Жарнама
Жаңалықтар

Есболдық тарихшы тарихи жәдігерлер тапты

Махамбет ауданына қарасты, Есбол орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Жалғас Таңатов мектеп оқушыларын археологиялық қазба жұмыстарына тарта отырып, Есбол ауылының аумағынан көптеген тарихи жәдігерлер тапты. Бұл туралы Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ұстаз бен оқушыларының алғашқы тапқан жәдігері — азамат соғысы жылдарына тиесілі оқ патрондары. Бұл жәдігер Есболдың Ақжайық ауылы жағындағы ескі қыстақ орынынан табылған. Патрондардың нөмірлі кодына сәйкес бірі Германияда, енді бірі Петербургта шығарылғаны анықталып отыр. Бұған қоса ауыл маңындағы ескі егіннің орнынан Алтын орда дәуіріне тиесілі, Өзбек ханның тұсында қолданылған кәдімгі мыс ақша табылған. Шамамен 1313-1341 жылдарға тиесілі теңгеде «721г.х», «Сарай Берке» деген жазу анық сақталған. Бұлардан басқа қыш құмыралар, күміс әшекейлер, алтын, мыс тиындар мен тұрмыстық бұйымдар да бар. Олардың барлығы Есбол орта мектебіндегі шағын мұражайға қойылды. 

Ал ұстаздың өзі көрмені тамашалаған сайын оқушылардың тарихқа қызығушылығы арта түсетінін айтты.

-Бала күнімізде қой бағып жүріп құмыраның сынықтарын тауып алып келетінбіз. Бірақ оны зерттеу балалық ойымызға келмейтін. Ал, үлкендерден естігенім – Есбол ауылының маңында тарихи орындар жетерлік. Бірі азамат соғысы кезіндегі «ақтар» мен «қызылдардың» шайқасы болған жер, бірі Исатай мен Махамбеттің Жайықтан өткен жолы, енді бірі археологтар зерттеу нысаны ретінде белгілеген ежелгі сарматтардың қорымы. Бұдан бөлек Айтуар би, Мұрат Мөңкеұлы бабаларымыздың өмірдеректеріндегі зерттелмей жатқан тұстар да жетерлік. Тіпті Х.Досмұхамедов атамыздың әкесі де біздің ауылдан 5 шақырым жерде жерленген болып шықты. Оны тапқан да қарапайым ауыл тұрғыны, жылқышы ағамыз Аслан Жалмұханов еді,- деді Ж.Таңатов.

Оның айтуынша, мақсаты – оқушылардың көзіне тарихты тірілтіп көрсету. Яғни, оларға кітаптағы мәліметке қосымша өз жеріміздегі тарихты қоса ұғындыру. Сол дәуірдің, сол заманның белгілері өңірде бар болса, оны тауып, дәлелдеп, зерттеп қарау.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button