Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Ен байлық ерінге тимей тұр

«Қара алтынның» қазанын қайнатып, сорпасын сапырғанымен ен байлық Атырау жұртының ерніне тимей тұр. Жергілікті жерде жақ талмай айтып келе жатқан проблемалар көп әлі. Оның бірқатарын «Қазақстан Республикасының бюджеттік кодексіне» өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жұмыс тобының отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов көпшілікке жария етті.

…Алпауыттарға қатысты емес шешім

– Бүгінде Парламент қабырғасында Бюджет кодексі қаралып жатыр. Оған 20 өзгеріс енгізу туралы өзімнің ұсыныстарымды бердім. Ол негізінен орталықтан қабылданатын шешімдерді жергілікті атқарушы органдарға беруге қатысты болатын. Ұсыныстарымның көпшілігі қолдау тапты. Бірқатары Үкіметтің қарауына жіберілсе, енді біразы шешілмеген күйінде қалды, — деді халық қалаулысы.

Әділ Жұбанов қоғамда көптен талқыланып келе жатқан мәселе – экологиялық заңбұзушылықтарға байланысты салынатын айыппұлдар туралы ерекшелеп айтты. Одан түскен түсім бұрын республика асып кететін. Енді ол жергілікті жерде қалатын болып шешіліпті. Алайда, бұл талап ірі мұнай-газ компанияларына қатысты емес екен. Алпауыттар төлейтін айыппұлдың облыс бюджетіне емес, Ұлттық қорға түсетіні сақталған жүйе әзірге бұзыла қоймайтын секілді.

– Осы мәселе алқалы жиындарда талқыланып келе жатқанымен, қорытынды шешім әлі қабылдана қойған жоқ. Әрине, орталық қомақты қаражатпен бөліскісі келмейді. Бәрін астарына басып алып отырғанды тәуір көретіні шын. Ал, біз осы жағдайды даусымыз қарлығып, қайталап айтып келеміз. Соның нәтижесінде ұсыныстарымыз Ұлттық қордың басқарушы органына жіберілді, — деді Әділ Орынбасарұлы.

«Алымдарды тоқтатқан дұрыс»

Мәжілісмен күрмеуі қиын мәселенің шешімі – жергілікті бюджеттен алынатын алымдарды (изъятие) тоқтатқан дұрыс деп санайды. Мұны атыраулықтардың заңды талабы, орынды ұсынысы деп ұққан жөн.

– Бұл мәселені өзге де атыраулық депутаттармен бірге айтып келе жатырмыз. Дегенмен, бүгінде де жергілікті бюджеттен 500,2 млрд. теңге алынып отыр. Осы алымдарды тоқтату жөнінде аталған 20 ұсынысымда, оның ішінде заңға өзгеріс енгізу туралы баптың қажеттілігін айтқан болатынмын. Өкінішке қарай, ол Үкіметтен де, әріптес-депутаттар тарапынан да қолдау тапқан жоқ,- деді ол.

«Бақсақ, бақа екен» демекші, мұның себебі мұнайлы өңірден алынған көп қаржының өзге өңірлерге көбірек бөлінетіндігінде болып шықты. Әрине, Қазақстан – унитарлы мемлекет екендігі белгілі. Оған ешкімнің таласы да жоқ. Солай дегенмен, қаражат мәселесінде шешімнің әділ болғаны, аймақтардың өзіндік ерекшелігі ескерілгені жөн-ақ еді…

Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов бұдан бұрын ҚР Премьер-министріне мұнайдан түскен пайда халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталуы тиіс екендігіне байланысты депутаттық сауал жолдағаны белгілі. Ол қоғамда кеңінен талқыланып, жұртшылық тарапынан зор қолдау тапты. Айтқандай-ақ, Атырау облысы аса ірі донор ретінде республика экономикасының дамуына, соның ішінде, бюджетінің қалыптасуына сүбелі үлес қосып отыр. Мұнайлы өлке Ұлттық қордың 60%-ын, республикалық бюджеттің 30%-ын беріп, мемлекеттік қазынаны толықтырып келеді. Жергілікті бюджет кірістерінің едәуір бөлігі республикалық бюджетке тағы алынуда.

