Есепсіз шығынға жол берілмейді
Мемлекеттік қызмет жүйесінде жиі көзге түсе бермейтін маңызды бір сала бар. Ол қазына қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылайды. Бүгінде бұл қызмет Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жүктелген. Сондай-ақ, аталған орган Үкімет тарапынан көрсетілетін қызметтің сапасын қадағалап, квазимемлекеттік сектор нысандары активтерінің сақталуына талдау жасайды. Шын мәнінде, көшілік елей бермейтін сала жетістігінің артында еселі еңбек жатыр. Біз кәсіби мереке қарсаңында Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне бас сұққан болатынбыз.
Қазір қоғамда «қазына қаражатын қалтасына басыпты», «жұмысқа келмей-ақ жалақы алыпты» деген келеңсіз оқиғаларды жиі еститін болдық. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызмет, қаржы жүйелерінде мұндай кемшілік деректері азамай отыр. Ал, ол дегеніңіз елдің дамуына ауыз толтырып айтырлықтай залал келтіретіні белгілі. Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Мәулен Мүтиевтың айтуынша, жыл басынан бері 5 айдың ішінде 37 аудиттік тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 2 705,7 млн.теңгенің заң бұзушылығы анықталған.
–Тағы бір атап айтарлығы, 5882 мемлекеттік сатып алулар бойынша өткізілген конкурс камералдық бақылау арқылы тексеріліп, 1704-інен заң бұзушылықтар анықталды. Талап бұзу бойынша жіберілген хаттамалар толықтай орындалды. 217 лауазымды заңды тұлғаға жалпы сомасы 8,1 млн.теңгеге әкімшілік айыппұл салынып, бюджетке өндірілді. Ал, кемшіліктерге жол берген аудит нысандарына нұсқамалар жолданып, 23 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — дейді Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Мәулен Мүтиев. Сондай-ақ, бес ай ішінде түскен 654 өтінішке тиісті жауап берілген.
Департамент басшысының айтуынша, ішкі аудит қызметтерінің жұмысын үйлестіру мақсатында кеңес беру, жүргізілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бойынша есептеріне талдау жүргізілген. Ал, облыс әкімі аппаратының Ішкі аудит қызметі 2 аудиторлық іс-шара өткізіп, нәтижесінде жалпы сомасы 1,0 млн.теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталып, бюджетке кері қайтарылған. Бір қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Айбөпе САБЫРОВА