Ертең Қазақстан бойынша дабыл жүйесі іске қосылады
23 қараша күні, Астана уақытымен сағат 12:55-те республика бойынша халықты құлақтандыру сиреналары іске қосылады, деп хабарлайды atr.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, ел бойынша бір мезгілде құлақтандыру жүйесін тексеру жүргізіледі. Ол үшін электр сиреналары, сиреналық-сөйлеу құрылғылары іске қосылып, телевидение және радиоға қосылу жүргізіледі.
Іс-шара «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында өткізілгелі отыр.
Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай орын алған кезде халықтың назарын аудару үшін электр сиреналары, сиреналық-сөйлеу құрылғылары немесе басқа да дабыл құралдары қосылады, ол «Баршаның назарына!» бірыңғай құлақтандыру дабылын білдіреді. Бұл дабылды естіген кезде тұрғындар сол мезетте әрекет ету туралы мәліметтер мен нұсқаулар алу үшін қолжетімді ақпарат қабылдау құралдарын (телеарналар, радиолар, интернет сайттар, әлеуметтік желілер, мобильдік құрылғыларға арналған қосымшалар және тағы басқасы) дереу қосуы керек, — делінген ақпаратта.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды сабыр сақтап, үрейге бой алдырмауға шақырады.