Ерекше балаларға ерекше көмек

1618114210 komek Жаңалықтар

Бүгінде облыстағы мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 3 мыңнан асады. Олардың 800-ге жуығы ДЦП дертімен, 200-ге жуығы эпилепсия ауруымен ауырады.

2020 жылы Тұңғыш Президент-Елбасының «Қамқорлық» қорының бастамасымен Атырау облыстық балалар ауруханасы базасында 50 төсектік балаларды оңалту орталығы ашылған болатын. Биыл осы орталықтағы тәуліктік стационарда тірекқимыл бұзылыстары және жүйке жүйесінің аурулары бар 160 бала оңалтудан өтіпті. Күндізгі стационарда 155 балаға көмек көрсетілген. «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы «Отбасы, әйелдер және балалар құқықтарын қорғау» аймақтық қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысында осындай мәліметтер айтылды.

Облыстық мәслихат депутаты Айжан Қарабаева төрағалық еткен жиында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтарының санын көбейту, балаларды әлеуметтік қорғау мәселелері де талқыға салынды. Жиында көтерілген мәселелер төңірегінде өз ойларын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаев, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Кудаманова, білім беру басқармасының бас маманы Анар Каюпова, Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзәгүл Жалмурзиевалар айтты.

Облыста ауыр асфиксия жағдайында немесе шала туған нәрестелерге арналған 50 төсектік оңалту орталығы 2014 жылы облыстық перинаталдық орталығының базасында ашылған. Сол уақыттан бері бұл орталықта ай сайын 60 нәресте ем-дом қабылдайды екен. Сонымен қатар, облысымызда жалпы білім беретін мектептерде ерекше білімді қажет ететін балалар үшін Үкіметтік емес ұйымдардың бастамасымен 7 инклюзивті қолдау кабинеті (қамтылған бала саны – 49) және 52 арнайы педагог штаты ашылған. Ал, ерекше білімді қажет ететін балалардың саны 6653-ті құрап отыр. Олардың 4331-і мектеп жасындағылар болса, 2322-і – мектепке дейінгі жастағылар. Жиын барысында сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға көмек көрсету үшін жасақталған «111 шұғыл қызметі» байланыс жүйесін қолданысқа қосу жайы жан-жақты талқыланды.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз