ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКІМЕТ БОЙЫНША

БҰҰ рейтингісінде
10 сатыға көтерілдік
Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкіметті дамыту жөніндегі рейтингісіне сәйкес Қазақстан өзінің көрсеткішін 10 позицияға жақсартып, 193 елдің ішінен 28-ші орынға жайғасты. Бұл туралы ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.


Электрондық үкіметті дамыту индексінің адами капиталдың, телекоммуникациялық құрылымның және онлайн-қызметтің көрсеткішінен құралатынын айтып өту керек. Бүгінгі күні республика тұрғындарының компьютерлік сауаттылық көрсеткіші 63,2%-ды құраса, кең жолақты интернетке қолжетімділік деңгейі 67,6%-ды құрап отыр. Ал, электрондық үкіметтің қалыптасқан инфрақұрылымы қазақстандықтардың электрондық үкімет порталы арқылы 570 қызмет пен сервистерді алуына мүмкіндік береді. Егер 2013 жылы электрондық үкімет порталы арқылы 38 млн. қызмет көрсетілсе, ағымдағы жылдың басынан бері портал арқылы ұсынылған қызметтер саны 22,8 млн-ға жетіп отыр. Күн сайын электрондық үкімет порталына орташа есеппен 43 мың қолданушы кіреді.
Бүгінгі күні электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болған жағдайда «Болашақ» стипендиясына ие болу үшін өтініш беру, балабақша кезегіне тұру, автокөлікті жүргізуге сенімхат беру, коммуналдық қызмет төлемдерін, айыппұлдар мен салық түрлерін төлеу, жеке куәлікті ауыстыру секілді мәселелерді электрондық үкімет порталы арқылы үйіңізде отырып шеше аласыз.
Электрондық үкіметті дамытудың кезекті кезеңін іске асыру аясында қызметтер мен сервистерді мобильді құрылғылар арқылы алуға мүмкіндік беретін мобильді үкіметті енгізу жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың соңында 50 қызмет пен сервисті мобильді құрылғылар арқылы алу мүмкін болмақ.
Айтып өту керек, ағымдағы жылдың қазан айында Астана қаласында «Электрондық үкіметтің Ғаламдық форумы-2014» өтеді. Е-government дамыту мен ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамыту саласындағы әлемнің ең мықты деген сарапшылары бас қосатын шараның Қазақстанда өтуіне еліміздің электрондық үкіметінің даму қарқыны мен АКТ бойынша халықаралық рейтингтердегі жоғары көрсеткішке қол жеткізуі себеп болып отыр. Алғашқы басқосу 2012 жылы Сеулде (Корея) өткізілді. Жыл сайын форумға әлемнің 50-ден астам елінен 300-ден астам қатысушы жиналады, ал іс-шара БҰҰ-ның қолдауымен өткізіледі.

Ермек БИҒАЛИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз