Теңіз кенішін кім ашты?

baku gotov stat provodnikom kashaganskoy nefti v evropu Жаңалықтар

Atr.kz/12 сәуір, 2020 жыл. Былтырғы желтоқсанда Теңіз кенішінің ашылғанына тура 40 жыл толды. Қазақстанды әлемге танытып, елімізге мұнай-газ саласындағы ірі инвесторлардың алғашқы ағыны ағылуына да осы оқиға себеп болды. Әйтсе де, кен орнын ашқан кім? Әлі күнге дейін кейбіреулер волгоградтық мамандарды атайды. Сонда балықшылық бұрғышылар қайда қалады? Осы орайда белгілі мұнайшылар өмірінен, кен орны тарихынан сыр шертетін шығармаларды арқау етіп, өзімізше ой түйгенді жөн көрдік.

 Журналист Талғат Сүйінбай ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ембімұнай» өндірістік бірлестігін басқарған Бөлекбай Сағынғалиев туралы жазған кітабын «АҚШ алпауыттарының дайын асқа тік қасық екеніне көзім жетті. Бәрін өз қолымызбен жасап, бәріне де өзіміздің маңдай терімізді сіңіріппіз. Содан соң ғана екіжақты келісіммен майшелпекті америкалықтардың қолына ұстатып, алдына жайып тастай салған екенбіз» деп бастапты.

Әрине, мұнай-газ саласындағы тұңғыш ірі инвестор еңбегін жоққа шығарудан әсте аулақпыз. Аймақ қана емес, күллі республикада әлеуметтік- экономикалық ахуалдың сауығуына сүбелі үлес қосқан ТШО қызметі қазір де лайықты бағасын алып жатыр, келе­шекте де оның құны кемімейді. Алайда, мұхиттың ар жағынан ат арытып жет­кен шетелдіктердің мұнда бірінші болып бұрғы бойлатпағаны рас. Обалы не керек, олар бұл атақты иеленіп те отырған жоқ. Сонда Теңіз тарихы қалай қалыптасады?

Қолымыздағы құжаттарға қарағанда, кеніштегі №1 ұңғыға бірінші бұрғы 1976 жылғы 24 маусымда бойлапты. «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас геологы Жолдасқали Досмұхамбетов өз кабинетінде өткен кеңестен кейін қолындағы қызыл қарындашымен осы орынды үлкен шеңбер етіп сызып, белгілеп беріпті. Бірақ, соған дейін қаншама қажыр-қайрат жұмсалды десеңізші?! Мәскеулік мықтылар қиырдағы қазақ жерінде 4,5-5,5 мың метр тереңдікте мол мұнай барына сенбеді. «Әрі кетсе газ не­месе оның конденсаты болуы мүмкін» деп даурығысты. Ембілік мұнайшылар нақты құжаттарын ұсынып, дәлелдеуге тырысқанымен, әлгілер біразға дейін алған беттерінен қайтпаған.

Сол кеңеске қатысқан белгілі гео­лог, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Орынғазы Есқазиевтің естелігінде айтылатынындай, КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің кабинеттерін жағалап, алғашқы үш ұңғыны қазуға әрең рұқсат алынған. Онда да Жолдасқали Досмұхамбетовтің сонау 1966 жылдың сәуірінде кеңестік кездің өзінде-ақ алған Лениндік сыйлықтың лауреа­ты атағы айбындарын асырса керек. Әттең, бұл кісі еңбегінің жемісін көре алмады. Ол өмірден өткен соң дәл екі жылдан кейін, яғни 1979 жылдың 18 желтоқсанында кеніштегі №1 ұңғыға тәжірибе ретінде сынақ жасалды.

