Елімізде тұңғыш өткен зағиптар арасындағы халықаралық байқауда атыраулық жеңімпаз атанды (ФОТО)
Атырауда мұнайшылар күніне орай облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен парадзюдо федерациясының ұйымдастыруымен бұрын-соңды болмаған халықаралық парадзюдо турнирі өтіп жатыр.
Бұл тек Атырау облысында ғана емес, елімізде тұңғыш рет өтіп отырған дүбірлі дода. Сайыста АҚШ, Оңтүстік Корея, Грузия, Ресей, Əзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары келген сайыпқырандар шеберліктерін сынға салды.
Айтулы шараның алғаш рет Атырау қаласында өтуінің де өз мәні бар. Себебі, облыс спортшылары елімізде нөмірі бірінші болып табылады. Онымен қоса, Әнуар Сариев тұңғыш рет параолимпиада ойындарына қатысып, бесінші орыннан көрінген болатын. Ол қазір – 540 ұпаймен әлем бойынша үшінші орында.
Аталған жарыста атыраулық жеті спортшы бағын сынады. Залға жиналған көрермендердің қарасы көп болды.
Дүбірлі доданың шымылдығын аймақ басшысының орынбасары Әлібек Нәутиев ашты.
Турнирге халықаралық зағиптар спорттық ассоциациясының Азия жəне Мұхит аралық спорт директоры Джон Врайн Сикос (Корея) пен осы ұйымның төрешілер директоры Кеничи Шошидо (Жапония) қатысты.
Абай АҚМҰРЗИЕВ
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