Жарнама
Жаңалықтар

ЕЛІНІҢ ШУАҒЫНА БӨЛЕНГЕН

Егер осынау абыз ақсақалдың өмір жолы деректеріне үңілсек, кейінгі буынның, әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген жас кадрлардың бойына сіңірерлік адами асыл қасиеттер жетерлік. Оның кісілігі, қарапайымдылығы, биік парасаты, үлкен-кішіге бірдей құрметі мен сыйластығы ерекшеленіп тұруы әу баста алған тәлім-тәрбиесінен болса керек-ті. Осы қасиеттері жайсаң мінезді Сәкеңді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерi дәрежесіне дейін көтерді десек, артық айтқандық болмас.

Сағидолла Құбашұлы Құбашев 1927 жылы Атырауда дүниеге келді. 1949 жылы Алматы мал дәрігерлік институтын бітіріп, шаруашылық жұмыстарында шыңдалды. Жұмыстағы іскерлігі, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, қолға алған шаруасын аяғына дейін тындырымды, тыңғылықты атқаруынан болар, Сәкең жастайынан көзге түсті. Жоғары партия-кеңес жұмыстарына да ерте араласты. Алпысыншы жылдардың басында Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалғанда Сәкең небәрі отыздың үшеуінде болатын. Кейін ол Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы, ал, 1966-1975 жылдары – Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1975-1979 жылдары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары. 1979-1988 жылдары – Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан КП Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы және Қазақстан КП Орталық комитетінің екінші хатшысы қызметтерін де абыройлы атқарды.

Сағидолла Құбашев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 5-10 шақырылымдарының және КСРО Жоғарғы Кеңесінің 11 шақырылымының депутаты ретінде де біраз іс тындырды. Ленин, Октябрь Революциясы, төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Халықтар Достығы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталуы оның елге сіңірген еңбегінің лайықты бағасы деуге болады.

Жақында туған өңірден Алматыға сапарлаған делегация Сәкеңнің шаңырағында болды. Жайық бойынан барғандардың үлкені Социалистік Еңбек Ері, байырғы досы,  Атырау облысының Құрметті азаматы Сақан Дәулетқалиев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов болса, топтың мүшелері Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, аудан әкімі Серік Арыстан мен аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Сапаров, асыл азаматтың өзі басқарған Ленин орденді «Передовик» кеңшарының он жеті жыл директоры болған Райхан Құспанов, алматылық інісі, әрі әріптесі Ғаділжан Мусинді жылы қабылдады.

Облыс әкімінің тілегін ала келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов тебіреніс пен тілекке толы Құттықтау хатты тапсырды.

Мұнан соң Индер ауданының әкімі Серік Арыстан мемлекет қайраткеріне деген аудан жұртшылығының жүрекжарды тілектерін айтты. «Сізді туған халқыңыз ар-намысына шаң жұқтырмаған дана, қарапайымдылығы мен кісілігін сақтай білген бекзат, адамгершілік пен адалдықты қадірлейтін, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын қайраткер ретінде құрметтейді», — деген ол шынайы лебізге толы құттықтауды табыс етіп, жерлестері атынан қазақы дәстүрмен жағалы шапанды иығына жапты, облыс басшылығы атынан сыйлықтарын тапсырды.

Өткен жаңа жылда аймақ  басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзіне арнайы қоңырау шалып, Жаңа жылмен құттықтағанын ыстық сезіммен еске алған Сәкең де облыс әкімінің аға буын өкілдерімен байланысына, жасап отырған қамқорлығына ризашылығын білдірді.

 Жеті жыл «Передовик» колхозының басқарма төрағасы болған Сағидолла Құбашұлына Сақан ағаның тілегі өткен өмірдің көптеген беттерін қайтадан парақтағандай әсер қалдырды. Колхоздың Ленин орденіне ие болуы – білікті басшы мен шаруашылық еңбеккерлерінің қажырлы істерінің арқасында қол жеткен белес.

 Бұл арада топ мүшесі Райхан Құспанов ауданның әр ауылында Сақан атындағы мектептер ашылып, табысты жұмыс істегенін еске алса, Қ.Ризуанов бұл игі дәстүр соңғы жылдары қайтадан жалғасын тауып, малшыларға С.Дәулетқалиев атындағы жүлде тапсырыла бастағанын қуанышпен баяндады.

«Елге сәлем айтыңдар, азаматтары аман болсын» деген ағаның ризашылық сөздерін, ақжарқын көңілін ұғынған жерлестері аяулы азаматтың өзіне де мықты денсаулық тіледі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button