Еркінқалалықтар ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға оттегі концентраторын сыйлады
Atr.kz/22 шілде, 2020 жыл. Ел басына күн туған шақта еркінқалалық жастар да қарап қалмады. Олар елге келген індетке тойтарыс беру үшін жұдырықша жұмылып, өз үлестерін қосуды жөн санаған.
Жастардың бастамасын ауылдың байырғы тұрғындары да қолдай кетті. Осылайша, санаулы күнде қомақты қаражат жинап, оттегі концентраторын сатып алды. Құны 680 мың тұратын «АРМЕД 8F-5L» маркалы оттегі концентраторын Еркінқала дәрігерлік амбулаториясына тарту етті.
-Жиынтықпен бірге оттегі жеткізетін бірнеше түтік (конюля), сүзгіштер бар. Бұл дем жетпей қиналған жағдайда өкпені жасанды тыныстандырып, науқастың өмірін құтқарып қалу үшін бірден-бір көмек, — дейді ақхалаттылар.
Бұған дейін Атырау облыстық каратэ-до федерациясы мен ауыл жастары амбулаторияда емделіп жатқан науқастар мен дәрігерлерге оттегі балондары, таза ауыз су мен медициналық маскалар берген еді. Жастар ауылдастарын сын сағатта қайырымдылық жасауға шақырып отыр.
Айта кетейік, бүгінде Еркінқала ауылдық округінде 13 мыңға тарта халық тұрады. Олар пандемия кезінде бас амандығы үшін ірі қара мал шалып, әлеуметтік әлсіз отбасыларға таратып берген еді. «Алда да жаһанды жайлаған қауіпті дерттің ауылын алыстату үшін барымызша үлес қосамыз» деп отыр.
«Atr-Ақпарат»