Жаңалықтар

Елдің ядролық энергетика бағытын айқындайтын референдум

Қазір әлемнің 30 елінде 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істейді. Бұл тізімге жақын арада Қазақстан қосылуы мүмкін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Жолдауында 6 қазанда референдум өтетінін мәлімдеп, онда атом электр стансасының құрылысын жалғастыру-жалғастырмау мәселесі шешілетінін айтқан еді. Негізі елде осы мәселе біраз уақыттан бері талқыланып келеді. Қ.Тоқаев осы идеяны алғаш рет 2019 жылы елдің энергетикалық қажеттіліктеріне орай, қазба отынына тәуелділікті және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған стратегиясын таныстырған кезде жариялады. Қазақстанда уранның орасан зор қоры өндіріледі, АЭС салудың бір себебі де – осы.

Үкімет АЭС салуға неге ынталы?
Қазақстанның атом энергетикасына көшуге деген ұмтылысы бірінші кезекте электр энергиясына тәуелділігіне байланысты. Алдағы онжылдықта ел электр қуатының тапшылығына тап болуы мүмкін. 2035 жылға қарай елде электр энергиясын тұтыну айтарлықтай артып, 152,4 млрд. кВт сағатқа жетеді деп болжам айтады сарапшылар. Сондай-ақ ендігі уақытта инфрақұрылым¬ның тозуы, экологиялық нормалардың қатаңдауы секілді факторлардың әсерінен елде электр энергиясын өндіру 135 млрд кВт сағатқа төмендеуі мүмкін. Бұған қарамастан Қазақстанда жаңа өндіріс орындары салынып жатыр, осыдан келіп елде 2035 жылға қарай жалпы қуаты 26,5 ГВт жаңа қуат көздерін енгізу қажеттігі туады. Үкімет АЭС Қазақстанның тұрақты энергетикалық жүйе¬сін қалыптастыруға қажет деп мәлімдейді.
Негізі АЭС экологиялық тұрғыдан алғанда артықшылығы көп, әсіресе, ауаға таралатын шығарындыларды аз өндіреді. Ол жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруінің негізгі факторлары көмірқышқыл газы немесе метан секілді парниктік газдарды таратпайды. Сонымен қатар АЭС-тің көмір электр стансаларынан айырмашылығы – күкірт пен азот оксидтерін, бөлшектерді және адам денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсер ететін басқа да ластаушы заттарды шығармайды.
Қазақстан өзінің энергетикалық қажеттілігін өтеуде айтарлықтай дәрежеде көмірге, мұнайға және табиғи газға тәуелді. Бұл, әрине, экологиялық жағынан алғанда тиімсіз, ауаны қатты ластайды. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бақылау және қауіпсіздік саясаты бөлімінің бұрынғы басшысы Тарик Рауф атом энергетикасы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ұмтылатын елдерде шешуші рөл атқарады деп санайды. Оның айтуынша, атом энергетикасы алдағы 40-50 жылда тұрақты даму және CO2 шығарындыларын азайтудағы үлесі зор болады. Балқаш көлін жоспарланған атом электр стансасының реакторларын салқындатуға пайдалану ұсынылып отыр. Ол көлге айтарлықтай әсеріне тигізе ме деген алаңдаушылық та бар. Балқаш көлі қазірдің өзінде климаттың өзгеруі нәтижесінде температураның жоғарылауы мен шамадан тыс пайдалану салдарынан айтарлықтай ауыртпалықты бастан ке¬шіп жатыр. Бұл факторлар су, деңгейінің төмендеуіне, тұздылықтың жоғарылауына және көл экожүйесіне өте маңызды балық популяциясының азаюына әкеледі.

Қоғам көзқарасы қандай?
АЭС салу мәселесін Қазақстан қоғамы бірден қабылдай алмады. Тамызда жүргізілген сауалнамаға сәйкес, қатысушылардың 53,1 пайызы ғана бұл идеяны қолдады. Бір қызығы, Қазақстанның ядролық қаруды таратпауды насихаттағанын білеміз. Осыған қарамастан, көптеген азамат кеңестік кезеңде елде қоршаған ортаға және адамдардың денсау¬лығына ұзақ уақыт әсер еткен ядролық сынақтар секілді атом электр стансасы да өз зардабын тигізбей қоймайды деген пікірде.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезде Кеңес одағынан мұраға қалған әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Елде атом энергиясын тұрақты әрі қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз ететін, ядролық қаруды таратумен байланысты тәуекелдерді төмендететін, төмен байытылған уранның жаһандық резерві ретінде қызмет ететін МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкі (ТББ) орналасқан. 1986 жылы орын алған Чернобыль апатын халық әлі ұмыта қойған жоқ, атом энергетикасына қарсы халық пікірлері – осының бір себебі.
Америкалық NAC International компаниясының консалтинг жөніндегі вице-президенті Дэвид Калп халықтың мұндай алаңдаушылығы орынды, алайда қазіргі атом электр стансаларындағы қауіпсіздік шаралары бұрыннан өзгеше, залалсыздандырылған, осыны түсіну маңызды дейді. Жақында Қазақстандағы БАҚ-тың біріне берген пікірінде ол атом электр стансалары көпдеңгейлі қауіпсіздік жүйелерімен және апаттар қаупін азайтуға арналған резервтік механизмдермен жабдық¬талғанын мәлімдеді. Сонымен қатар МАГАТЭ көптеген миссияның, оның ішінде ядролық инфрақұрылымды кешенді шолу -(ИНИР) миссияларының көмегімен Қазақстанның ядролық энергетиканы дамытуға дайынды¬ғын бағалауға қатысады. Бұл миссиялар Қазақстанның ядролық қауіпсіздік, апаттық жоспарлау және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу сияқты салаларда дамып, алға ілгерілегенін көрсетті. Алайда нормативтік-құқықтық базаны нығайту мен атом энергетикасы инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу бойынша одан әрі жұмыс қажет. МАГАТЭ мен Қазақстан да ядролық энергетика инфрақұрылымын дамытуды, сондай-ақ ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтитын ынтымақтастықты тереңдету туралы бес жылдық негіздемелік келісімге қол қойды. Өткен айда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі МАГАТЭ өкілдері мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасарының қатысуымен іс-шара ұйымдастырып, онда Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіне бейілділігі талқыланды.

Геосаяси фактор
Жалпы, Қазақстан тұрғындары атом электр стансасын салудың сыртқы зардаптары туралы алаңдамайды, бірақ геосаяси салдары болуы әбден мүмкін. Қазақстан өңірдің энергетикалық ландшафтында мүдделері бар Ресей, Қытай және Еуропалық одақты қоса алғанда, ірі державалардың мүдделерінің қиылысында орналасқан. Егер Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы станса салуға келісімшарт алса, бұл Ресейдің Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы рөлін күшейтеді. Керісінше, егер Қазақстан Қытайдың, Оңтүстік Кореяның немесе Францияның компаниясын таңдаса, бұл Мәскеу орбитасынан кетеді дегенді білдіруі мүмкін. Қазір Еуропа елдері, тіпті АҚШ та Қазақстанның энергетикалық секторына қызығушылық танытып отыр. Еуропа үшін Қазақстандағы атом электр стансасы – уран мен әлеуетті байытылған ядролық отынның неғұрлым тұрақты және әртараптандырылған жеткізілімі. Бұл атом энергетикасы секторында тарихи үстемдік еткен Ресей сияқты басқа геосаяси ойыншыларға тәуелділікті азайтады. Француздық EDF сияқты компаниялардың Қазақстанның ядролық жобасына қа¬тысуы аймақтағы Ресей мен Қытайдың ықпалын азайтары сөзсіз.

Үдерістің бастамасы
Осы аптада өтетін референдумда аталған мәселе мақұлданса да, кез келген атом электр стансасын салуға және пайдалануға беруге дейінгі ұзақ үдерістің бастамасы ғана. Үкімет өз ережелерін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру үшін МАГАТЭ сияқты халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта болуы қажет. АЭС салуды қаржыландыруға мемлекетке қаражат, жеке инвестициялар және халықаралық несиелер қажет болуы мүмкін. Құрылыс кезеңінің өзі 10 жылға дейін созылуы мүмкін. Қазақстан бұл кезеңдерде өзінің адами капиталын ұлғайту керек. Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында атап өткендей, қазір әлемнің 30 елінде 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істейді, Қазақстан да бұл тізімге қосылу әбден мүмкін.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button