Енді еліміздің бюджет қаржысы қайда және қалай жұмсалатынын қоғам онлайн біліп отыратын болады
Atr.kz/17 тамыз, 2020 жыл. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мемлекеттік мекемелер бюджетінің жұмсалуын онлайн режимде қоғамдық бақылауға мүмкіндік беретін жобамен танысты.
ҚазАқпарат бұл туралы агенттіктің Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Е.Тоғжанов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қалалық департаментіне барып, «Antikor ortalygy» қызметімен танысты.
Орталықтың қызметі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қоғаммен өзара әрекеттесуіне және халықпен тиімді кері байланысты қамтамасыз етуге арналған алаң ретінде құрылған. Делегация департаменттің қабырғалары әйнектен жасалған кабинеттерін аралап, мұндай амалдар транспаренттілік пен сенімділіктің қолайлы жағдайын тудыратынына назар аударды.
Шара барысында «Астана – Адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар таныстырылды. Оның негізгі мақсаты – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қолайлы жағдай жасау және қоғамдық бақылау құралдарын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелердің бюджет қаражатының жұмсалуын онлайн режимде қоғамдық бақылау мүмкіндігін қамтамасыз ететін «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы ұсынылды. Департамент қызметкерлері карантин жағдайында халықпен жедел өзара әрекеттесуге мүмкіндік берген «Antikor.Live» тікелей эфирлері мен брифингтері туралы да айтып өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Ырза Тұрсынзада қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру, парасаттылық пен адалдық қағидаттарын насихаттау бойынша штабтың жүргізіп жатқан жұмысы туралы ақпаратпен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етудегі, қоғаммен сындарлы ынтымақтастықтағы жұмысына оң баға берді. Аталған тәжірибені түрлі ақпараттық алаңдарда кеңінен таратып, басқа мемлекеттік органдардың жұмысына енгізу керектігін атап өтті.