Ертең жаңартылған «Мұнайшы» стадионындағы футбол алаңында алғашқы ойын өткізілмек (+ВИДЕО, ФОТО)
Atr.kz/18 маусым, 2019 жыл. Атырау қаласындағы «Мұнайшы» стадионы футболдан Қазақстан біріншілігі ойындарын өткізуге дайын. Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының стадиондарды тексеру бағытында құрылған комиссиясы осындай шешім қабылдады.
Естеріңізге сала кетелік, биылғы доп додасы басталардан бұрын Атырау қаласындағы «Мұнайшы» стадионы футболдан Қазақстан біріншілігі ойындарын өткізуге дайын еместігі атап көрсетілді. Онда ойын өткізуге тйым салынды. Нәтижесінде жергілікті «Атырау» командасы өз алаңындағы ойынын Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана-арена» стадионында өткізуге мәжбүр болды. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының хабарлауынша , жергілікті басшылық тарапынан жүргізген тиісті жұмыстар нәтижесінде стадион алаңын ауыстыруға жеке инвестор тартылған. Алаң жасанды төсенішпен жабдықталды.
«Мұнайшы» стадионы 1950 жылы пайдалануға берілген. Стадион 8690 жанкүйерді қабылдай алады. Жаңартылған жасанды алаңмен жабдықталған стадион 19 маусымда алғашқы ойынды қабылдайды. Бұл күні футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалында жергілікті «Атырау» Шымкенттің «Ордабасы» командасымен қарымта кездесу өткізеді. Алғашқы кездесуде екі команда 1:1 есебіне қанағат білдірді. Бұдан бұрын футболдан 2019 жылғы Қазақстан кубогының финалы Тараз қаласында өтуі мүмкін екенін хабарлаған едік.
«Atr-Ақпарат»