Жарнама
Жаңалықтар

Есесі қайтқан еңбек игі

Атырау өңірі тек өндіріспен емес, осында өмір сүріп, маңдай терімен күнелткен жандардың тарихымен де ерекше. Солардың бірі – Шандиевтер әулеті. Бұл шаңырақтың Атырау мұнай өңдеу зауытымен байланысы 1953 жылдан бері үзілмеген. Ерғали Шандиев пен оның жары Қадиша апайдың адал еңбегі мен табандылығы бүгінгі ұрпаққа үлгі болып, есімдері зауыттың даму тарихына алтын әріптермен жазылған.

c5e941b6 7c18 4e9b aad1 032bc68767e3

1953 жылы зауыттың №441 күзет бөлімінде басталған Ерғалидың еңбек жолы – отбасылық дәстүрдің негізі. Ол кезде бұл жұмыс тек міндет емес, туған жердің тыныштығын күзетіп, индустрияның жүрегін қорғау еді. Ерғали аға мен Қадиша апайдың еңбек жолы – зауытта жаңа белестерді бағындырып, талай қиындықты бірге еңсерген еңбекші өауымның тарихы.

79608bec 6b98 43b3 93f5 2d0231b101c2 1

Қадиша апа 1960 жылдан 1983 жылға дейін зауыттың түрлі цехтарында еңбек етіп, зор жауапкершілікпен тер төкті. Ол өз ісіне берілген, табанды да шыдамды қалпымен ұжымына үлгі болған жан. Көптеген марапаттар мен алғыс хаттар – соның айқын көрінісі.

Олардың алғашқы перзенті Болат №4 цехта қызмет етсе, кіші ұлы Аманжол өрт қауіпсіздігі инспекторы ретінде жұмыс істеді. Аманжолдың жары Илан 1981 жылдан 2013 жылға дейін №1 цехта еңбек етіп, өндірістің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Олар да ата-ана салған жолды жалғап, өндіріс ошағына деген сүйіспеншілік пен адалдықты бойына әбден сіңірген.

Аманжол мен Иланның қос ұлы Артур мен Тимур 2003 жылдан бері мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін терең күкіртсіздендіру қондырғысында еңбек етіп жүр. Олар отбасының ғана емес, зауыт болашағының да кепілі. Отбасының күйеу баласы Роберт Медикешов те VI разрядты дәнекерлеуші, өндіріс процесінің сенімді қызметкері. Осындай мамандардың маңдай тері зауыттың техникалық деңгейін арттыруға зор үлес қосады.

5553fc89 e0a0 4567 8d43 84441965988b

Әулетте әйелдердің де зауыт тарихындағы орны ерекше. Мәселен Гүлбарша Шандиева 1985 жылдан бастап 2016 жылға дейін зауыттың кадр бөлімінде, кейін Жылу-электр орталығында жұмыс істеген. Ұзақ жыл бойы жауапты қызмет атқарып, әріптестері арасында зор сый-құрметке ие болды. Құрметті еңбек демалысына шыққан соң да артында алғыс хаттар мен медальдарға толы абыройлы еңбек жолы қалды. Ал Гүлбағыт Шандиева мектеп жасынан жан-жақтылығымен ерекшеленіп, 1993-1995 жылдары №2 цехта оператор болды. Ол кейіннен зауыттың еншілес кәсіпорындарында еңбек етіп, ұрпаққа өнеге көрсетті. Оның ұлы Ғалымжан Сағынбаев 2010-2017 жылдар аралығында арнайы қондырғының операторы болып еңбек етіп жүр.

– Бүгінде жастар кеңсе жұмысын армандайды. Бірақ өндіріс пен жұмысшы мамандығы – ел экономикасының нақты қозғаушы күші. Мұнай өңдеу, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы – мұның бәрі еңбек адамын қажет етеді. Біз қолыңнан іс келсе, елге пайдаң тисін деген ұстаныммен жүретін жандармыз. Бала-шағамызға тек мамандық емес, еңбекті сүю, елге қызмет етіп қарапайымдылықты үйретуге тырыстық. Қазір ұлттың болашағы еңбекке деген көзқарасқа байланысты қалыптасады. Осы жолдан таймаған жөн, — дейді Гүлбағыт Ерғалиқызы.

