Елорданың бір миллионыншы тұрғыны
Астана күні қарсаңында №1 перинатальдық орталығында Елорданың бір миллионыншы тұрғыны жарық дүние есігін ашты.
Сәби – қаладағы №9 «Нұршашу» балабақшасының тәрбиешісі Арайлым және Астана-РЭК мекемесінің электромонтері Олжас Мұхамедьярлардың тұңғыштары еді. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев жас отбасын өмірге келген сәбилерімен құттықтап, жаңа пәтердің кілтін тарту етті. Бұл өздерінің ата-аналарымен бірге тұратын Олжас пен Арайлым үшін күтпеген тосын сый еді.
Астана мәртебесіне ие болған еліміздің бас шаһарында туу көрсеткіші екі есеге ұлғайды, ал, ана мен сәбилер өлімі бес еседен астам төмендеді. Қазір Астанда күн сайын 75-80 сәби өмірге келеді. Егер өткен жылы 26110 бала астаналық атанып үлгерсе, биылғы алғашқы жартыжылдықта 13740 бала туылып отыр. Елорданың барлық перинатальдық орталықтары бүгінде Дүниежүзілік денсаулық ұйымының аналар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша жұмыс жасауда.
Өз тілшіміз