Елімізде бас мемлекеттік санитар ауысты
Atr.kz/21 наурыз, 2020 жыл. Жандарбек Бекшин Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметінен кетті.
«ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бұйрығымен Бекшин Жандарбек Мұхтарұлы Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметінен босатылды. Бірақ ол Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметінде қала береді. Қазіргі таңда ол жұмыс бабымен Алматыда жүр. Оның орнына департамент директоры Ешмағамбетов Айжан Серікбайқызы Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қызметіне тағайындалды», — деді «ҚазАқпарат» тілшісіне министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Айта кетсек, Жандарбек Бекшин 1958 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. 2019 жылдың маусым айынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары — бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметін атқарған.
Аман ШАМАР