Жарнама
Жаңалықтар

ЕСЕЛІ ЕҢБЕК – АБЫРОЙ АРҚАУЫ

Беркін Ізтілеуовтің мамандығы – инженер-геолог. Кезінде Мақат, Прорва, Қаратон тәрізді кен орындарында «қара алтын» селін тасытқан. Соңынан Жылыой, Мақат және Махамбет аудандарында партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Кәсіподақ саласында да, облыстық халық депутаттары кеңесінде де лауазымды қызметтерді атқарған. Бүгінде Алматыда тұратын жерлесіміз Мұнайшылар қорының атқарушы директоры ретінде өмірден өтіп кеткен талай абзал адамдардың есімін жаңғыртып, біраз естелік кітаптарды шығаруға мұрындық болды.
Мәдина Ғабдісәлімова есімі де көпке жақсы танымал. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары облыстық комсомол комитетінің жетекшісі, қалалық партия комитеті хатшысы, кейін өңірдегі кәсіподақтар кеңесінің төрайымы қызметтерін атқарған. Зейнет жасына жеткенімен, әлі де еңбектен қол үзбей, жастарға тәлім-тәрбие беріп келеді.
Өнер сүйер қауым Орақ  Жауыровты жақсы біледі. Алматы консерваториясын тәмамдаған ол саналы ғұмырын өңірдің мәдени өмірін өркендетуге арнап келеді. Бірер жыл бұрын «Құрмет» орденімен марапатталған. Жақында ғана ол жетекшілік ететін Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрі Германия, Венгрия және Түркия елдеріне сапарлап, қазақ өнерін Еуропаға танытып қайтты.
Міне, енді, олар аймақтың экономикалық-мәдени өміріне сіңірген ерен еңбегі үшін Атырау облысының Құрметті азаматы атанды.
Бұдан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңірдің бүгінгі тынысын қозғап, ертеңгі межемен бөлісті.
Өңір экономикасы тұрақты дамуда. Өткен жылы Атырау облысы бірінші рет республикалық бюджетке екі триллион теңге аударды. Бұл – ел бойынша жоғары көрсеткіш. Жұмыспен қамту орталығына тіркелгендердің 90 пайызы қызметке ие болды. Демек, жұмыссыздық проблемасы да оңтайлы шешіліп келеді. Шағын несие алушылар саны да алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр едәуір өсті. Яғни, кәсіпкерлікті одан әрі қолдауға нақты қадам жасалды.
Ауыл шаруашылығы саласында да оңды өзгерістер бар. Биыл өткен жылмен салыстырғанда картоп 16, көкөніс жеті есе көп егілді. Жайықтың мүмкіндігін, тамшылата суару тәсілін тиімді қолданған диқандар мол өнім алудан үмітті. Осы қарқыннан таймасақ, алдағы екі-үш жылда бау-бақша дақылдарымен өзімізді толық қамтамасыз етуіміз де ықтимал.
Мал шаруашылығында да жаңашылдық жеткілікті. Бес жүз бас сиырға арналған кешенді ферманың пайдалануға берілуі өңірдің сүт өнімдеріне деген сұранысын барынша өтеуге жол ашты. Рас, Еуропада карантин жарияланғандықтан, сауын сиырларды сонау Америкадан әкелуге тура келді. Әйтсе де, мұхит асып жеткен мүйізді ірі қаралар Атыраудың қатал табиғатын жерсініп, алғашқы өнімдерін бере бастаған. Қазір тәулігіне төрт тоннаға жуық сүт сауылады. Ол қала дүкендерінде сатылуда.
Ал, мұнайлы мекен үшін жағымды жаңалық – ешкі фермасының пайда болуы. Ол бізде бірінші рет қолға алынды. Ешкі сүтінің қуаты, дәрумендік қасиеті ана сүтіне парапар екендігін ескерсек, оның қаншалықты бағалылығын да бағамдауға болады. Оның үстіне, одан адам таңғаларлық өнімдер алынуда екен. Қазір балалар үйлері мен ауруханалары қамтамасыз етілуде.
Атырауда құс фабрикасы да салынуда. Оның биыл қатарға қосылуы жоспарланған. Жалпы, өңір алдымыздағы жылы құс етімен түгел, сүт өнімдерімен  негізінен, жұмыртқамен 80-90 пайыз қамтамасыз етілмек. Жергілікті атқарушы билік көздеп отырған меже – осы.
Құрылыс қарқыны да жоғары. Биылдан бастап алдағы жеті жылда Атырау қаласындағы 27 тозығы жеткен, 35 апатты жағдайдағы және 17 ескі жатақхана бұзылмақ. Олардың орнына жаңалары салынады. Сөйтіп, келешекте 2231 адам тұрмысын жақсарта алады. Сонымен қатар, өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында облыс орталығында 1444 пәтердің қатарға қосылғанын айтқан жөн. Ал, үстіміздегі жылы тұрғын үй жинақ банкі арқылы 720 пәтерлік 15 несиелік үйдің құрылысы жалғасады. Сондай-ақ, 11 жалға берілетін үй салынбақшы. Өзімізде тұрғын үй комбинатының қатарға қосылуы қажетті материалдарды тыстан тасымалдауды тежеді. Қазір мұнда оннан аса өнім түрі шығарылуда.
