Жарнама
ЖаңалықтарСаясатҚоғам

Ең жасы 29-да: «Atyraý» газеті ауыл әкімдерін таныстыру жобасын бастады

Атырау облысы бойынша 18 ауылдық округте жаңаша форматта сайлау өтіп, жеңімпаздар жұмыстарына кірісті.

«Atyraý» газеті арнайы айдар ашып, ауыл әкімдерін таныстыру, олардың жұмыстарына қолдау білдірумен қатар, қордаланған мәселелердің ел игілігі жолында тезірек шешімін табуы және ауылдардың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы кеңінен әңгімелеуді ұйғарды.

Жаңа айдардың қонағы – Құрманғазы ауданы Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсотовтың алғашқы сұхбаттасушы ретінде таңдалуы да себепсіз емес. Облыстағы жаңа сайланған әкімдердің ішіндегі ең жасы кішісі. Отызға әлі толып үлгермеген жаңа басшымен алдағы мақсаттар, ауылдағы жалпы ахуал төңірегінде әңгіме өрбіттік.

– Қайсар Еркінұлы, жаңа форматта өткен сайлау науқанының қорытындысы бойынша сайланған әкімдердің ішінде ең жасы кішісі сіз екен. Демек тәжірибеңіз де аса көп болмас. Жауапты жұмысқа қалай тәуекел еттіңіз? Әкім болу туралы ұсынысты қабылдауыңызға не түрткі болды?

– Иә, сайлау қорытындысы бойынша солай болғанымен, бұл менің тәжірибемнің аздығын білдірмейді. Мемлекеттік қызметтегі өтілім – 10 жылға жуық. 2011 жылдан бастап Құрманғазы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде жетекші маман болып бастап, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінде бас маман, аудандық экономика және қаржы бөлімінің экономика және коммуналдық секторының меңгерушісі, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы лауазымдарын атқардым. Бұл – үлкен тәжірибе. Шыңдалып, ысылдым.

«Adal» партиясы Теңіз ауылдық округінің әкіміне мені үміткер ретінде ұсынғанда, зор жауапкершілікпен қабылдап, осы кезге дейін жинаған тәжірибем мен білімімді, жастық жалынды ел мүддесіне жұмсау қажеттігін түйсіндім. Әрине, мемлекетік қызметтегі өтілімнен бөлек халықпен жұмыс жасау да үлкен жауапкершілік екенін сезінемін.

– Теңіз ауылының бас-ты проблемасы қандай? Бұл мәселелер  сайлауалды бағдарламаңызда көрініс тапты ма?

– Бағдарламамда осы ауылдың өзекті мәселелерін зерделеп, соларды шешу бағытындағы жұмыстарға баса назар аудардым. Соның ішінде ауыл тұрғындарына қолайсыздық туғызып отырған ауыз сумен қамту және балалар ойын алаңының салынуы.

Балабақша мәселесі де ауыл үшін аса өзекті. Өйткені, ауылдағы қазіргі балабақша 25 орынға ғана есептелген. Әлі кезекте 80 бала бар. Сондықтан, күні бүгін бос тұрған 90 орындық типтік ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, соны балабақша ретінде пайдалануға беру бағытында жоспар жасақтап жатырмыз.

– Жері шұрайлы, сулы, нулы өңірде туризмді дамыту да жиі айтылып жүрген ұсыныстың бірі…

img 20210820 wa0052

– Айтуыңыз орынды. Теңіз ауылдық округінің географиялық орналасуы әуесқой балық аулау және туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Бұл саланы дамыту арқылы жұмыссыздықты азайтып, ауыл тұрғындарының табыс көзін арттыру бағытында да жұмыстанатын боламыз.

– Көзделген межелерді іске асыру бағытында дәл қазір қандай жұмыс бас-талды?

– Әзірге жоспарлы жұмыстар ғана. Нақты айтсам, су тазарту имаратының құжаттандыру жұмыстары, Приморье, Құмарғали, Дәулет ауылдарында балалар ойын алаңын салу үшін жер бөлу және құжаттандыру жүріп жатыр.