Әулеттің ең кішісі Нұргүл Сағынбаева – осы ұлы дәстүрдің бүгінгі өкілі. 2010-2016 жылдары оператор болып жұмыс істеген ол қазір зауыттың маркетинг және жүк тасымалдау бөлімінде қызмет етеді. Оның айтуынша, зауытпен байланыс оның кәсіби ғана емес, бала күнінен қызығушылы, әрі қарай арманына ұласқан ұлы мақсаты.

20ef3694 d9c6 4adf 879e 6e028d5ab495 1

– Мұнай өңдеу зауыты мен үшін тек еңбек орны емес. Бұл – менің өміріммен өрілген, жүрекке жақын мекен. Осында еңбек жолымды бастадым, осында менің отбасылық тарихымның алғашқы беттері жазылды. Зауыт біздің әулеттің бірнеше ұрпағын біріктіріп қана қоймай, мені болашақ жарыммен табыстырған қасиетті шаңыраққа айналды. Жолдасым Асылбек Орынбаев та осы зауытта 19 жыл бойы адал еңбек етті. Бізді тағдыр осында тоғыстырды. Сол күндерден басталған таныстық, сенім мен сыйластық отбасылық өміріміздің берік іргетасына айналды. Зауыт – біздің шаңырақ көтерген, арманымызды бірге жүзеге асырған алтын бесігіміз десе де болады. Сондықтан бұл мекен – мен үшін тек өткеннің емес, болашақтың да символы. Осында басталған махаббат – бүгінде мызғымас отбасымыздың темірқазығы. Өндірісте басталған тағдырлар, зауыттың тасасында өрілген махаббат хикаясы осы мекеменің жылуы мен шуағының белгісі іспетті. Атырау мұнай өңдеу зауыты – тек біздің емес, талай отбасының тағдырын тоғыстырған үлкен өмір мектебі, — дейді Нұргүл.

Жуырда Шандиевтер әулетінің мүшелері Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдық мерейтойына орай арнайы төсбелгімен марапатталды. Бұл марапат – әулеттің бірнеше буын бойы өндіріс саласына сіңірген адал еңбегі мен зауытқа деген шынайы ықыласының жарқын көрінісі.

Айта кетейік, бұл әулеттің жалпы еңбек өтілі 200 жылға жуық екен. Бұл – ұлы еңбек пен отбасылық дәстүрдің биік бағасы. Расында Шандиевтер отбасының тарихы — зауыт тарихының жарқын беттерінің бірі. Олар үшін еңбек тек кәсіби міндет емес, туған жерге деген адалдық пен құрметтің көрінісі. Бұл династияның әрбір мүшесі  өзінің еңбек жолымен, адалдығымен және сүйіспеншілігімен үлгі.

Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы мен Шандиевтер отбасы болашақта да осы қасиеттерді ұстанып, өндірісті дамытып, жаңа белестерді бағындыратынына сенім мол. Мұндай отбасылық дәстүрлер ел индустриясын әрі қарай өркендетуге қосылған үлкен үлес деп бағаланады.

Айтқандай, Шандиевтер әулеті қатысып отырған республикалық «Еңбек жолы» байқауы – республика Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен жүзеге асатын беделді жоба. Оның мақсаты – еңбек адамын, отбасылық құндылық пен ұрпақ сабақтастығын насихаттау. Байқаудың өңірлік кезеңінде озық шыққан Шандиевтер алдағы уақытта республикалық кезеңге жолдама алды.

Бүгінде жастарға еңбекқорлық пен отансүйгіштік қасиеттерді үйретудің ең тиімді жолы – еңбекке берілген әулеттерді дәріптеу. Шандиевтер отбасы – осы талапқа толық сай келетін нағыз еңбек әулеті. «Есесі қайтқан еңбек – игі» деген сөз осындайда айтылса керек, сірә.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button