Бұлкезде бұрғы ұшы 4095 метрге жеткен- ді. Мамандар мұнайлы қабаттың 4054- 4081 метр аралығында екенін білетін. Дизель дауысы даланы дүр сілкіндірген. Айналасы екі-үш сағатта жетіқат жер астынан шыққан «қара алтын» осында жиналған жұрттың сан жылғы еңбегінің жемісі болатын. Кейін №1 ұңғы мәскеулік мамандардың қатысуымен кешенді сыналды. Ол да өз алдына бөлек әңгіме. Сонау Канададан әкелінген «Порта-Тест» қондырғысының да осы жерде тұсауы кесілді. Мұның да тізгінін «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің Теңіз бөлімшесінің басшысы, кейін ҚР Мемлекеттік сыйлығының иесі атанған Болат Елеманов бастаған қазақ инженерлері ұстады. Ұңғы басына қос киіз үй тігілді. Сұп-сұйық, көкпеңбек мұнай алынды. Аса сапалы өнім табылды. Соның бәрінің басы-қасында ембілік мамандар жүрді. Ендеше, Теңізді ресейлік бұрғышылар ашқаны жөнінде пікір қалай қалыптасты?

Рас, сонау 1980 жылдың тамызында КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгинде болған кеңестен кейін арнайы қаулы шығарылып, одақтық деңгейдегі барлық құрылымға Теңізді игеруге жәрдемдесу жүктелген-ді. Соның нәтижесінде бірер жылдан кейін мұнда «Прикаспийбурнефть» бірлестігінің қосымша он бұрғылау бригадасы келді. Олар мұнда ал­дында да қызмет атқарған, енді қатары көбейді. Кезінде солардың жұмысы жөнінде өзіміз де репортаж жазғанбыз. Оның алдында ембілік мұнайшылар Теңіз құрылымын «Саратовмұнайгеофизика» тресінен өздеріне аударып алған. Бірақ, басшылық, әрине, Мәскеуде қалған-ды. Әйтсе де, мұның бәрі кен орнындағы біріншілікті басқаға беруге негіз бе?

Алайда, тағы бір деректі назардан тыс қалдыруға болмайды. Аймаққа белгілі мұнайшы, Балықшы бұрғылау жұмыстары басқармасының бұрынғы басшысы Төлеген Байзақовтың «Теңіз кенішінің ашылуы тарихының шындығы» атты мақаласында «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің тапсырысымен 1976 жылғы 26 мау­сымда (кейбір құжатта 24 маусым ата­лады) Волгоград бұрғылау жұмыстары басқармасының Социалистік Еңбек Ері Голубевтің бригадасы бірінші бұрғы бойлатқаны айтылады. Ал, бұған дейін, яғни 1974 жылы аталмыш басқарма қазған Тәжіғали алаңындағы №13 ұңғыдан 100 тоннадай мұнай мен 600 мың текше метр ілеспе газ алыныпты.

Тағы да Төлеген Байзақовтың естелігіне жүгінсек, Балықшы бұрғылау жұмыстары басқармасы Теңізге тек 1981 жылдың соңында ғана аяқ ба­сыпты. Мұнда келесі жылы жеті, тағы бір жылдан соң 12 балықшылық бұрғылау бригадасы жұмылдырылған. Осы уақытта «Нижневолжскнефть» өндірістік бірлестігі осындағы он бригадасына қосымша екеуін жіберген. Бұрғылаудың барлық жо­балары Волгоградтағы ғылыми-зерттеу институтында жасақталып, одақтық министрлікте бекітілген.

Ал, шетелдіктер мұнда алғаш рет №37 ұңғыдағы өртті ауыздықтау үшін келген. Ол кезде аса үлкен тереңдіктен өте жоғары қысыммен шығып жатқан жалынды сөндіретін қондырғы күллі одақта жоқ еді. Оның үстіне, «қара алтын» құрамындағы шамадан тыс күкірт осындағы мамандар­ды тығырыққа тіреген. Сырттың көмегі сол кезде керек болған.

Ал, сонымен, Теңізді ашқан кім? Рас, мұндағы №1 ұңғыны волгоградтық бұрғышылар қазды. Және анау- мынау емес, Социалистік Еңбек Ері Голубевтің бригадасы. Кеңестік кезде қазақ бұрғышыларының қатарында да мұндай мәртебелі атаққа ие болғандар бар. Бірақ, олар сол шақта басқа алаңдарды бұрғылап жатқан-ды.

КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгиннің жеке қолдауы әсер етті ме, жаңа кенішті игеру күллі одақ аясында жүрді. Өзіміз куәміз, кезінде ол бесжылдық жоспарға да енген. Сондықтан мұнда шартарап­тан мамандар келуі заңды да еді. Еділ бойының бұрғышылары да сол себеппен жеткен. Әйтсе де, соның бәрі кенішті алғаш ашушылар санатынан саналған жоқ.

Кейін бір топ маман Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл туралы Төлеген Байзақовтың «Оңғарылған талап» атты кітабында қызығырақ баяндалады. Яғни, 1994 жылғы сәуірдің соңында «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінде техникалық кеңес өтіп, мұнда мүмкін үміткерлер тізімі талқыланған. О баста кілең мұнайшылардың есімдері аталған. Содан Балықшы бұрғылау жұмыстары басқармасының бастығы Аман Тілегенов көтеріліп, бұрғышыларды да ұмыт қалдырмауды ұсынады. Сөйтіп, осы ұжымның бұрынғы басшылары Асабай Хисметов пен Төлеген Байзақовты атай­ды. Соңғысы мұндай марапаттан бас тар­тады. Оның пайымдауынша, Теңіз кеніші 1979 жылғы желтоқсанда волгоградтық бұрғышылармен белгілі болған. Ал, балықшылықтар мұнда тек екі жылдан соң аяқ басқан. Сірә, кейбіреулердің Теңіз кен орнын алғаш ашушылар ретінде еділдіктерді атауы содан шығар.

Ия, кеніштегі бірінші ұңғыны қазу құрметі басқаларға бұйырғаны рас. Егер одақ тарамай, еліміз егемендікке қол жеткізбесе, атақты да алдымен солар алуы ақиқат еді. Бұл жолғы талап – тек тәуелсіз Қазақстан азаматтары ұсынылуы шарт. Әйтсе де, ресейлік В.П.Авров марапат иелері қатарынан табылды.

P.S. Сонымен, Теңізді ашқан кім? Ембіліктер ме, әлде еділдіктер ме? Меніңше, алғашқыларының еңбегі ерен тәрізді. Соңғыларына көмегі үшін көп рахмет, бірақ, олар бәрібір бірінші атала алмайды. Халық санасында атыраулықтар аты жатталды. Солардың есімі ескірмейді.

Рас, бүгінде Теңіз кенішін ашқаны үшін Мемлекеттік сыйлық алғандардың қатары да едәуір сиреді. Ертең солар кімнің жадында қалады? Соны ойлау­ымыз керек. Атыраудан шыққан қос Еңбек Ерінің екеуі де мұнайшы екенін ескерейік. Кеңестік кезде де осындай атаққа ие болған атыраулық мұнайшылар бар. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Қазақ мұнайының абызы Сафи Өтебаев – біздің жерлесіміз. Ендеше, келіп-кететін қонақтарға да, желпілдеп өсіп келе жатқан жастарға да жеткізетін шежіреміз жетерлік. Сондықтан, облыс орталығында әдемі етіп Мұнайшылар аллеясын салған жөн. Әйтпесе, орталық көпір тұсында текке теңселіп тұрған мұнай қондырғысы аздық етеді.

P.S.S. Жолдасқали Досмұхамбетовтің үлкен ұлы Қобланның қызы Мәдина ТШО компаниясына қызметке орналасарда толтырған анкета­сына «Атышулы Теңіз кенішін ашқан менің атам Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов» деп жазыпты. Ұрпақ сабақтастығы деген осы емес пе? Ендеше, кен орнының кіндігін кескен ембіліктер еңбегі көмескі тартпайды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

http://atr.kz/bez-rubriki/atyrau-oblysynda-energetika-zhәne-tұrғyn-үj-kommunaldyқ-sharuashylyқ-basқarmasynyң-basshysy-taғajyndaldy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз