Атыраулық дәрігерлер ит талаған сәбидің жағдайын айтты

Қоғам

Атырауда ит талаған екі жасар бала облыстық балалар ауруханасында ем алып жатыр.

Атырау қаласына қарасты Жұлдыз ықшам ауданынан 2018 жылы туған баланы ит талаған. Сол бойда сәби ауруханаға жеткізілген болатын.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта баланың  жағдайы қалыпты.

18 қараша күні сағат 16.00-де 2 жасар бала Атырау облыстық балалар ауруханасының жарақат бөліміне әкелінген. Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігер-травматологы Жақсылық Мағзомовтың айтуынша, баланың жарақаты орташа жағдайда. 

«Сәрсенбі күні бала ауруханаға жеткізілген бойда жарақат бөлімінде алғашқы көмек көрсетілді. Тістелген жараларға хирургиялық өңдеу жасалды.

Баланың басы мен қолына орташа деңгейде зақым келген. Жаралары таңылып, ем берілуде. Бала қазір травматология бөлімінде анасымен бірге жатыр» деді Жақсылық Мағзомов.

Atr.kz

Фото – иллюстратив

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз