ЕҢ АРЗАН НЕСИЕ: Аз қамтылған отбасыларға жеңілдікпен беріледі
Atr.kz/27-ақпан, 2019 жыл. 2-3 пайыздық баспана несиесі биылдан бастап беріле бастайды.
Бұл туралы «atr.kz» – ге Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұрбол ҚҰРМАН хабарлады.
Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде табысы төмен отбасыларға 2-3 пайызбен баспана сатып алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
«Табысы төмен көп балалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар, аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыру қажет. Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат қажет болады және оған жыл сайын 50 млрд теңге бөлуді тапсырамын» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында тәуелсіздік жылдарында елімізде көптеген бағдарламалар қабылданды. Соның ішінде «Қолжетімді баспана — 2020», «7–20–25» бағдарламалары аясында мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының мамандары, аз қамтылған және жас отбасылар, түрлі санаттағы азаматтар тұрғын үйге жеңілдіктермен қол жеткізді. «Нұрлы жер» бағдарламасы да халық арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. Себебі, ол тұрғындарға пәтермен бірге, жеке тұрғын үй алу мүмкіндігін де береді. Мемлекет басшысы енді «Нұрлы жер» бағдарламасын кеңейтіп, оның аясында көп балалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салу қажеттілігі туралы тапсырма берді. Соған орай республикалық бюджеттен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 50 миллиард теңге бөлінетіндігі белгілі болып отыр. Банк бұл қаражатты басқа ресурстармен бірге жеңілдетілген несиелерді беруге жұмсайды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, сәуір айында қаржыландыру басталады. Одан кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі несиенің жаңа түрін тездетіп әзірлеп, халыққа ұсынуы қажет. Демек, биылдан бастап 2-3 пайыздық несиелер берілетіндігі даусыз.
Осы орайда Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі туралы нақты деректі айтуға болады. Ол еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір қаржылық құрылым. Бүгінде банктегі салымшылардың жинағы 630 761 млн. теңгені құрап отыр. Биылғы жылы шарттық сомасы 122 919 млн.теңге болатын 31 333 тұрғын үй құрылыс жинақ шарты жасалып, сомасы 28 389 млн. теңгенің 2 788 заемы берілді. Қазіргі несиелік қоржын 684 236 млн.теңгені құрайды.
Нұрбол ҚҰРМАН,
Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры.