Елбасы жалпыұлттық телекөпір барысында жаңа жобаларды іске қосты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЕХРО Конгресс-орталығында «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір өтті. Аталған шара барысында ел дамуына соны серпін беретін индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлы жаңа жобалар іске қосылды.
«Әлемнің 110 елі қазақстандық өнімді тұтынады»
Ауқымды іс-шараның басталар тұсында Мемлекет басшысы индустрияландырудың және цифрландыру бағдарламасының жобалары қойылған көрмені аралап көрді. «Біз ел экономикасын әртараптандыру жөнінде шаралар қабылдап жатырмыз. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру, инвестициялық ахуал мен сот жүйесін жақсарту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз» деген Мемлекет басшысы шетелден келген инвестицияның төрттен бір бөлігі өңдеу секторына тиесілі екенін айтты.
«Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін дамудың түбегейлі жаңа моделіне көшуге тиіс. Еуразия экономикалық одағы және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы қазіргі экономикалық әлеуетті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет» деген Нұрсұлтан Назарбаев қарапайым заттар экономикасын, яғни, технологиялық тұрғыдан күрделі емес тұтыну заттарының импортын алмастыруға күш жұмылдыруымыз керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы индустрияландырудың үшінші бағдарламасының стратегиясын нақты нәтижелерге бағыттай отырып, жан-жақты пысықтау керек екендігін де атап өтті. «2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма бердім. Бұл қаражат экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қаржылай және қаржылай емес кешенді қолдау көрсетудің құралдарын көбейтуге жұмсалатын болады» деген Президент өңдеу өнеркәсібінің барлық буынында салалық басымдықтардан тиімді өндірушілерге қолдау көрсетуге көшу үдерісі жүргізілетінін айтты.
Бастамалар – ел игілігіне
Индустрияландыру күніне арналған шара кезінде 28 жаңа жоба іске қосылды.
Телекөпір барысында Қазақстан Президенті «Бақыршық таукен өндіру кәсіпорны» мен Қарағанды облысының катодты мыс өндіретін «Алмалы» кен орнындағы құрылысы аяқталған «Sary-Arka Copper Processing» кәсіпорнын іске қосуға пәрмен берді. Сонымен қатар, машина жасау және құрылыс индустриясы саласында Павлодар облысындағы «Проммашкомплект» темір жол доңғалақтарын өндіретін кәсіпорын онлайн режімде іске қосылды. Бұл кәсіпорын темір жол доңғалақтары өндірісін жылына 75 мыңнан 200 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жалпыұлттық телекөпір Шымкенттегі қуаты 110-220 кв трансформатор шығаратын «Asia Trafo» зауыты, Қызылорда облысындағы қуаты жылына 1 млн тонна болатын «Гежуба Шиелі Цемент» Қазақстан-Қытай инвестициялық жобасы, Алматыдағы қуаты жылына 550 мың тонна қоқыс өңдейтін «Green Recycle» ЖШС кешені және Петропавлдағы қажетті халық тұтынатын тауарлар мен полимерлерді толық циклда қайта өңдейтін «Радуга» ЖШС металл-пластикалық бұйымдар зауытының тұсауын кесті.
Бұған қоса «KEGOC» АҚ 500 кВ «Семей–Ақтоғай–Талдықорған–Алматы» желісі іске қосылып, Ақтөбе облысында қуаты 300 млн м3 болатын Қожсай кен орнында «Gas Processing Company» ЖШС ілеспе мұнай газын қайта өңдеу жобасы жұмыс істей бастады. «Баламалы энергетика» саласында «Samruk Kazyna–United Green» ЖШС Жамбыл облысында қуаты 100 МВт болатын Қазақстан-Британ бірлескен жобасы – «Бурное» күн электр стансасы пайдалануға берілді.
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы «KТ Редкометальная компания» ЖШС бірлескен кәсіпорны жел энергетикасының бірінші кезеңі іске қосылды. Ақмола облысындағы соңғы жылдары аграрлық саладағы ірі жобалардың бірі саналатын қуаты жылына 50 000 тонна ет өндіретін Макинск құс фабрикасының бірінші кезеңі, Арқалық қаласындағы ет өңдейтін «Торғай Ет» ЖШС кешені пайдалануға берілді. Тамақ өнеркәсібі саласында Mareven Food Holdings трансұлттық холдингінің Алматы облысындағы ұнды терең өңдейтін және тамақ өнімдерін дайындайтын зауыты да өз жұмысын бастады.
Индустрияландыру күні аясында Түркістан облысында түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС кәсіпорны іске қосылды. Онда құрғақ сүт, балалар тағамы және энергетикалық сусындар әзірленеді. Телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік бастаманың бірі ретінде Астананы газдандыру жобасындағы Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша ұзақтығы 1061 км болатын және жылына 2,2 миллиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар «Сарыарқа» газ магистралінің 1-кезеңін іске қосуға пәрмен берді. Сондай-ақ Президент онлайн-режімде республика тарихындағы алғашқы концессиялық жоба – Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы құрылысының барысын бақылады. Онда 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.
Батыс Қазақстан облысындағы елімізді Ресеймен және Шығыс Еуропамен байланыстыратын Орал – Тасқала автожолы учаскесінде автокөлік қозғалысы ашылып, бірқатар шалғай ауылдар кең жолақты интернетке қол жеткізді. Астанада модем, коммутатор және автоматты цифрлы телефон стансасын өндіретін «DigitalSystemServis» ЖШС зауыты құрылды. Алматыда прибор жасау және радиоэлектроника инновациялық «Kaz Tech Innovations» ЖШС зауыты іске қосылды.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы әуе жүк тасымалы саласында e-Freight және «Қазпошта» компаниясының фулфилмент орталық – қағазсыз құжат айналымы ақпараттық жүйесінің жұмысын, «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдауды басқару digital-жүйесін іске қосты.
Атырауда диірмен ашылды!
Тікелей байланыс арқылы онлайн режимде іске қосылған индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлы жобалар қатарында Атырауда ашылған ұн тартатын диірмен де бар.
Телекөпір барысында Атырау облысындағы аграрлық сектор бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған «Карат» ЖШС автоматтандырылған диірмені іске қосылды.
− Ұн тартатын диірмен жобасы ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы да септігін тигізді, — дейді жоба жетекшісі Рашид Отаров. -Диірмен қазіргі заманғы итальяндық жабдықпен қамтылған. Басқару процесі толығымен автоматтандырылған. Өндірісті планшет арқылы басқаруға болады.
Диірмен «Дәулет» жекеменшік индустриялық аймағында орналасқан. Кешеннің басты бағытынан және макарон өнімдерін дайындайтын жоғары және бірінші сұрыптағы ұн алуға қажет бидайды өңдеу. Ұнтақ жарма мен кебек шығару да жоспарда бар. Мекеменің мақсаты азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптерде 100 пайыз қазақстандық мазмұнды дамыту, отандық тауар өндіруді ұлғайту.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев телекөпір басталғанға дейін өндіріспен танысып, мұндай жобалар мұнайлы өңір үшін маңызды екенін атап өтті. Жергілікті сапалы өнім болашақта сырттан келетін ауыл шаруашылығы тауарларымен бәсекеге түсе алады.
Жоба бастамашыларының айтуынша, өндіріске қажет бидай Солтүстік Қазақстаннан сатып алынады. Шығарылатын өнім Қазақстанның батыс өңірінің қажеттілігін толық жабады. Болашақта ТМД және Азия елдеріне экспорттау жоспарланып отыр.
Жалпы құны 4,4 млрд. теңге болатын жоба жылына 55 мың тонна өнім шығарады.
Өз тілшіміз.
Қазақстандық өнімдердің барлығы өте пайдалы. Сондықтан отандық өнімді бәрін әлем халықтары барынша алады, қатты қолдайды. Таптырмас өнім өндірілгенде, ол өзге мемлекеттерде өткенде халыққа көп кіріс кіретіні сөзсіз.