Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

«Еріктен» «Атырауға» дейінгі шежіре

Облыстың бас басылымының 95 жылдық мерейтойы тағылымды шаралармен есте қалды

????????????????????????????????????

Нұрлан  НОҒАЕВ,  Атырау облысының әкімі:

Қуатты идеологиялық құрал

Ақпарат құралдарының әрқайсысының өзіндік орны, жүрген жолы бар. Бастапқыда «Жұмыскер тілі», «Жем жұмысшылары», «Ленин жолы», «Социалды құрылыс», «Социалистік құрылысқа», «Социалистік құрылыс», «Коммунистік еңбек», тоқсаныншы жылдары ғана «Атырау» атауын иеленген газет тарихы өз алдына үлкен шежіре.

Қай кезеңде болмасын, баспасөз  қоғамда болып жатқан оқиға, өзгерістерді халыққа жеткізе отырып,  бұқараны құлағдар етуді көздеді. Және газет өз заманының идеологиялық құралы да бола білді.

Кезінде радио пайда болған уақытта пессимистер «Газет енді құриды, барлығы  ақпаратты радио арқылы естиді. Газетті оқудың қажеттілігі болмайды» деген еді. Кейін телевидение шықты. «Газет оқылмайды» деген болжам бұл кезде де айтылды. Интернет шықты. «Енді газет оқылмайды» деді. Бірақ, газет бәрібір оқылып жатыр. Бұл әр ақпарат құралының өзіндік сегменті, өзінің аудиториясы бар екендігін көрсетеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеті – өз аудиториясына мақала, репортаждарды тындырымды, қызықты, тартымды етіп  жеткізу. 95 жылдың ішінде, «Атырау» газеті осы деңгейден шыға білді.

Рас, қазіргі жаһандану дәуірінде газет шығарудың технологиясы өзгеруде. Әлеуметтанушылар «клепто ойлау»  ұғымының таралып бара жатқандығын алға тартуда. Яғни, ақпаратты  2-3 минуттың ішінде, тіпті 20-30 секундтың ішінде беріп үлгеру керек. Қазір жас буын осы тенденцияға бейімделіп алған. Осындай аралықта газет мұндай тенденциядан аулақ болып, мәселеге тереңінен үңілуге, талдау жасауға көбірек назар аударуы керек.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ, облыстық «Атырау»  газетінің бас редакторы:

Өркениет көшінің тоғысында

«Атырау» газетінің тұңғыш  нөмірі бұдан 95 жыл бұрын, яғни, 1923 жылдың 1 сәуірі күні «Ерік» деген атаумен жарық көрді. Газет 500 данамен оқырмандарға тегін таратылды. Қазақстанның батыс өлкесінде алғашқы ұлттық басылымның бірі ретінде бұқараның көзін ашып, көкірегіне сәуле түсіруге жұмыстанған «Ерік» алғашқы нөмірінен-ақ халықшыл басылым, қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған еркін мінбер бола білді. Кеңес Үкіметі кезінде газеттің атауы әлденеше рет өзгерді.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы «Социалистік құрылыс» жеңісті жақындатудағы атыраулықтардың тылдағы ерен еңбегін, жанкешті тірлігі мен майдандағы жауынгерлеріміздің қаһармандығы мен ерлігін тұрақты жариялап тұрды. Сонау соғыс жылдарының өзінде аптасына бес рет шығып, халық арасында «листовка» түрінде таратылған газетте рухы биік мақалалар көптеп жарияланды. Осынау сын сағатта газет қызметкерлері Ақантай Сарқұлов, Ғайса Ізтілеуов, Сабыр Батырбаев, Сибат Ғабдуллин, Мұқан Қанатов және басқа да газет қызметкерлері  қаламдарын қаруға алмастырып, майданға аттанды. Сол абзал ағаларымыз қанды қырғыннан оралмады.

Тарихы бай, өткен жолы өнегеден тұратын халықтық басылымға өз заманында Әбу Сәрсенбаев, Асқар Тоқмағамбетов, Сәбит Мұқанов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Берқайыр Аманшин мақала-өлеңдері мен әңгімелерін жолдап тұрған. Редакцияның журналистік ұстаханасынан Тауман Амандосов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Берік Қорқытов, Марат Ысқақов, Нұриден Мұфтахов сынды қазақтың белгілі ақын-жазушылары, публицистері  түлеп ұшты.

Бүгінде газетіміз зымыран уақыт талабынан табылып, өркениет көшінің бел ортасында келеді. Енді латын әліпбиіне көше бастады. Ғасырлық ғұмырына жуықтаған «Атыраудың» бұқарамен біте қайнасып, абыройы асқақтай беретініне бүгінгі буын – біз кепіл!  

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы:

Ұлт руханиятының жоқтаушысы

– Саясат пен экономиканы жазу және солардың ортасында сыналатын өзіміздің руханиятымызды жазу – оңай шаруа емес. Бұл – от пен судың ортасына түсіп, ұлттық мүддені ұмытпау деген сөз. Қашан да осынау мақсатты алға ұстап келе жатқан «Атырау» сынды газеттеріміз бізге тарихты жасап берді. «Атырау» газеті – егемендікке жол салып берген және тәуелсіздікке жеткізген баспасөз. Ахмет Байтұрсынов  айтқандай, «Газет – халықтың тілі, көзі һәм құлағы». Сондай-ақ, бұл сөзге қоса газет халықтың сана-сезімі, миы мен жүрегі дер едім. 95 жылдық тарихы бар осынау баспасөздің жолы бір басқа. Себебі, «Атырау» – қашан да халықтың сөзін сөйлеген басылым. Демек, газет ешқашан өлмейді, өшпейді. Ал, электронды сайттар «баспасөздің баласы» секілді болып қала береді.

«Атырау» газеті бүгінде мұнайлы өңірдің игіліктерін дүйім жұртқа паш етіп келеді. Бұл – киелі де қасиетті мекенде туып-өскен талай дүлдүлдердің шығармаларын алғаш жариялаған басылым. Бұл – Әбу, Жұмекен, Әбіш, Фаризалардың қанатын қатайтып, қаламын ұштаған газет. Үлгі тұтар ұстазым Зейнолла Қабдоловтың да шығармашылығы осы газетпен тығыз байланысты болды. Сондықтан, біз қашан да «Атырауға» бас иеміз. Республика көлеміндегі газеттерді саралап, «Қай облыста қандай газеттер шығады?» дегенде ең алдымен «Атыраудың» аты ерекше аталады.

Атырау облысы – тарихына тереңнен көз жіберіп, ұлыларына ескерткіш орната білген рухты өңір. Алдағы уақытта Әбу, Хамит, Қаршыға сынды қазақ руханиятының белгілі корифейлері мен батыр Исатай Тайманұлына ескерткіш орнатқалы жатқанын да осы басылым арқылы білдік. Осынау жаңалыққа ерекше қуандық. Елдің ұлыларын ұлықтау, ардақтыларын ардақтау сол жердің абыройын көтереді. Біз мұнайлы өңірдің бетпердесіне айналған «Атыраудың» әлі де жасай беретініне сенеміз.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары:

Сөздің де киесі бар

– Сөз – киелі ұғым. Оның құдіреттілігі мен қасиеті соншалық, сөз адамды биік шыңдарға шығарып, таудан төмен де құлдилата алады. Бұдан шығатын қорытынды біреу. Яғни, журналист болу әсте оңай емес. Рас, қазір интернет шыққаннан кейін, ондағы дүниелерді пайдаланып жаза беруге болатын болды. Бірақ, журналист өзінің жан-дүниесімен, өзінің талантымен көрген білгенін жазып, саралай алмаса, ол журналист емес.

Ғасырға жуық тарихы бар «Атырау» газеті өзінің 95 жылдығына ерекше жағдайда келді. Өйткені, облыстың төл айнасына Үкімет жағдай жасап отыр. «Атырау — Ақпарат» сынды  ғимарат көп аймақта жоқ. Соңғы кезде бірді-екілі өңірде ғана осындай нысан салынды. Бұл осы жердің басшылары өзінің қаламгерлеріне, журналистеріне үлкен қамқорлықпен қарайды, жағдай жасайды дегенді білдірсе керек.

Дәурен ҚУАТ, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:

Оқырмандық дәстүр таразысы

– Сөздің алдында жауапкершілік болуы керек.  Өйткені, газеттің сөзі, стилі басқа болып келеді. Бұл жерде үлкен міндеттеме жүктеледі. Себебі, тасқа басылған сөз ғасырларға жалғанады. Ол жерде қате кетпей, мәдениетті сөз болу керек.  Әр сөйлемнің мағынасы, яғни, оқырманды тақырыптан бастап еліктіру қажет. Мақала оқылымды болмаса, оқырман газетті кейінге ысырып қоя салады.

Бүгінгі заманда дәстүрлі баспасөз, радио, телевидение,  интернет сайттар бар. Бірақ, түптеп келгенде оның барлығы газеттен бастау алады. Рас, бүгінде  интернет сайттар, әлеуметтік желілер «газетке шектеу қояды, газеттің болашағын осымен тәмамдайды» деген сияқты көзқарастар бар. Өз басым бұқаралық ақпарат құралдарын бір-біріне қарсы қойғым келмейді. Керісінше, бірін-бірі толықтыратын, бірін-бірі дамытатын, бірін-бірі сүйеніп, жетелейтін осындай бір құбылыс болса деймін.

Бүгінгі қазақ газеттерінің бастауында жүрген  қай газет болмасын, ұлттың сөзін сөйлеп келді. Тек қана халыққа қолдау көрсетті. Қарап отырсақ, қазақ газеттерінің қазақ халқының алдындағы еңбегі ұшан-теңіз екен. Енді сол газеттеріміздің қазіргі заманда таралымы аза-йып барады. Оқырмандық дәстүр  қалып бара жатыр. Қазақ газеттерін алғаш шығарған кезде Ахмет Байтұрсыновтың  жазған мақаласы бар екен. «Ресейде 2173 газет-журнал жарық көрген. Солардың арасында  қазақ ағайындардың да газеттері бар. Қазақ газеті шыққанда адамдар бір жылға 3 рубльге, жарты жылға 1 рубль 70 тиынға жазылған». Енді осы цифрларды қазіргі ақшамен есептегенде, 10 мың теңгенің үстіне шығып кетеді екен. Міне, осыдан-ақ қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдың басында газетке құрметпен жазылғандығын байқауға болады.  Нәтижесінде, қазақ газеті үш мың тиражбен басталып, сегіз мыңға  дейін жеткен екен.

Қазіргі таңда біздің газеттеріміздің жағдайы жақсы. Мемлекет қолдап отыр. Оқырмандарымыздың көзі ашық, сауатты десек те, таралым азайып кетті. Бұл жерде редакция ғана емес, оқырманның өзінен де кінә іздеу қажет. Әр адамда «Мен неге осы газетті өзім қарап, оқымаймын?» деген ой қалыптасса деймін.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

Тұғыры бар ақиқат керек

Қазіргі тәуелсіздік дәуірінде біз ақпарат тасқыны жағдайында өмір сүрудеміз. Ақпарат айдынына интернеттің енуі –  үлкен революциялық жаңалық. Әрине, дәстүрлі медианың арасында интернетті мойынсұнбау психологиясы бар. Десе де, интернеттің қазақ журналистикасына берері мол. Сарапшылар «газетті өлтіреді» деген интернет, сайып келгенде, газетке өмір беріп жатыр» дегенді айтуда. Бұл сөздің үлкен мәні бар. Қарап отырсақ, қазір әлемдік ақпарат кеңістігін жалған, фейк жаңалықтар жаулап алды. Осының салдарынан жұрт интернеттен, әлеуметтік желілерден шаршап, шындық іздей бастады. Демек, біріншіден, халыққа нақты дәлелденген, артында тұғыры бар ақиқат керек. Менің ойымша, бұл – журналистерге таптырмайтын мүмкіндік.

Десе де, қазақ газеттері қалыңдауы керек. Қарасаңыз, газеттердің көпшілігі тоқсаныншы жылдары қалай шыққан болса, әлі де сол күйі басылып жатыр. Меніңше, бұл жеткіліксіз. Мысалы, республикалық деңгейдегі қазақ газеттерінің бір апталық материалдары Түркияның бір күндік газетінің ішіне сыйып кетеді. Әйгілі «Нью-Йорк таймс» сынды алып газеттер қазір  90-100 бет болып шығып жатыр. Менің ойымша, газеттің ішінде оқырманға қажетті сан алуан ақпарат және шынайы журналистикамен жазылған материалдар керек.

 «Біз аудиторияны кім қалыптастырып отыр?» деген мәселені де білмейміз. Оқырманның жынысы, жасынан бөлек, болмысы, ұмтылысы, арманы, қиялы деген мәселеге назар аудармай жүрміз. Газеттің болашағы сол басылымның өзінің аудиториясын тануына тікелей байланысты. Және журналистика шын мәніндегі журналистикаға қайта оралуы керек. Жұртпен араласу, елдің ішінде болу, ауыл-аймақтарды айлап аралау деген сынды бұрынғы үрдіс қайта келуі қажет.

Төлеген ЖАҢАБАЙ, ардагер журналист:

Іргелі ізденіс байқалады

– Газеттің бүгіні қандай? Ол жатқан көл-көсір әңгіме. Бәрі бір шап-шағын баянға сияр ма, сірә?!

Газетіміз 1963 жылы «Коммунистік еңбек», 1990 жылы «Атырау» атауларын алып, өткен жолдың тәжірибесін шебер пайдалана отырып және іргелі ізденіс үстінде өрлеу, өсу жолына түсті. Очерк, эссе, фельетон, репортаж, корреспонденция және басқа да жанр түрлері көбейді. Жаңа айдарлар, арнайы беттер, жаңа қосымшалар дер кезінде заман талабынан туындаған еді. «Жанұя жарастығы», «Жапанға біткен бәйтерек», «Картада бір ауыл бар» конкурстары, «Қайдасың, бұрынғының бұрымдысы?», «Мерейлі отбасы»,  байқаулары, «Нарын ең ырысыңды аямайтын, Кез келді-ау енді өзіңді аялайтын» тәрізді ауылдық жерлерде өткізілген «дөңгелек үстел» басындағы кездесулер оқырмандармен жүздесудің ұтымды жолдары болды.

«Журналистік зерделеу», «Тылсым», «Сараптама», «Тарих тағылымдары», «Тікелей желі», «Әдеби мұра», «Көкейкесті», «Жедел сөз», «Сырқайнар», «Рухани жаңғыру» және басқа айдарлар мен арнайы беттер, «Талбесік», «Жандауа», «Әділет әлемі» атты қосымшалардың өзіндік көтерер салмақтары ауқымды. «Газет ішіндегі газетті» жұртшылық бе-ріле оқитын болып алды. 

Газет  өз атауының шекесіне «Құрмет белгісі» орденін тақты. Бүкілодақтық, республикалық сыйлықтардың талайын иемденді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button