Жарнама
ЖаңалықтарФОТОГАЛЕРЕЯҚоғам

Ерекше балалар орталығындағы бір күн (+ФОТО)

Atr.kz/2 қараша, 2020 жыл. Сағыныш Нәсіпқали – 9 жаста. Ол мектепке барады, құрдастарымен сөйлеседі, кез-келген бала сияқты өзінің хоббиі бар: сурет салып, музыка тыңдағанды, пазлдарды жинағанды ұнатады. Оны мектепте және үйде бақылай отырып, Сағыныш – «ерекше» бала деп ешкім ойламайды.

         Кішкентай кезінде ата-анасы баланың өзгелер сияқты емес екенін байқады: сөйлеу проблемалары болды, ол даму жағынан өз құрдастарынан артта еді. Осының бәрін көрген ата-анасы дәрігерлерге жүгінді. Тексеруден кейін дәрігерлер оған аутизм диагнозын қойды.

         Бірақ қыздың ата-анасының еңсесі түспеді, керісінше аутизм туралы ақпаратты зерттей бастады, материалдар іздеп, арнайы әдебиеттермен танысты. Олар өз балаларына қалай көмектесуге болатынын түсінгілері келді.

«Біздің қызымыз балабақшаға барды, содан кейін ол мектепке баруы керек еді, бірақ біз оның білім алуда белгілі бір кедергілерге тап болғанын байқай бастадық. Сыныптастары біздің ерекше қызымызды қалай қабылдайтыны және оған барлығымен тең дәрежеде білім алуға қалай көмектесу керектігі туралы уайымдадық», — дейді Сағыныштың анасы Арайлым Бағытжанқызы.

         Сол кезде Арайлым «Инклюзия Болашак Атырау» Қоғамдық бірлестігін, кейін дамуында кедергілерін бар балалар айналыса алатын инклюзивті қолдау сыныбын құру туралы идея келді. Мұндай сыныптар Қазақстанда бар және оларға баратын балаларға үлкен көмегін тигізуде. Бірақ мәселе мынада, олардың саны аз, ал оқуға ерекше көзқарасты қажет ететін балалар саны артып келеді.

          Нақты бағытты анықтай отырып, Арайлым Бағытжанқызы осындай сыныптардың мысалдары мен модельдерін егжей-тегжейлі зерттей бастады — онда қандай мамандар жұмыс істеуі керек, оқу кезінде қандай әдістемелік құралдар мен жабдықтар пайдаланылады, мұндай мекемелер қандай стандарттар бойынша жұмыс істейді.

«Мен өзім мұғалім мамандығын бітіргенмін, сондықтан маған бұл процесті түсіну оңай болды. Мен мамандандыруға назар аудардым, өйткені қызым сияқты балаларға нақты көмек көрсеткім келді», — дейді ол.

         3 жыл бұрын Сағыныш анасы Арайлымның күш-жігерінің арқасында ерекше қажеттіліктері бар балалармен бірге алғаш рет М. Мөңкеұлы атындағы №6 мектепте инклюзивті сынып табалдырығын аттады. Мұнда балалар тьютордың жетекшілігімен сыныпта оқуға және қосымша дамуға мүмкіндік алды. Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін бұл үлкен қуаныш болды.

         Біраз уақыттан соң Атырау қаласының №3 мектеп-гимназиясы мен №24 орта мектебінде де осындай сыныптар ашылды. Бүгінгі таңда осы мектептердің әрқайсысында 10 «ерекше» бала нормотиптік балалармен қатар арнайы маманның сүйемелдеуімен оқиды.

         Бірақ «ерекше» баланың анасы бұл нәтижемен тоқтап қалмауға шешім қабылдады. Коммерциялық емес ұйымды дамыту, сабақтарды қолдау үшін қаражат іздеу қажет болды. Сол кезде Арайлым Бағытжанова әлеуметтік кәсіпкерлікті зерттей бастады. Ол білім мен тәжірибе жинақтай отырып, түрлі ұйымдарда оқи бастады, ал 2019 жылы «Әрекет» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған гранттар байқауы туралы естіп, оған қатысуға шешім қабылдады.

         «Мен өзіме жаңа мүмкіндіктер ашқым келді. Ешқашан оқудан шаршамаймын және қандай да бір мәселеде өз құзыретімді арттыру мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысамын. Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы білген соң: «неге айналыспасқа?» деген сұрақ пайда болды да қатысуға шешім қабылдадым. Берілген 290 өтінімнің ішінен 25 ұйым грант алды және біздің ұйым солардың қатарында болды», — дейді «Инклюзия Болашак Атырау» ҚБ басшысы.

         «Әрекет» жобасы — бұл тек гранттар байқауы ғана емес. Бұл бастаушы әлеуметтік кәсіпкерлер үшін нағыз инкубатор. Комиссия іріктеуінен өткен қатысушылар қарқынды оқудан өтеді, оған әлеуметтік кәсіпкерлік, бизнес, қаржы, маркетинг және PR сарапшыларының тренингтері мен вебинарлары кіреді.

Оқудан кейін коммерциялық емес ұйымдар өз жобаларын жеңімпаздарды анықтайтын қазылар алқасына ұсынады.

         «Мен үшін «Әрекетке» қатысу жаңа мүмкіндіктер мен дамуға түрткі болды. Мен өз жобамды күшейттім, оның жұмыс механизмдерін жақсарттым, жұмыста қандай олқылықтар бар екенін түсіндім. «Samruk-Kazyna Trust» Қорына біздің бастамамызды қолдағаны үшін өте ризамын, Қазақстанда ерекше балалардың дамуына ерекше назар аударылуы тиіс деп санаймын», — дейді Арайлым.

         Нәтижесінде Атырау қаласында психикалық және сөйлеу қабілеті бұзылған, аутизм, паралич, Даун синдромы бар балалардың кешенді дамуына арналған «Зейін Атырау» бірегей балаларды дамыту орталығы ашылды. Орталықта АВА-терапевт, логопед-дефектолог, ЕДШ сияқты мамандар қызмет көрсетеді. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды арт-терапия, музыкалық терапия, ойын терапиясы, ертегі терапиясы арқылы дамыту көзделеді.

«Мен орталыққа келген әр ата-ананың қажеттіліктерін жақсы білемін. Сондықтан біздің орталықта бүгінгі таңда ай сайын 30-ға жуық ерекше бала дамып, жақсы нәтижелер көрсетуде. Басты мақсат — ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, зейінді, ойлауды, сөйлеуді дамыту. Біз үшін риза ата-анадан артық бақыт жоқ», — дейді Арайлым Бағытжанқызы.

Диагнозы психо-сөйлеу дамуының кешігуі және аутизм диагнозы қойылған Мадиярдың анасы өзінің әсерімен бөлісті:

«Басында менің ұлым Мадияр сөйлей алмайтын, көзге тура қарай алмайтын, тек «өз әлеміндеә жүретін. Біз «Зейін Атырау» даму орталығына барғаннан кейін 10 ай өткен соң бала сөйлей бастады. Біз үшін бұл үлкен жетістік. Сонымен қатар, мұнда ерекше балалардың ата-аналарына ерекше көңіл бөлінеді, мамандар балаға үйде көмек көрсетуге көмектесетін ұсыныстармен бөліседі», — дейді ол.

         Бұл көптен бір ғана мысал. Ата-аналармен және басқа балалармен сөйлесуді, қарым-қатынас құруды үйренген әр бала — бұл орталық мамандарының күш-жігерінің нәтижесі және, әрине, үздіксіз жұмыс және аналар мен әкелердің сенімі.

Ал Сағыныш Бағытжанова қазір 2-сыныпта оқиды, нормотиптік балалармен тең дәрежеде және өзінің туған-туыстарын жетістіктерімен қуантады. Яғни, ерекше қажеттіліктері бар бала қоғамға бейімделіп, интеграциялануы мүмкін, ол үшін мамандармен бірге дұрыс бағытта жұмыс жасау керек.

         Бүгінде «Инклюзия Болашак Атырау» ҚБ «Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығының қызметін кеңейтуде. Орталық «ерекше» балалармен қашықтықтан жұмыс істеуге көшті және жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.

Сондай-ақ, жаңа оқу жылында қоғамдық бірлестік Атырау облысының шалғай аудандарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін жағдай жасауға кірісті. Индер ауданында инклюзивті қолдау класы ашылды. Кейіннен басқа аудандарда инклюзивті қолдау сыныптарын ашу жоспарлануда.

«Atr-Ақпарат»

whatsapp image 2020 09 21 at 10.31.55
whatsapp image 2020 09 21 at 10.30.58
whatsapp image 2020 09 21 at 10.25.13
whatsapp image 2020 09 21 at 10.32.39
whatsapp image 2020 09 21 at 10.25.48
whatsapp image 2020 09 21 at 10.30.02
whatsapp image 2020 09 21 at 10.30.42

Related Articles

One Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button