ЕНДІ МҰҒАЛІМДЕР ДЕ СЫНАҚТАН ӨТЕДІ

«Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы Атырау коммуникациялар қызметінде облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.

 

Биылғы оқу жылының басты ерекшеліктеріне тоқтала отырып, балабақшадан бастап, орта мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шәкірттер жөнінде кеңінен мәлімет берді.

Қазан айының бірінші жексенбісі дәстүрлі түрде Мұғалім күні болып аталып өтетінін барша жұрт жақсы біледі. Осыған орай ұйымдастырылып отырған облыс педагогтарының «Нұрлы болашақ» атты форумының мәні мен маңызына тоқталып өтті.

Сонымен қатар, облыстың білім беру саласының қызметін көрсететін ҰБТ-ға ерекше назар аударылды. Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша мектептерде осынау сынға дайындық басталып та кетіпті. Әсіресе, математика пәнінен кемшін кеткен тұстар жете сараланбақ. Енді оқушылар 5-сыныптан бастап тест тапсырады. Сол кезде әр оқушының оқу бағдарламасын игеру деңгейі көрініп отыратын болады. Осыған сай оқушылар топқа бөлініп, ай сайын сыныптық бағдарламалар бойынша емтихан тапсырып отырмақ. Мәселен, қыркүйекте 5-сыныптың, қазанда 6-сыныптың материалын тапсырмақ.

Бір айта кетерлігі, байқау сынағын облыстық білім беру басқармасының мамандары өздері алады және сол кезде шәкірттерімен бірге пән мұғалімдеріне де сұрақтар беріліп, сынақ алынбақ. Осылайша, облыста оқушы білімінің сапасын көтеру қолға дұрыстап алынбақ.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз