Энергетика министрі Қ.Бозымбаев мұнайшыларға үндеу айтты
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев кезекті рет еліміздегі бензин нарығындағы жағдайға түсініктеме берді,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үш күннен кейін Павлодар мұнай өңдеу зауыты іске қосылады. Менің ойымша, қазақстандық бензиннің өткізілуі есебінен баға жағдайы қалпына келетін болады. Қазанның соңына қарай баға бойынша айтып береміз»,-деді министр.
Осы орайда ол қазан айында елімізде АИ-92 бензинінің 40 пайыздан астамы ресейлік өнімге тиесілі екенін еске салып өтті. Ал бензиннің бұл маркасы Ресейде қымбаттау.
«Сондықтан ол біздегі орташа бағаға әсер етті. Қараша айында ресейлік бензиннің үлесі төмендейді деген ойдамыз»,-деді Қ.Бозымбаев.
Сонымен қатар ҚР Энергетика министрі қазақстандық мұнайшыларға өзінің үндеуін жеткізді.
«Енді бензиннің басым бөлігі қазақстандық үлеске тиесілі болады. Қарашада біз мұнайшылармен жақсы жұмыс істеуіміз керек, яғни олар мұнай өңдеуші зауыттармен бірге өздерінің тәбетін басуы қажет»,-деді салалық ведомства басшысы.
Айқара Ғұмар
Фото sputniknews.kz сайтынан алынған