«ЕРТЕГІДЕГІ» ӘСЕРЛІ КЕШ
Психолог мамандардың пікірінше, бүлдіршіндердің айналасын танып, түсінуінде ертегінің алар орны ерекше. Оның үстіне, әуелден-ақ ата-бабаларымыз өлең, жырларды сәбидің құлағына құйып өсірген. Осынау қағидатты ұстанған атыраулық Олег Козедуб жұбайымен бірге балалардың мәдени орталығын ашуды ойластырды. Мақсатын жүзеге асыру үшін Сәтбаев көшесі, 25 үйдегі бұрынғы жиһаз салонының орнын жалға алды. Сөйтіп, «Ертегіге» келушілердің ертегі кейіпкерлерімен кездесуіне мүмкіндік туды. Орталық жаңа жылда қалалық білім бөліміне қарасты №2, №15, №16, №19, №28 мектептердің он беске тарта аз қамтылған отбасы баласын қонаққа шақырды. «Элли және оның достары туралы Жаңа жылдық ертегі» деп аталатын қойылымын ұсынып, Аяз ата тәтті сыйлықтарын үлестірді.
Атыраулықтарды Жылқы жылымен құттықтаған кәсіп иесі Олег Анатольевич орталықта орыс ертегілерінің кейіпкерлерімен қатар, ең қызықты қазақ аңыздарынан сурет бейнеленгенін айтты. Расында да, «Ертегіге» бас сұққан кез келген жан шынайы аңызда жүргендей күйде болатыны сөзсіз. «Біз балалардың бақытты болғанын қалаймыз. Сол үшін көріністерге қатысатын мамандарға кез келгенді таңдағанымыз жоқ. Бірінің педагогика саласында бірнеше жыл еңбек өтілі болса, енді бірін Алматыдан шақырдық. Яғни, ертегі, аңыз көре жүріп бүлдіршіндердің айналасын тануына үлесімізді қоспақ ойымыз бар. Сондықтан, шрек, спонж боб секілді шетелдік ертегі кейіпкерлерін емес, жылдан-жылға маңызын жоғалтпаған аңыздарды көрсетуді ұйғардық», — деді О.Козедуб.
Жаңа жылдық шараға қатынасқан Жасмин Құрбаниязова мұнда ертегі кейіпкерлері көп екендігін, қойылымнан жақсы әсер алғанын жеткізді. «Қалада осындай орталықтар көптеп ашылса екен. Сонда барлық балалар қуанышты болатынына сенімдімін. Жылқы жылында жақсылықтар көбейсін», — деп бала тілегін жасырмады.
Айтпақшы, жеке кәсіпкер орталықты мемлекеттік бағдарлама көмегімен ашыпты. Бұл туралы толығырақ газетіміздің «Бизнесмен» қосымшасынан оқи аласыздар.
Айбөпе САБЫРОВА.