Жарнама
Жаңалықтар

ЕЛЕНГЕН ЕҢБЕК

Расын айтқанда, күнделікті қызмет бабымен кездесіп жүрген кісіміздің біз білмейтін беймәлім сыры да жетерлік екен. Кенған Дүйсенұлының мұнай кәсіпшілігінде еңбек етіп келе жатқанына 40 жылдан аса уақыт өтіпті. Бұл бір адамның саналы ғұмыры емес пе? Сонау 1973 жылы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін тәмамдаған ол содан бері осы мамандығынан қол үзбеген.

Жұмысқа жаңа араласқан жылдары да әлі есінде. Қолында табақтай дипломы болғанымен, бастапқыда Өзен мұнай-газ өндіру басқармасына қатардағы оператор болып қабылданды. Ол кездің тәртібі солай, алдымен өндірісте қызмет істеуің керек. Қазіргідей келген бойда кеңсеге жайғасу жоқ. Аға жұмысшылар да жас маманды әбден шыңдады. Өзі де тындырымдылығымен көзге түсті. Теориялық білімін толымды тәжірибемен толықтырды. Сондықтан, жауапты лауазымдарға да тез жоғарылатылды. Қысқа мерзімде аға геолог болды, геология бөлімі бастығының орынбасарлығына тағайындалды. Сол қазыналы жарты аралға ғұмырының 17 жылын арнады. Мүмкін, одан да ұзағырақ жүрер ме еді, егер сол кезде республиканың оңтүстігінде Құм-көл кеніші ашылып жатпаса.

Қиырдағы Қызылорда облысында мұнай-газ саласы дамымаған-ды. Соған дейін негізінен ауыл шаруашылығымен ғана шұғылданған өңірде көмірсутегі шикізаты табылуы аймаққа үлкен серпін берді. Рас, бастапқыда мұнайшыларды Маңғыстаудан алдыруға тура келді. Жаңа құрылған Құмкөл мұнай-газ өндіру басқармасына басшылыққа Мұрат Саламатов, бас инженерлікке Жеңіс Жалғасов, ал бас геолог лауазымына Кен-ған Айдарбеков тағайындалды.

— Құмкөл кеніші, — дейді бүгінде ардагер геолог, — Қызылордадан солтүстік бетке 150 шақырым жерде, Жезқазғанмен аралықта орналасқан екен. Жол жоқ, тікұшақпен қатынадық. Жазда аптап ыстық, топырақ борайды. Қыста суық, үскірік боран соғады. Соның бәріне шыдадық. Сөйтіп, 1990 жылғы 9 мамырда жаңа алаңды қатарға қостық.

Бүгінде Қызылорда – еліміздің «қара алтынды» аймақтарының бірі. Мұнда елу шақты кен орны бар. Соның бәрі ортақ қазынаға мұнай жөнелтуде. Кенған Дүйсенұлының шыңдалған шеберлігі, үлкен ұйымдастырушылық қабілеті де осында жарқырай ашылды. Оңтүстік Құмкөл кенішін өмірге әкелгені үшін 1999 жылы «Қазақстан кен орнын алғаш ашушы» атағын алды. Осы жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталды. Араға он жыл салып «Құрмет» орденін омырауына тақты. Кейін «Құрметті жер қойнауын барлаушы» атанды.

Сол оңтүстікте жүргенінде 2001 жылдың мамырында «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Борис Шырдабаев қызметке шақырды. Бұл Теңіз кенішінің мұнайы мен газының қоры есептеліп жатқан шақ еді. Бірден осы шаруаға араласты. Оны жыл соңына дейін аяқтап, орталықта сәтті қорғап та шықты. Соның нәтижесінде бірлескен кәсіпорын өнім өндіруге бағытталған жаңа жоба жасақтап, жүзеге асырды. Содан бері «қара алтын» алу көлемі артып келеді, ол жылына 26 млн. тоннаға жеткізілді.

Он жылдан аса уақыттан бері Кенған Дүйсенұлы Энергетика министрлігінің кеніштерді барлау және жайғастыру комиссиясының тәуелсіз сарапшысы саналады. Мен онымен ауруханада жолыққам. Палатасында мамандар ғана түсінетін әлдебір қағаздар мен карталар жатыр. Ем алып жатса да, еңбектен қол үзбеген жанның тынымсыз тірлігі қуантады.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button