Энергетиктер мерейін өсірген сәт
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Энергетик күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
– Биылғы басты ерекшелік, кәсіби мереке Атырау жылу-электр орталығының құрылғанына 55 жыл толуы мерейтойымен тұспа-тұс келуі болып отыр, — деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы. – Осынау жарты ғасырдан астам уақыт бедерінде аймақтың энергетика саласы көптеген түбегейлі реформалар мен өзгерістерді өткерді. Электр энергиясы мен жылу қуатын өндіруден бастап оны тарату, тұтынушыға жеткізу және сату қызметтерімен айналысатын кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Өндіріске заманауи техникалар қолданылып, жаңа технологиялар енгізілді. Инвестициялық бағдарламалар қабылданып, соның нәтижесінде олардың жағдайы жақсарып, қызмет көрсету сапасы мен тиімділігі артты, рентабельді жұмыс істеу режиміне көшті. Энергия тасымалдау және жылу жеткізу желілері мен құбырлары, қондырғы-құрылғылар жаңғыртылды. Әсіресе, «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамы бойынша бірнеше кезеңнен тұратын реконструкциялау жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы бірнеше есеге ұлғайды.
Шарада сала мамандарының бір тобы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сала үздіктеріне Энергетика министрлігі мен Қазақстан электр-энергетикалық қауымдастығының «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілері және Құрмет грамоталары табыс етілді. Сонымен бірге, кәсіби мереке иелерін облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин, Атырау энергетика кешенінің басшысы Оразғали Қаршегенов құттықтап, марапаттар тапсырды.
Дәулетқали АРУЕВ