Еркінқалада жеке балабақша салынып жатыр
Еркінқала ауылдық округі әкімі Ерғали Тапанов тұрғындар алдында 2016 жылы атқарылған жұмыстары, 2017 жылға арналған міндеттер туралы баяндады. Округ аумағына Еркінқала, Ракуша ауылы, Сарыөзек учаскесі, Балауса, Еркінқала-2 шағынаудандары кіреді. Тұрғындар инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылған.
Округ басшысына өткен жылы жеке тұлғалардан 1225, заңды тұлғалардан 19 өтініш түскен. Жеке қабылдауға 60 азамат келген. «Барлық өтініштер бойынша сараптама жасалып, құжаттардың мезгілінде рәсімделуіне баса назар аударылды. 2016 жылы облыс, қала және округ әкіміне 41 ұжымдық арыз жазылып, қала әкімінің электрондық блогына төрт азамат хабарласты» деді есеп беруші.
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша бір кәсіпкер
монша құрылысын салуға 3 миллион теңге несие алды. Кәсіпкерлік саласында Сарыөзек аумағында орналасқан «Арай», «Меңдіғариева» шаруа қожалықтары жеміс ағаштарынан алғашқы өнімдерін алып, халыққа тиімді бағамен ұсынған.
«Ауылдық округке қарасты елді мекендерде балабақша жоқ. Жеке кәсіпкер Н.Иманбаевтың қаражатымен шаруашылықтың ескі кеңсе ғимаратына күрделі жөндеу жүруде. 140 орындық жекеменшік балабақша аяқталу сатысында» деп атап өтті ауыл басшысы.
Тұрғындарының көпшілігі қалаға қатынайтын №52 қоғамдық көлігінің жұмысына наразы. Жолақы жинаушылардың сөйлеу мәдениетінің төмендігі, мектеп оқушыларын аялдамадан алмай кету сияқты келеңсіз оқиғалардың жиі орын алып отырғанына назар аударуды сұрады.
Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен қойылған сауалдардың қай-қайсысын да орынды деп есептейді. Ескі клуб ғимаратының орнынан балалар саз мектебінің тұрғызылатынын, одан басқа да ойластырылған жоба-жоспарларды біртіндеп жүзеге асыру көзделіп отырғандығын хабарлады.
Абай Ақмұрзиев