Фазылқызы мен ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Тимур Естебаев ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің Құрмет грамотасымен және басқарманың Алғыс хатымен бір топ қызметкерді марапаттап, сый-сияпат тапсырды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолұшын беріп жүрген «Мүгедек әлемі», «Өмір гүлі», «Атырау – Маленькая страна» үкіметтік емес ұйымдарының жетекшілері — Күлбаршын Нұржігітова, Тыныш Жақыпова, Ерлан Күмісқалиевтарды және мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдап, олардың өз өнерін шыңдауға қомақты қаржымен қарасқан «Эра» мекемесінің басшысы Сәбит Құспановты ұлығылады.
Әлеуметтік сала қызметкерлері күніне арналған осындай қала әкімдігінің шарасы Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде де өтті.
Салтанатты жиналыста Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев құттықтау сөз сөйлеп, әлеуметтік саланың бір топ қызметкерін Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапаттады, ұзақ жыл осы салада абыройлы еңбек етіп келе жатқан Рая Ораловаға «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ, тағы біраз қызметкер Атырау қалалық мәслихаты мен кәсіподақтың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.
Лиза СЕЙТІМОВА.