Ерлер денсаулығы – әлеуметтік мәселе
Ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдермен салыстыр-ғанда 10 пайызға қысқа. Олар әйелдерге қарағанда дәрігерге үш есе аз көрінеді, осының салдарынан сырқаттарды ерте анықтаудың мүмкіндігі азаюда. Бұл туралы облыстық ауруханада өткен кездесуде еліміздің бас урологы Мырзакерім Алшынбаев айтты.
Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ерлер арасындағы өлім-жітімнің көбеюі жүрек-қан тамырлары ауруларының кең таралуына байланысты. Аталған сырқаттардың қатарында ерлердің қуықасты безінің қабынуы да әлеуметтік мәселеге айналып отыр.
Еліміздің бас урологы, Б.Жарбосынов атындағы Ұлттық ғылыми орталықтың Бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакерім Алшынбаевтың айтуынша, Қазақстанның барлық аймақтарында ерлердегі кездесетін сырқаттар бірдей дерлік. Ал, Атырау өңіріндегі ер-азаматтардағы ауруларды талдар болсақ, мұнда зәр жолдарына тас байлану сырқаттары көбірек тіркелуде, себебі мұндағы климат пен экология, яғни су, ауа, жоғары ылғалдылық сияқты атмосфералық факторлар да ерлердің ден-саулығына өзіндік әсерін тигі-зуде.
Ең бір қынжылтатын жайт, аталмыш проблемаларды ер адамдардың көпшілігі жасырады, не болмаса мойындамайды. Сондықтан қазақстандық медицина тәжірибесінде ер адамдар денсаулығын тегін тексеруге мүмкіндік беретін арнайы орталықтар әр облыстан ашылған еді. Алайда, Атырау облысында ашылған ерлер денсаулығын қарайтын бөлімнің жұмысы әзірге тоқтап тұр.
Уролог-андролог Қуат Болатұлы мұнайлы өңірдегі ер адамдар денсаулығы жылдан-жыл-ға нашарлап бара жатқандығын айтады. «Өзім қарайтын учаске бойынша айтар болсам, биыл Атырау қаласындағы №3 емханаға белсіздік ауруына әкелетін дертке шалдыққан 50 азамат тіркелген. Өзіңіз ойлаңыз, аталмыш емханаға 34 мың тұрғын қарайды. Соның ішінде 50-і ғана тізімде бар. Қалғандары қайда? Көбі дәрігердің маңына жуығысы келмейді. Қазақы менталитетімізге сай, белсіз-дікті ер адамдар әйелінен көреді. Бірақ, әйел дәрігерге барады. Азаматтарымыздың кемшілігі, кінә өзінен екенінен білсе де маманға жүгінбейді,- дейді Қ.Есекенов.
Сондай-ақ, урологиялық ауруға әкелетін тағы бір жайт – азаматтардың вахталық жұмыста жасауы. Фаст-фуд пен тәтті, газдандырылған сусындар ішу, отырып жұмыс жасау да қуық безіне қатысты ауруды туындатады. Республика бойынша Атырау облысындағы аталмыш дертке шалдыққандар саны орта көрсеткіште қалып отыр. Оның үстіне, аймақта ер адамдар қаралатын мамандар тапшы. Емханаларда кезекпен жасайтын санаулы уролог болса, оның кейбірі – әйел адамдар. Әйел урологке қаралуға азаматтар тағы да құлықсыз. Облыс бойынша, ауруханада ота жасайтын үш уролог маман ғана бар.
Нұргүл НАСЫР