Елімізде 1 маусымнан бастап жұмыс жасайтын нысандар тізімі жарияланды
Аtr.kz/29 мамыр, 2020 жыл. Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия халық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, елімізде шектеу шараларын төмендету бойынша қосымша шешімдер қабылдады.
Сонымен, 2020 жылғы 1 маусымнан бастап:
— өңіраралық блок-бекеттер алынады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлер мен өңірлер әкімдіктерінің шешімі бойынша коронавирустың таралу ошағы бар аймақтарда жергілікті блок-бекеттер сақталуы мүмкін;
— Қазақстанның облыс орталықтары мен ірі қалаларына темір жол тасымалдары, сондай-ақ өңіраралық автобус жолаушылар тасымалдары қайта жаңғыртылады. Жолаушыларды тасымалдау қатаң түрде Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген санитарлық талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Теміржол және автовокзалдарда бекітілген талаптардың орындалуы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерінің бақылауында болады.
— Финтес және SPA орталықтарының қызметі қайта жанданады;
— Спорт және мәдениет объектілері көрерменсіз жұмыс істей бастайды;
— Балалардың мектепке дейінгі мекемелерінің, қосымша білім беру ұйымдарының (бір топта 15 баладан көп емес), ғылыми-зерттеу институтарының және ғылыми орталықтардың жұмысы іске қосылады.
2020 жылғы 15 маусымнан бастап санитарлық талаптарды сақтаған жағдайда кинотеатрлардың жұмысы қайта қалпына келтірілетін болады.
Сондай-ақ, бірқатар елдерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын ескерумен, Ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдарға халықаралық әуе рейстерін кезең-кезеңмен жаңғырту мәселесін пысықтауды тапсырды (І кезең аясында Оңтүстік Кореямен, Қытай Халық Республикасымен, Әзербайжанмен; ІІ кезең аясында Біріккен Араб Әмірлігі, Германия, Түркия және Тайландпен).
Халықаралық әуе рейстерінің қайта ұшырыла бастайтын күні мемлекеттік шекаралардың ашылуына және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты анықталатын болады.
Бірқатар салалар мен объектілердің жұмысқа кірісуін ескере отырып, Ведомствоаралық комиссия қазақстандықтар үшін аурудың алдын-алу шараларын қатаң сақтау қажеттілігін еске салады (маска кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қарым-қатынасты азайту).
«Atr-Ақпарат»