Жарнама
Жаңалықтар

ЕЛДЕ БОЛСА ЕРІНГЕ ТИЕДІ

«Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Әнуар Жақсыбековтің төрағалығымен өткен кездесуде компанияның биылғы он ай ішінде атқарған жұмыстары туралы бейнекөрсетілім көпшілік назарына ұсынылды.

Бүгінде құрамына төрт мұнай-газ өндіру басқармасы мен екі құрылымдық мекеме кіретін компанияның негізгі қызметі – мұнай өндіру және дайындау. Бұл орайда кәсіпорын биылғы жылдың соңғы 10 айының қорытындысы бойынша, жоспардағы 2331,800 тоннаның орнына 2346,676 тонна өнім өндірді. Яғни, межедегі жоспар 14,876 тоннаға асыра орындалды.

Өнім көрсеткішін арттырудың негізгі факторы – қосымша жаңа ұңғымаларды іске қосу. Бұл орайда компания есепті мерзімде 52 ұңғыманы пайдалануға берді. Қабат қысымын бірқалыпты ұстап тұру арқылы өнім көрсеткішін тұрақтандыру – жер қабатына су айдау шарасына байланысты. Осылайша, он айда 11,327 текше метр су айдалып, қабат қысымы тұрақты қалыпта сақталуда.

Атырау облысының әкімдігі мен «Ембімұнайгаз» АҚ әр жыл сайын аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын қолдау жөнінде серіктестік бағдарламасын бекітіп, бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылды.

Ағымдағы жылы Исатай ауданының Тұщықұдық селосындағы балабақшаға 50 орындық жапсаржай салынып, осы өңірдегі Манаш аңғарын тереңдету, Ақай каналының жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Доссор поселкесіндегі «Болашақ», «Құрылысшы» және «Шығыс» ықшамаудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, осында 280 орындық балабақша, Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосында 10 үй, Қоныстану селосында дәрігерлерге арналған екі пәтерлік тұрғын үй құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындау жоспарланған.

«Ембімұнайгаз» АҚ биыл алғаш рет «Дуальдық оқыту жүйесін енгізу» пилоттық жобасын да жүзеге асырған болатын. Оған «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық мектебінің 5, Қазақ-Британ техникалық университетінің 20, сондай-ақ, Атырау мұнай және газ институтының 35 студенті қатысып отыр. Соның ішінде  компания «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық мектебінің студенттеріне шәкіртақы төлейді.

Отандық кәсіпорын мұнай бағасының құлдырауына, ел экономикасындағы қиындықтарға қарамастан, мұнай-газ саласын білікті мамандармен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Соның бір көрінісі, студенттер компанияның өндірістік базасында тәжірибеден өтеді. Олар бос жұмыс орындары болған жағдайда осы кәсіпорынға қызметке орналаса алады.

Акционерлік қоғамның қарамағында 41 кен орны бар. Оның 33-інде өнім өндіріледі. Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында 2014-2016 жылдарға арналған ұжымдық шарт бекітілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, «Ембімұнайгаз» АҚ республикалық «Парыз» сыйлығының «Ең үздік ұжымдық шарты» номинациясы бойынша жүлдесін жеңіп алды. Қорыта айтқанда, облыс әкімдігі бекіткен «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамы» идеясын қолдау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, еңбек ұжымы ағымдағы жылы қолға алған жұмыстарды осындай көрсеткіштермен нәтижелі аяқтауда.

Баспасөз туры соңында «Ембімұнайгаз» АҚ өкілдері қатысушылар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button