Алдымыздағы күзде 11-ші аймақтық экономикалық ынтымақтастық форумы аясында Атырауда Қазақстан және Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің кездесуі өтеді. Бұл – Ресей басшысының мұнайлы мекенге тұңғыш сапары. Осы жоғары деңгейдегі жүздесуге орай облыс орталығында Салтанат сарайы салынып жатыр. Оның жанындағы үш мың шаршы метрлік аймаққа көрме залы тұрғызылмақ. Бұлардың бәрі де кейін атыраулықтардың игілігіне айналмақ.
Белгілі кәсіпкер Сағат Түгелбаев металл құрастыру зауытын қолға алыпты. Әлемдік талаптарға жауап беретін оның бұйымдары Теңіз кенішінің кезекті игеру сатысындағы сұранысты қанағаттандырады. Бұл кәсіпорынның заманауи жабдықтармен жарақтандырылғаны соншалық, еш ұялмастан шетелдіктерге де көрсетуге болады.
Елбасы барлық деңгейдегі әкімдер алдына өзімізді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндетін қойды. Соған сәйкес Атырауда 50 шақты дәрі түрін шығаратын фармацевтикалық зауыт салынбақшы.
— Өңірдің қол жеткен жетістіктерін, — деді облыс әкімі             Бақтықожа Ізмұхамбетов, — күнделікті ақпарат құралдарынан біліп те отырсыздар. Әйтсе де, алыстан келген азаматтар бар, ағаларымыз бен апаларымыз қатысып отыр. Сондықтан, әдейі айтып жатырмын. Оның үстіне, осылардың көпшілігі-бұрын мұнда болған нысандар. Мына отырған ардагерлер оны жақсы біледі. Ендеше, соларды неге жаңғыртпасқа? Мен осы тұрғыда әркез өздеріңізбен ақылдасып тұрамын.        
Бірінші болып сөз алған еңбек ардагері Есен Тасқынбаев жаңа марапат иелерін шын ниетімен құттықтап, олардың әрқайсысының сіңірген еңбектеріне жеке-жеке тоқталды. Кейбір естеліктерімен бөлісті.
Еңбек ардагері Миллят Сабырова да құттықтау сөзінде марапатқа ие болғандарды жақсы білетіндігін, кейбірімен қоян-қолтық қызмет істегенін еске түсірді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мейірім Қалауи кейінгі толқынның осындай аға буын өкілдерінен өнеге алатындығын айтты.
Марапатталғандар арасынан Мәдина Ғабдісәлімова сөйлеп, ұсыныс берген жергілікті атқарушы билік басшыларына, оны қолдаған облыстық мәслихат депутаттарына алғыс сезімін білдірді.
Атырауда республикалық жастар форумының үлкен ұйымшылдықпен, зор өрлеумен өткендігі белгілі. Активте осы шараны ұйымдастыруда аса белсенділік танытқан мұнай және газ институтының ректоры Дүйсенбек Құлжанов пен «КазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының директоры Фердинат Мамонов Алғыс хатқа ие болды.
Ақырында, жақында ғана облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Елбасы қабылдауында болып, аймақта қолға алынып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Мұнайлы мекендегі ілгерілеушілік Үкімет тарапынан да оң бағасын алды. Сондықтан, өңірдің өрлеуіне сүбелі үлес қосып, жақсы көрсеткіштерімен ерекшеленген ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының басшылары Сырым Рысқалиев пен Лариса Жұмағалиева облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Осындай құрметке облыс әкімі аппаратының индустриялық-инновациялық даму бөлімінің басшысы Диас Жәнібеков те ие болды.
Өңір басшысы, әсіресе,     Сырым Мұратұлының еңбегін ерекше атап өтті.
— Мен облыс тізгінін қолға ал-ғанымда, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы, — ол аудан әкімі болатын. Сеніп тапсырылған қызметін лайықты атқарып жүр екен. Алайда, ауыл шаруашылығы саласын сауықтыру қажеттігін ескеріп, осы лауазымға тағайындадым. Қысқа мерзімде көптеген тың бастамаларды өмірге әкелді, үлкен шаруа тындырды. Мен барлық мемлекеттік қызметкерлерден осындай жемісті жұмыс, толағай табыс күтемін.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.  

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button