Газ тұтынушылары неге наразы?

i Жаңалықтар

Облыс орталығындағы газ тұтынушыларға көрсетілетін коммуналдық қызметтерге талдау жұмыстарын жүргізу үшін Атырау қалалық мәслихаты жанынан уақытша комиссия құрылған болатын. Комиссия мүшелері әлеуметтік желілер мен ғаламтор арқылы және «Атырау коммуналдық қызмет есептеу орталығы» бөлімшелерінің жұмысына мониторинг жүргізді. Газ тұтынушы тұрғындармен кездесті. Нәтижесінде қала тұрғындары «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы мен «Атырау коммуналдық қызмет есептеу орталығы» мекемесінің қызметіне көптеген наразылықтар білдірген. Осы мәселе тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысында талқыланды. 

i

Келісімсіз төленген 4000 теңге

Есептегіш  құралға кепілдікті  кім  береді?

Мәселен, «ҚазТрансГазАймақ» филиалы өкілдері үйлерге келіп, келісім-шарт тастап кетеді. Сол құжатты жасақтағаны үшін пәтер иелерінің келісімінсіз 4000 теңгені түбіртекке қосып қояды. Сондай-ақ, мекеме басшылығы есептегіш құралды бес жылда бір рет міндетті түрде тексерістен өткізуді талап етуде. Ал, мұндай тексерісті  Атырау коммуналдық қызмет есептеу орталығы  жүргізгенімен, ешқандай кепілдік жауапкершілігін алмайды.

– Талдау жұмыстары барысында аталған мекеме тұрғынның қаражатын алып, тексеріс жүргізген. Алайда, үш күннен соң есептегіш құрал жасамай қалған. Сондықтан, жаңасын сатып алуға тура келді. Бұл үшін де тұтынушы өз қаржысын жұмсаған. Ал, сапасыз тексеріске төленген 4000 теңгені кім қайтарады? Осыған орай акт жасалғаннан кейін келісім-шартқа кепілдік мерзімін айқындауды ұсынамыз. Есептегіш құралдар төлқұжатында пайдалануға сегіз жыл кепілдеме берілген. Ал, «ҚазТрансГазАймақ» не себептен мерзімінен бұрын тұтынушыларға есептегіш құралды ауыстыруды міндеттейді? – деді уақытша комиссияның төрайымы Бағыт Шеркешбаева.

– Бұл жерде туындайтын сұрақ мынадай. Неге газ қондырғысынан айыруға тұрғындар ашқа төлеуі керек? Бұл – мекеме үшін қажет. Демек,  тікелей өзінің қызметі. Айырмастан бұрын жазбаша түрде ескерту берілсе, нәтижелі болар еді. Сондай-ақ, бұл қаражаттың қалай шығарылғаны да бізді мазалап отыр. Осы орайда табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментімен келісіп жұмыс атқарған жөн, – деді комиссия мүшелері.

Тұрғындардан түскен наразылықтар мұнымен де шектеліп қалған жоқ. Еркінқала ауылының тұрғынына мекеме қызметкерлері «есептегіш жыл сайынғы тексеруден өтпеді» деп жұмыс жасап тұрғанына қарамастан, төленетін қаражатты үйдің көлеміне сай есептеген. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында пайдаланған газ үшін тұтынушыға үйдің  46 мың теңгеге  есептелген түбіртекті берген. Анықтау барысында негізгі төлемақы 25 мың теңгені құрап отыр.

– Сонымен қатар, заңды тұлғаларға ай сайынғы тапсырыс бойынша берілетін газ көлемінен асырып немесе кем пайдаланылса да 10 пайыз ұсталады. Бұған қоса, жаңадан салынған жеке тұрғын үйлердің газ желісін іске қосу жұмыстарының бағасы да жыл сайын өсіп тұрады. Мәселен, былтыр бұл қызмет 16100 теңгеге көрсетілсе, биыл – 23000 теңге. «Не себептен?» деп  комиссия мүшелері сан сұраққа жауап іздеді.

