Енді шұлық та өзімізден шығады
Ерінбей ізденіп, талпыныс танытып, адал еңбектенген адамға нәсібін табар кәсіптің де түрі көп. Сондай кәсіп иелерінің бірі – Исатай ауданының Хамит Ерғалиев ауылында тұратын Шынар Шамаева. Бүгінде «Оразбек» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі болып табылатын ол отбасымен бірге өңірімізде тұңғыш рет «Шұлық өндірісі» жобасын жүзеге асыруға бел буыпты.
Шынар жұбайы Анарбекпен бірге өзінің жеке ісін ашып, бизнеспен шұғылдануды мақсат қылады. Әрине, бастапқыда ойлары сан-саққа жүгіріп, қапелімде бір байламға келе алмаған ерлі-зайыптылар бірінде шаштараз, екіншісінде шағын наубайхана, үшіншісінде дүкен ашпақшы болады.
Әйтсе де, мұндай қызмет көрсету нысандарының бұған дейін де бірнешеуі жұмыс жасап тұрғандықтан, бұдан келер пайда мен тиімділігінің төмендігін таразылаған ауыл кәсіпкері ақырында белгілі бір өндіріспен айналысуды қолайлы көрді. Таңдау шұлық өндірісіне келіп тірелді. Ол үшін алдымен сауда орындарында сатылатын тауардың нарқы мен өтімділігін зерттеп, зерделеді. Өз идеяларын бизнес-жоспарында атап көрсетті. Нәтижесінде аудандық кәсіпкерлер палатасы тарапынан қолдау тапқан тың жоба иесі мемлекеттік грант алу мақсатында конкурсқа қатысып, бағын сынауға бекінді. Жаңашыл жобалары толықтай мақұлданып, конкурстың екі кезеңінен де сүрінбей өткен Шынар мен Анарбек өткен жылдың тамыз айында 3 млн. теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
— Қаражат еншімізге тигесін қарап отырмай, қарекет қылуға тырыстық. Бірінші кезекте шағын өндірісімізді жайғастыратын орнымызды сайлап, қажетті құрылғы-жабдықтарды сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізуге кірістік. Бізге Қытай, Корея және Италия елдерінде жасалынған технологиялар ұсынылды. Мәскеу қаласына барып, мұндағы шұлық шығаратын фабриканың жұмысымен егжей-тегжейлі таныстық. Қорытындысында итальяндық жабдықтарға тоқталдық. Былтырғы қараша айында оларды әкеліп, орнатып та қойдық.
Алайда, шикізат мәселесінде күтпеген қиындықтарға тап келдік. Бұрын-соңды бейтаныс іс болғандықтан жұмысымызды шағын көлемнен бастаймыз деп ойлағанбыз. Сөйтсек, өзбек әріптестеріміздің қойған шарты (жөнелтілетін шикізаттың бір партиясының салмағы 20 тоннадан кем болмауы тиіс екен) қиынға соқты. Есептеп қарағанда, бұл дегеніңіз 16 млн. теңге ақшаны құрайды. Бұндай мүмкіндіктің жоқтығын бағамдаған жергілікті кәсіпкерлер палатасының мамандары әріптестеріне сәл күте тұруға кеңес берді. Көп кешікпей елімізде жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы іске асырылатынын, онда кәсібін жаңадан ашқан азаматтарға 18 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру жайы қарастырылғанын айтты. Енді міне, соның орайын күтіп отырмыз, — дейді Шынар Болатқызы.
Қазірдің өзінде болашақ шұлық тоқу цехының қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін барлық инженерлік-коммуникациялық жүйелер жүргізілген. Таяуда ғана кернеулігі 220-дан 380 вольтке дейінгі электр желісі тартылған. Бұлардың қолға алған ісін дамытуына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын естіп қуандық. Энергетиктердің пайымдауынша, мұндай өндіріс ошақтарына күннің екінші жартысында және түн мезгілінде жұмыс істеген ұтымды көрінеді. Өйткені, дәл осы уақыт аралығында тұтынылған энергияға жеңілдетілген тарифтер қолданылады.
Келешекте цехта өндірілетін шұлықтың бір жұбының бағасы 150-200 теңге аралығында белгіленсе, саттыққа соңғысымен шығару көзделген.
Бір мәлім болғаны, алғашында мұнда ерлерге арналған шұлықтар ғана шығарылады. Біртіндеп ассортименттің аясын кеңейту жоспарланған. Әзірге орнатылғаны бір ғана жабдық, келешекте және біреуі сатып алынады. Қуаттылығына келсек, жаңа цех айына 1,5-2 мың жұпқа дейін шұлық шығаруға қауқарлы. Уақыт өте келе бұл көрсеткіш 5 мыңға дейін көбейтіледі. Қазақстанда жасалатын отандық өнімді Атырау қаласы мен аудан орталықтарында өтетін жәрмеңкелерде сатып өткізу, сондай-ақ, әскери бөлімдер мен өзге де мекемелердің тапсырыстарын орындау үшін мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу ойластырылған.
Дәулетқали АРУЕВ.
Исатай ауданы.