Енді құжаттар үш күнде дайын болады
Адамның жеке басына қатысты құжаттарды дайындау мерзімін қысқарту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, туу туралы куәлікті енді 3 сағат ішінде алуға болады. Одан басқа, халыққа көрсетілетін қызметтер де өзара біріктірілмек. Бұл туралы жетінші мәрте шақырылған Атырау қалалық мәслихатының кезектен тыс ХVІ сессиясында айтылды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің басшысы Тұрлан Нұржановтың айтуынша, биыл бұл бағытта барлығы 951 587 қызмет көрсетілсе, соның 70 пайызы электронды түрде жүзеге асқан.
«Биыл қызметкерлердің кәсіби біліктілігін шыңдау жұмыстары жолға қойылды. Тағы бір жаңалық, композиттік қызмет түрі қолға алынды. Бұл көптеген қызметті өзара біріктіруге мүмкіндік туғызады. Осы бағытта «Елді мекендерде жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау және бекіту» қызметі пайда болды. Перинаталдық орталықтар мен перзентханаларда жер учаскесін сәйкестендіру құжатын дайындау мен әділет органдарында тіркеу қызметі біріктірілді. «Қайтыс болуын тіркеу» мен «жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау» қызметтері де солай. «Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы апостилі бар анықтаманы беру мен прокуратура, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» қызметі де оңтайландырылды. Азаматтық хал актілері, баланың туылуы, қайтыс болу, неке бұзуды тіркеу жұмыстары да енді үш сағат ішінде бітуі тиіс»,-дейді Т.Нұржанов.
Сондай-ақ, сессияға қатысқан халық қалаулылары Қадір Жүсіп, Ғарифолла Шәңгереев, Мәнсия Бабашева, Асау Ибрашев, Равиль Шырдабаевтарға «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағын беру жөніндегі ұсынысты бірауыздан қолдады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