«Біз – тапсырманы орындаушымыз»

Филиал басшыларының жауабы осыған саяды

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалының басшысы Мақсат Әбуов тұрғындардан түскен бұл наразылықтарға қатысты түсінік берді. Ең алдымен, тұтынушылармен келісім-шарт жасақтау үшін 4000 теңге төлеуді міндеттеу қарастырылмағанын, тек тұрғын көрсетілетін техникалық қызметке ғана қаражат төлейтінін айтты.

– Біз филиал болғандықтан, бас мекеменің құзырындамыз. Әр есептегіш құралдың тексеру аралығының көрсеткіші болады. Төлқұжатта сегіз немесе он жыл деп көрсетілгенімен, «Қазақстан метрология институты» бес жыл сайын есептегіш құралды тексерістен өткізуді міндеттеп отыр. Ол талапқа енгізілген. Ал, тексерістен өткен құралға кепілдік беру мәселесін шешуді қарастырып жатырмыз, – деп ақталды.

Сондай-ақ, ол қала бойынша тек бір кассада қосымша ақысыз төлем қабылданатынын, ал, терминал өз қызметі үшін қосымша елу теңге ұстайтынын айтты.

– Бөлімше сыртында «Форте банктың» комиссиясыз төлем қабылдайтын аппараты жұмыс жасайды. Оны тұрғындардың көбі біле бермейді. Кеңсемізге хабарландыру іліп қойдық, – дейді филиал басшысы.

Атырау коммуналдық қызмет есептеу орталығының директоры Асхат Жулатов та өздеріне қатысты айтылған біраз сынға жауап берді. Жалақының аз болуына орай қызметкерлер жиі ауысатынын, жаңадан келгендер аумақты зерделеп, үйренгенше біршама уақыт өтетінін, қазір кеңсе басқа жерге көшкенін айтты. Көтерілген мәселелер бойынша жұмыстанып, шешу жолдарын қарастыратынына сендірді.

Атырау қалалық мәслихатының хатшысы Қанат Әзмұханов мекемелер басшыларына ішкі жұмыстағы мәселелердің кесірі тұрғындарға тимеу керектігін айтып, ескерту жасады. Ал, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің директоры Нұрлан Таубаев «ҚазТрансГазАймақ» пен  коммуналдық қызмет есептеу орталығының басшыларына халыққа түсіндіру жұмыстарын әлі де күшейту, басқа да коммуналдық қызметтер көрсететін мекемелерден үлгі алуға кеңес берді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Атырау коммуналдық қызмет есептеу орталығы бөлімшесінің кассасына жолақысын шығындап, аяқтай келіп тұрған тұтынушыны сол жердегі қызметкерлер терминалға жібереді екен. Ал, ол үшін қосымша 50 теңге комиссиялық төлем ұсталады. Қала бойынша касса тек бір жерде ғана. Ол демалыс күндері жұмыс жасамайды. Жұмыс күндері тұрғындар үшін қаланың бір шетінен екінші жеріне жету оңайға соқпайды. Нәтижесінде қаражат төленген жоқ деген сылтаумен газ қондырғысынан айыру және қосу үшін тұрғындардан әрқайсысына 11200 теңгеден қаржы талап етіледі. Сондықтан, комиссия мүшелері төлем қабылдайтын терминалдарды әр округке қондыру немесе абоненттердің үйлерін аралап  қызмет көрсету, демалыс күндері жұмыс жасау, газ қондырғысынан айыру үшін халықтан қаражат жинамау керектігін талап етті.

P.S. Атырау коммуналдық қызмет есептеу орталығына  айтылған тағы бір сын – жылына бір рет техникалық қызмет көрсететін жұмыстарының төлемақысын түбіртекке көрсетіп, ай сайын тұрғындарға төлеуді міндеттегенмен, бірнеше жылдап мұндай шара алынбаған фактілердің де орын алуы. Сондай-ақ, уақытша комиссия мүшелерінің айтуынша, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның филиалы жеке кәсіпкерлерден лимитке сәйкес пайдаланылмаған газ үшін алдын ала төлемақы талап етуде. Бұл сайып келгенде, аймақта шағын және орта бизнесті дамытуға да кері әсерін тигізбей қоймайды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз