Білім негізі – БАСТАУЫШТА!

img 20201120 wa0050 Білім

Жас ұрпақты ойлы да іскер, жігерлі де батыл, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің орны ерекше. Ол қоғамның дамуымен де, әлеуметтік тәжірибемен де тығыз байланыста. Мектеп өмірі балаға жаңа әлемнің есігін ашады, рухани жан дүниесін қалыптастырады. Әсіресе, адами құндылықтарға баулудағы алғашқы баспалдақ болып табылатын бастауыш білім беру мекемесінің маңызы өте зор.

Облыстағы білім беру саласында бастауыш сыныптардың көрсеткіштері қалай, қай бағытта дамуда? Осы сұрақтарға жауап іздеп, бұған дейін де өз жетістіктерімен танылып жүрген Мақат кентіндегі No2 бастауыш мектептің директоры Руслан Баймұқашевпен тілдескен едік. Бастауыш мек-теп болғанмен, жетістігі зор екен. Қазан айында электронды күнделікті қолдану көрсеткіштері бойынша Атырау облысындағы 10 үздік мектептің бірі атаныпты.

– Бастауыш білім беру – ең маңызды әрі жауапкершілігі мол сала. Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасаттылық даму жолына салу – алғашқы ұстаздың жұмысы. Білім мен тәрбие берудегі біздің ұстанымымыз – «тaбыcты мұғалім-табысты оқушы-табысты мектеп», – дейді Руслан Теміржанұлы.

Мұндағы басты ерекшелік мұғалімнің кәсіби біліктілігінің кедергісіз дамуына аса назар аударылу-ында жатыр. Мекемеде «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытудағы қолданылатын кері байланысты және жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеру» бағытындағы әдістемелік шаралар тиімді жоспарланып, ұйымдастырылған. Оқу үдерісіндегі әдістемелік жұмыстардың барлығы сабақтарға зерттеу жұмысын жүйелі жүргізу арқылы дамып келеді.Пандемияға орай оқу форматын өзгерткенде, көптеген білім ұяларының жұмысы бір ізге түскенше абдырап қалғаны рас. Бірақ талапшыл бас-шы ұжымда қашықтан оқытуды дер кезінде жүйелі ұйымдастырып, биылғы оқу жылының бірінші тоқсанында облыстағы 10 үздік мектептің қатарына енген.

Сонымен қатар, 20-ға тарта оқушысы қашықтан өткізілген аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанып үлгеріпті. Соңғы бір жылда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан 5 мұғалімнің марапатталуы, жоғары деңгейдегі педагогикалық жетістіктері үшін 13 мұғалімнің облыстық, аудандық деңгейдегі марапатқа ие болуы – ұжымда қызметті кәсіби ұйымдастырудағы жетістіктердің жарқын куәсі.

– Қашықтан білім беру ата-ананың оқыту үрдісін сырттай бақылай алуына мүмкіндік берді. Әсіресе, электронды күнделікпен тиімді жұмыс жүргізудің маңызы ерекше болды деп сеніммен айтуға болады. Күнделікті оқу үдерісі ата-ананың көз алдында жүргізілді. Ата-аналар баланың күнделікті алатын білімі мен тәрбиесіне ұстазбен бірге үлес қоса алды. Бастауыш мектептің электронды күнделікпен озық көрсеткішке қол жеткізуіне «Мектеп-қоғам-отбасы қарым-қатынасы» алгоритмінің тиімді жоспарлануы басты себепші болғаны сөзсіз, – деді мектеп директоры.

Шағын ғана ұжымның жетістігі мен жаңалығы алдағы жылы да жалғасын таппақшы. 2021 жылдан бастап, «Мектеп үні» деп аталатын газет шығару мақсатында облыстағы баспаханалар-мен келіссөздер жүргізілу басталған. Әлеуметтік желіде мектептің ресми парақшасы арқылы «No2 бастауыш мектеп жаңалықтары» деп аталатын мек-теп телевидениесі жобасы да көрермен көзайымына айналмақ.Оқушының шет тілін үйренуге қызығушылығын арттыруды да ұжым басшысы назардан тыс қалдырмаған. Сол үшін полиглот жас ғалымдардың қатысуымен танымдық шаралар және шетелдік педагогтың мектепке келіп, тоқсанына бір рет сабақ өткізуін ұйымдастыру қолға алынды.

«Алты алаштың басы қосылған жерде, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, әріп үйреткен ұстаздың өнегесін өмірде ұлықтап өту парыз. Бұл педагогтың мәртебесін асырып, мерейін өсіреді. Ұжымның еңбегі де ұстаздың біліктілігіне сай бағаланады. Келешекте үздік ұжымның бұдан да биік жетістіктерге жетуіне біз де тілектестігімізді білдірдік.

Салтанат АҚТӘЖИЕВА,

Мақат ауданы

img 20201120 wa0051
img 20201120 wa0052
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз