Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Электр бағанының құлауын күте ме?!

Біз Қызылқоға ауданының Мұқыр селосында тұрамыз. Боран Айтмағанбетов көшесінің тұрғындары – Бауыржан Кетебаев, Ақан Есенғалиев, Талап Мысағалиев, Әлия Мысағалиева, Нұрия Шүйінова, Рашид Жақсиев, Қабан Мүтішов – бәріміз төмендегідей жағдайды хабарлаймыз.

Электр бағанының құлауын күте ме

Осы көшедегі үйлер сонау 1986-87 жылдары сол кездегі «Гурьев» қаракөл қой зауытында жұмыс жасайтын жұмысшыларға салынған болатын. Содан кейінгі жекешелендіру кезінде жеке иелікке берілді. Ал, көше бойына тартылуы тиіс электр желісі үйдің алдымен тартылған. Отыз жылдан астам уақыттан бері оған бірде-бір жөңдеу жүрмеді. Сымдары мен электр бағаны басындағы сым ілетін ілгіштері (стақан) шығып кеткен. Мұның адам өміріне қауіпті екені айтпаса да белгілі. Оның үстіне әбден тозығы жеткен электр бағанасы құлағалы тұр.

Бұл жағдайды біз «Атырау-Жарық» АҚ әкімшілігіне және Мақат ауданындағы бөлімшесіне ескерттік. Олар сметалық құжаттарын жасап, «Атырау-Жарық» АҚ әкімшілігіне жібергендерін айтты. Бір қызығы, сол құжаттардың жіберілгеніне бақандай төрт жыл болды. Осы көшеде тұратын Н.Шүйіноваға «Атырау-Жарық» АҚ-ның бірінші тете-президенті Б.К.Алиповтен мынадай мазмұндағы хат келген: «Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр селосы, Б.Айтмағанбетов көшесі тұрғын үйлерінің ауласында орналасқан №1/3 қосалқы трансформаторлық подстанциясынан шығатын ф.3,04 кВ әуе желісі «Атырау жарық» АҚ-ның баланс меншігіне жатпайды. 0,4 кВ электр желісін тұрғын үй ауласынан шығару жұмысын жүргізу қажет. Жоғарыда көрсетілген жұмыстарды жасау үшін қаржы мәселесі шешілу керек». Ал, ол қаржы, өздеріңіз сезіп отырғандай, төрт жылдан бері шешілмей келеді. Қаржының қашан шешілетіні де белгісіз.

Күшті жел болса, электр бағаны үйдің үстіне құлай ма, болмаса, электр сымдары үзіліп, адам үстіне түсе ме деп әбден уайымдап біттік. Біздің байқағанымыз – басшылар халықтың жағдайына атүсті қарап, өздеріне тапсырылған іске аса жауапсыз қарайды. Бұл, сөз жоқ, халықтың орынды өкпе-ренішін туғызып отыр. Мен 31 жылдан бері электр жарығын тұтынғаныма ай сайын уақытылы төлем төлеп келемін. Елдің бәрі солай. Сөйте тұра осындай жөңдеу жұмыстарына қаржы табылмай отырғаны қалай?

Батыр МАҚЫМОВ,

Б.Айтмағанбетов атындағы көше тұрғыны,

Мұқыр селосы,

Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button