ЕЛТАҢБАНЫҢ КЕЙБІР ЭЛЕМЕНТТЕРІ ӨЗГЕРЕДІ
Департамент өкілінің айтуынша, жаңа стандартқа бес өзгеріс енгізіліп отыр. Стандартталған мыс-мырышты балқымалар пайдалану – енгізілген өзгерістің бірі. Осыған орай, Елтаңба жылтырап, құбылып тұрады. Екіншіден, өлшемдері мен түстеріне қатысты да өзгерістер енгізіліп отыр.
— Елтаңбаның барлық элементтері қайтадан мұқият қаралып, элементтердің үлгісін жасау үшін өлшемдер жүргізілді және қосалқы элементтерге атау берілді. Және дайындалған бұйымдарды пайдаланудың кепілдендірілген мерзімі енгізілді, оның мерзімі – 3 жыл, — деді департаменттің бас маманы.
Комиссия отырысы барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов пен «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының өкілі Назарбек Қосшиев мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау бағытындағы жұмыстар туралы айтты.
Комиссияға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан мемлекеттік рәміздерді спортшылар мен жан-күйерлерге насихаттау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың әлі де мардымсыз екендігін сынады.
— Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттілігіміздің негізгі нышаны, тәрбие құралы. Оны насихаттау және құрмет көрсету — барлық азаматтардың міндеті. Әр мекеме басшысы өз кеңсесінде тұрған мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай болуын қадағалауы тиіс. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бойынша атқарылар жұмыс өте көп. Сондықтан, тек комиссияның берген ұсыныстарын ғана басшылыққа алмай, әртүрлі креативті шығармашылық бағытта жұмыс жасауға шақырамыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.