Береген қолым – алаған…

Осы тұста елең еткізер мына салыстырмаға көз салыңыз: Атырау облысы жергілікті бюджет есебінен бюджеттік алымдар беруде бірінші орында болса, ал облысқа қаралған нысаналы даму трансферттері бойынша соңғы орындардың бірінде. Түсініксіз жағдай, иә?! Алайда, қаржының құлағын ұстап отырғандар олай ойламайтын секілді.  

«Облыста түйіні шешілмеген, халық тарапынан жүйелі түрде көтеріліп келе жатқан түйткілді мәселелер аз емес. Атап айтқанда, Атырау облысы өз халқының тұрғын үйге, мектептерге, балабақшаларға, сапалы жолдарға, медициналық объектілерге, ауыз сумен, электрмен үздіксіз қамтамасыз етудегі қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алмай отыр. Облысымызда халықаралық талаптарға сай әуежай, теміржол вокзалы, концерт залдары, спорт ареналары мен орталықтандырылған кәріз жүйелері, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жоқ.

Ойлап қарасақ, қаншама әлеуметтік жағдайлар тек қана қаржыға тіреліп тұр. Жергілікті атқарушы органдарға облыстағы қаражат тапшылығы, әсіресе, даму бюджетінің шектеулі болуы өңірдің өзекті мәселелерін шешуге қолбайлау болып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп отырғаны жасырын емес. Бұл проблема, негізінен, жергілікті бюджеттен алып қоюлардың, сондай-ақ, республикалық бюджеттен трансферттердің жеткіліксіз болуы салдарынан  туындап отыр» деген болатын Ә.Жұбанов Үкімет басшысының атына жолдаған бұрынғы депутаттық сауалында.

Шындыққа айнала бастаған болжам

Ауасы лас, түтінге тұншыққан Атыраудың бүгінде экологиялық ахуалы нашар. Кезінде академик Мұфтах Дияров ақсақалдың «Мен атыраулықтар бір күні ұйқысынан оянбай қала ма деп қорқамын» дегені өмірдің шындығына айналып келе жатқан секілді. Депутат Әділ Жұбанов та осы жағдайды биік мінберлерден талмай айтып келеді.

– Өздеріңізге белгілі, жуырда ҚР Премьер-Министрінің атына экология мен соның аясында төленетін өтемақыларды енгізуге қатысты депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Мұнда Атырау облысын экологиялық дағдарыс аймағы деп тану туралы мәселе көтерілген еді. Әрине, ол – өте ұзақ процесс. Тіпті ондаған жылдарға созылуы да мүмкін. Ендеше, Атырау – экологиялық дағдарыс аймағы деп танылғанға дейін Атырау облысының жергілікті бюджеті есебінен экологиялық өтемақы аудандық коэффициент ретінде төленсін деген ұсыныс айтамыз,-деген халық қалаулысы «2026 жылдан бастап Атырау облысының бюджеттік алымдарын алуды тоқтатып, соның есебінен Атырау тұрғындарына кем дегенде 50 пайыз өтемақы төлеуді үйлестіру» деген мәселенің шешімін таппай отырғанына көпшіліктің назарын аударды. Осы мақсатта бюджеттік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өткен жұмыс тобы отырысының аудио жазбасын да жұртшылықтың назарына ұсыныпты.

Мұнайлы өлкенің мол байлығы – елдің ырысы, ортақ игілік. Әйткенмен, «алтын сандық» үстінде жалаңаш отырғандар да оның игілігін көруі керек емес пе?! Қаражат бөлінісінде әділдік үстемдігі орнаса, күрмеуі қиын күрделі мәселелер шешімін табар еді. Жұртшылықтың көкейіндегісін жеткізген депутаттың да айтары осы болатын.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button