Бұған қоса, «Adal» партиясының жобалық кеңсесінің жұмыс жоспары аясында ауылдың даму бағдарламасын жасау үшін тұрғындар арасында сауалнама жүргізіле бастады. Қалай болғанда да, қай партия болмасын, қандай бағдарлама жасасақ та, негізгі міндет – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту.

– Білуімізше, аудан орталығы Құрманғазы ауылында тұрасыз. Жұмысыңызға кедергі келтірмей ме?

– Иә, ол рас. Қазір халық санағына дайындық, су тазарту имаратының құжаттарын ресімдеп, сенімгерлік басқаруға беру, басқа да маңызды, кезек күттірмейтін жұмыстарға кірісіп кеткендіктен, бұған алаңдап жатқан жоқпын. Негізінде, ауылда бос тұрған қызметтік пәтер бар, көшуді жоспарлап отырмын. Қалай болғанда да алдымен халыққа қолайлы жағдай жасау, содан кейін қызметтік пәтерді ресімдеуге кірісетін боламын.

– Ауыл адамдары жас, жаңа әкімді қалай қабылдады?

– Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде ауылдағы әр үйді аралап, тұрғындармен кездестім. Өз көзқарас-жоспарларыммен бө-лісіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, ілтипатын алып едім. Биылғы жаңа форматта өткен сайлау науқанының қорытындысы бұл сұрағыңызға толық жауап берді деп есептеймін.

Енді «қандай шешім қабылдаймыз, бірінші кезекте қай проблеманы қолға аламыз?» деп халықпен ақылдасып, бірлесе жұмыс жасау міндеті тұр. Ол үшін әлеуметік желілердің көмегін пайдаланып, чаттар құрылды. Осы сұхбатты пайдаланып, 24/7 форматта халыққа ашық екенімді жеткізгім келеді.

– Ауыл үшін айтулы мәселенің бірі – жұмыссыздық сіздерде бұл көрсеткіш қалай? Ауыл халқы кәсіптің қай түрімен шұғылданады?

– Қазір округ бойынша ресми тіркелген жұмыссыздар саны 78 адам. Тұрғындардың басым бөлігі маусымдық балық шаруашылығымен айналысады.

– Сулы өңірде жем-шөп дайындау науқанына қатысты мәселелер кезікпейтін шығар. Десек те, биылғы бағыт қиындық туғызып жатқан жоқ па?..

– Мал азығын дайындау жұмыстарының қарқыны жаман емес деп айтуға болады. Біздің өңірде жауын-шашын аз болғанымен, су көлемі мол. Жайылма су кепкенен кейін шаруа қожалықтары шөп шабу науқанына кірісіп кетті.

img 20210820 wa0054 1

Соған қарамастан, ауылда жайылымдық жерлер тапшылығы сезіліп тұр.

– Қазір COVID-19 дертімен күрес, ауруды ауыздықтау бағытында екпе алу жұмыстары ерекше мәнге ие…

– Иә, бұл бағытта да түсіндіру, ақпараттық бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр. 22 ауыл тұрғыны стационарлық ем қабылдап, 21 адам амбулаториялық бақылауда болды. Округ бойынша 384 адам екпе салдырған.

– Енді аз уақытта жаңа оқу жылы да басталады. Дайындық қалай?

– 2021-2022 оқу жылында қалыпты жұмысқа кірісу үшін қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектепте «Ashyq» жүйесі орнатылды. Барлық оқу кабинеттері санитарлық  талапқа  сай.

Биыл І сыныпқа 33 оқушы қабылданды. Мектепте жұмыс жасайтын 102 қызметкердің 48-і – мұғалім, 54-і – кіші қызметкер. Вакцина алғандар саны – 75, қалғандары сәйкесті анықтамалары бар.

– Әңгімеңізге рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button