
Елтайда жаңа спорт кешені пайдалануға беріледі
Индер ауданы Елтай ауылында 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мердігер мекеме — «АймарСтройСервис» ЖШС. Құрылыс барысын техникалық қадағалаушы — «Building Control» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы ретінде «Архдизстрой» ЖШС жауапты.
-Жаңа кешен ауыл тұрғындары үшін салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға және бұқаралық спортты дамытуға зор мүмкіндік бермек. Қазір ғимараттағы жер қазу жұмыстары аяқталып, бетон құйылып жатыр. Нысан аумағы қоршалып, алаңда қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, қолданысқа беріледі, — деді Индер аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясов.
Екі қабатты спорт кешенінде шағын футбол, күрес, бокс залы мен жаттықтырушылар кабинеті, ерлер және әйелдер киім ауыстыратын орын мен медициналық кабинет қарастырылған.
Айта кетейік, аудан бойынша барлығы төрт спорт кешені бар.