Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Ерке Есілді жалғаған алып көпір

Астана – Шығыстан туған жарық жұлдыз, әлем шаһары. Батыс пен Шығыс түйіскен сайын дала төсінде бүгінде көпжақты саяси және экономикалық қарым-қатынас орнап, мәдени-әлеуметтік ынтымақтастық тоғыз жолдың торабында тоғысты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясынан туындаған баламасыз туынды, ел тәуелсіздігінің басты символына айналған айбыны асқақ Астананың жиырма жылдығына орай, Атырау Елордаға ерекше көпір сыйлады. Ерке Есіл өзенінің қос жағалауын бір-бірімен жалғап жатқан көпірдің ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты.

Ерке Есил

Алып көпірдің техникалық-пайдаланушылық сипаттамаларымен танысқан Қазақстан Президенті жаңа көпірдің Атырау облысының лайықты тартуы екендігін атап өтті.

«Көпір Елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет етеді. Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқан барлық өңірлерімізге алғыс айтуы тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек», — деді Мемлекет басшысы.

Ерке Есил2

Жаңа нысанды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көпірдің саябақ аймағындағы жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайтынын баяндады.

«Егер көпірге жоғарыдан қарайтын болсақ, оның пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көруге болады», — деді әкім. Яғни, көпір құрылысы заманауи талаптарға толықтай жауап береді.

Ерке Есил7

Көпірдің дизайны бойынша қазақстандық және кореялық сәулетшілер жұмыс істеді. Жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр болатын көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілер үшін үш метрлік жолақ, сондай-ақ, ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар. Салмағы 1920 тонна болатын көпірден бір мезетте 3000 адам еркін өте алады.

Ерке Есил3

«Атырау көпірінің» ашылу салтанатында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын велосипед көлігінің инфрақұрылым нысандарын таныстырды. Велосипед жолы Есіл өзенінің бойы мен сол жағалауы және ЕХРО кешенінің нысандары арқылы өтеді. Ол қалалық саябақтағы шаңғы және роликке арнал-ған жолдар мен Ильинка кентінен «жасыл белдеу» арқылы өтетін велосипед жолақтарын байланыстырады. Велотрек арнайы үстелдер, велосипед қоятын орындары бар, wi-fi және телефонды зарядтау мүмкіндігі қарастырылған «ақылды инфрақұрылыммен» жабдықталған.

Шара соңында ашық аспан астындағы амфитеатр сахнасында Н.Жантөрин Атырау облыстық филармониясының өнер ұжымы ұйымдастырған театрландырылған концерттік бағдарлама жұртшылық назарына ұсынылды.

Адам баласы жаратылысынан алдындағы кедергілерді аттап өтуді мақсат тұтқан. Ол – қанымызда бар қасиет. Әрине, ХХІ ғасырда өзен-көлдерді аттап өту әнебір жаңалықтай көрінбеуі мүмкін. Десе де, бай тарихы мен ерекше құрылысы бар Сингапурдегі әлемге әйгілі Хеликс көпірі, Швейцариядағы Сағатты көпір, Қытайдағы Ченъян яғни, «Жел мен Жаңбыр» көпірлерінің қатарын ендігі кезекте ерке Есілдің қос жағалауын жалғап жатқан «Атырау көпірінің» де толықтырып, әлем кереметтерінің  қатарынан аталарына сенім мол.

Ерке Есил Атырау Ерлан Омаров

Бейбіт МАМРАЕВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

Бірліктің  символы

– Ең алдымен, бұл көпір – Атыраудың Астанаға деген ерекше құрметі. Атыраудың өзі Жайық өзенінің жағалауында Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан қала. Осы детальді философиялық тұрғыда көркемдесек, Астанадағы көпір жақындықтың, бірліктің, тірліктің символы болмақ. Және сәулет өнерінің заманауи үлгісінде салынған көпір Астананың ескі бөлігі мен жаңа бөлігін жалғап жатыр. Жаяу жүргіншілерге арналған мұндай алып көпір әлемде некен-саяқ. Осындай тамаша үлгідегі сәулеттік нысан Францияда кездеседі. Қалай десек те, Елорданың көркін арттырып тұрған Атырау көпірінің талай тарихи оқиғалардың куәсіне айналары сөзсіз.

Әлия БЕКБАТЫРОВА, Астана қаласының тұрғыны:

Баламасы  жоқ  нысан

– Еңбек демалысымда шет елдерде көп қыдырамын. Бірақ, мұндай керемет сәулеттік кешенді бұрын-соңды әлемнің еш жерінен кездестірмеген екенмін. Атырау сыйлаған сәулеттік композиция Астанада бұрын-соңды болмаған, баламасы жоқ көпір болып отыр. Көпірдің ашылу салтанатын отбасымызбен бірге тамашаладық. Жиналған адам өте көп болды. Қарттар, ересектер, жастар, сәбилер барлығы мәз болып, суретке түсіп жатты. Сыртқы пішіні балықты елестететін көпірге енген уақытта алып киттің ішінде жүргендей әсерде боласыз. Сөз жоқ, Атырау сыйлаған бұл көпір талай жыл ел игілігіне қызмет ететін болады.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button