Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Елбасы тұсауын кескен зауыт

Өнімдері енді Еуропаға шығады

«Қазақстанда жасалған әрбір бұйымда төрт қасиетсапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек» деген болатын Мемлекет басшысы. Бұл қағиданы басты ұстанымына айналдырып, өз жұмысын осы бағытта ұйымдастырып отырған отандық кәсіпорындардың бірі ретінде «Каспий Лана Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін атаған ләзім.

%d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b-%d1%82%d1%83%d1%81%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%bd-%d0%ba%d0%b5%d1%81%d0%ba%d0%b5%d0%bd-%d0%b7%d0%b0%d1%83%d1%8b%d1%82

2015 жылдың желтоқсан айында Ұлттық индустрияландыру күні қарсаңында «Қазақстандағы жаңа индустрияландыру» тақырыбымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасының өзі тұсауын кескен Атыраудағы жүн өңдеу және өнімдерін өңдеу зауыты содан бергі кезеңде алғашқы нәтижелерге қол жеткізіп те үлгерген. Батыс Қазақстандағы тұңғыш тоқыма өнеркәсібі кәсіпорны саналатын өндіріс орнының жобалық құны 2,4 млрд. теңгені құраса, толықтай  қуатына қосылғанда, мұнда жылына 350 тонна қой және 100 тонна түйе жүні өңделіп, жалпы көлемі 400 мың қума метр дайын өнім шығарылады. Болашақта бұл көрсеткіш 600-700 мың қума метрге дейін жеткізіледі. Одан бөлек, ешкі жүнін өңдеп, кәдеге жарату да ойластырылған.

2014 жылы «Достан Ата» шаруа қожалығы және «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК»  АҚ-ның құрылтайшылығымен құрылған аталмыш кәсіпорын қазірдің өзінде жұмысын жүйелі жолға қоюға ұмтылған. Соның дәлеліндей, осында жуылып, тазаланып, екі қайтара өңдеуден өткізілген қой мен түйе жүні, одан иіріліп, тоқылған түрлі өлшемдегі жамылғылар мен төсемдер жекелеген тұтынушылардың ғана емес, осы салада еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер мен кәсіпорын-компаниялардың да қызығушылығын туғызуда. Бүгінгі таңда дайын тауар ретінде ұсынылып отырған бұл бұйымдардың бағасы да қолжетімді.

%d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b-%d1%82%d1%83%d1%81%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%bd-%d0%ba%d0%b5%d1%81%d0%ba%d0%b5%d0%bd-%d0%b7%d0%b0%d1%83%d1%8b%d1%822

Отандық кәсіпорынның өнімдері осыған дейін халықаралық деңгейдегі көрме-жәрмеңкелерге шығарылып, ұйымдастырушылар тарапынан лайықты бағасын алған. Республикамыздың бірнеше облысында өндіріске қажетті негізгі шикізат – жүнді жинау, қайта өңдеу және дайындау орталықтары ашылған.

Осылайша, «Каспий Лана Атырау»  ЖШС-нің өнімдері бұдан былайғы жерде Қазақстан нарығымен шектеліп қалмай, ТМД мен Еуропа елдеріне, соның ішінде Италия, Шотландия, Беларусь, Ресей мемлекеттеріне де шығарылып, олардың да сұраныстарын қанағаттандырады. Мұның өзі жалпы өнімнің 30 пайызын құрайды  деп есептелінуде.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев осында атбасын тіреп, жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында мемлекеттің қолдауымен іске қосылған кәсіпорындағы игі істерге оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Баян Жанұзақова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button