ЭНЕРГИЯ ҮНЕМДЕГІШ ШАМДАР

тұтынушыға тиімді, пайдалануға төзімді

Қазіргі таңда бүкіл ел көлемінде күн тәртібінде тұрған маңызды да өзекті мәселелердің бірі – энергияның көлемін мейлінше азайту, оны үнемді де ұқыпты пайдаланудың оңтайлы тәсілдеріне көшу.

Сәрсенбіде облыстық әкімдік ғимаратында ұйымдастырылған кезекті семинар да негізінен осы тақырыпқа арналды. Шараны Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Әңгімені Астана қаласынан келген «МКА Жарық» ЖШС-нің атқарушы директоры Қанат Дәулетбек бастады.

 

– Бүгінгі басқосуымызға арқау еткелі отырған энергияны, яғни электр қуатын үнемдегіш көше шамдары жөнінде сөз қозғағанда әуелі осы сыртқы жарықтандырудың автоматтандырылған басқару мен бақылау жүйесі жайында айтқанымыз дұрыс. Бірден нақтылай кетсем, бұл жүйе көшелерге жарық беріп тұрған шамдарға шығындалатын энергияны 30-40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Егер де кең ауқымда алатын болсақ, тек өткен жылдың өзінде осындай жүйе көршілес Ресей Федерациясы, ТМД елдерінің 50-ге тарта қаласында енгізілген. Тарқатып айтсақ, бұл дегеніңіз 2850 елді мекен,  оларды мекендеген 11 млн. 350 мың тұрғын, жалпы ұзындығы 20520 шақырым сыртқы жарықтандыру желісі, қуаттылығы 177840 кВт-ты құрайтын 684 мың дана шам, электронды жіберіп-реттеу аппаратына қосылған 65000 интеллектуальды шырақ шам, нәтижесінде 25 млн. кВт көлемінде үнемделген электр қуаты деген сөз. Мұндай мүмкіндікке ие болғандардың қатарында  Қазақстан Республикасының бас шаһары Астанадан бастап Қостанай, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Орал қалалары да бар екендігін айтып кеткеніміз артық емес.

Ойындағысын осылай өрбіткен астаналық мейман мұндай игілікті істе өзі жасайтын «МКА Жарық» ЖШС мен «Қазтелекон» деп аталатын мердігер компанияның да үлес-салмағы барлығын баяндай келіп, жоғарыда айтылып кеткендей, бір орталықтан басқарылып, бақыланатын көше шамдарының, тұтастай алғандағы жаңа жүйенің экономикалық тиімділігі мен артықшылықтарына тоқталды. Аз қуатпен көп үнем жасауға мүмкіндік беретін осынау заманауи құрылғы-жабдықтардың қажетті шикізаттары сырттан әкелінгенімен, шамдар мен шамшырақтардың, олармен бірге орнатылатын электронды жіберіп-реттеу аппаратының, т.б. тетіктерінің өз елімізде, Қостанай қаласындағы мамандандырылған зауытта құрастырылып шығарыла бастағандығын жеткізді. Сайып келгенде, бұның өзі энергияны мейлінше үнемдеп, шығындарды азайтуға, көрсетілетін қызметтің (сатылатын тауардың) өзіндік құнын төмендетіп, тұтыну нарқын немесе бәсін бәсеңдетуге мүмкіндік беретіндігін меңзеді. Сөйтіп, электр қуатының тәуліктің түрлі мезгіліне қарай тиімді пайдаланылып, елеулі дәрежеде үнемделуіне жол ашады.

Әріптесінің айтқандарын әрмен қарай көшелерді жарықтандыру жұмыстарымен айналысып жүрген жергілікті компанияның өкілі, Атыраудағы «НеоИнтелКомп» ЖШС-нің директоры Юрий Николаевич Климов толықтырды. «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, бұны Атырау қаласында  эксперимент ретінде байқап көрудің мүмкіндігі де жоқ емес.

Айтылған әңгіменің түйіні де, семинарға қатысушылардың ой-пікір, ұсыныстары да осындай ойға тіреліп, бір арнаға тоғысты.

Дәулетқали АРУЕВ,

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз