Елбасы Алау эстафетасына ақ жол тіледі
Кеше Астанадағы «Назарбаев Университетте» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың Алау эстафетасына ақ жол тіледі. Дүние жүзі көз тіккен спорт аламанының Алауы Қазақ елі Президентінің қатысуымен тұтанды. Мұның алдында Мемлекет басшысы шаңғышы Дәулет Рахымбаевқа Қазақстан Туын салтанатты түрде табыс етті.
– Алматыда 29 қаңтардан бастап өтетін ХХVІІІ Бүкіләлемдік Универсиаданың Алауын тұтатып отырмыз. Күллі әлем үшін мәртебелі жарысты біздің елімізде өткізу құқына ие болуымыз – Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміздің бірі. Мұндай әлемдік ауқымдағы жарысты Қазақстан бұған дейін өткізіп көрген жоқ. Оны өткізуге кез келген мемлекеттің әлеуеті жетпейді. Осындай жағдайда таңдау Қазақстанға түсті. Біздің бұл жарыстарға лайықты әзірленіп, абыроймен өткізетінімізге мен сенімдімін. Қазір тұтанған бұл Алау еліміздің барлық өңірлерін аралап, жер-жердегі жанкүйерлер спортшыларымызға дем береді, үлкен жеңістерге рухтандырады, – деді Президент.
Универсиадада Қазақстанның намысын барлығы 168 спортшы қорғайды. Елбасы олардың әрқайсысына сәтті өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестігін білдірді. – Сіздерге бүкіл Қазақстан жанкүйер болады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Осы Универсиаданы өткізіп отырғанымыздың өзі жастарды спортқа тартуға мол септігін тигізеді. Осы мақсатта салынған спорт нысандарының қызығын болашақ спортшылар көреді. Елімізді әлемге танытайық! Бір кезде Владимир Смирнов пен Людмила Прокашевалар салған жолды сіздер жалғай біліңіздер! Араларыңыздан шығып, әлемге танылғандарыңызды бүкіл еліміз мақтан тұтады! Баршаңызға зор денсаулық, үлкен жеңістер тілеймін!
Эстафета Алауын бірінші болып алып жүру құрметіне шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы, «Барыс» хоккей клубының ойыншысы Мадияр Ыбырайымбеков ие болды. Салтанатты шараның соңына дейін Алауды барлығы 60 спортшы елорданың орталық көшелерімен үш жарым сағат бойы екі кезеңмен алып жүгірді.
Алғашқы кезең «Назарбаев Университет» пен «Бәйтерек» монументінің аралығын қамтыса, екінші кезең осы монументтен басталып, оң жағалаудағы қалалық әкімдікке дейін жалғасты. Эстафетаның жалпы ұзақтығы – 12 шақырым. Алаугерлер қатарынан бокстан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит, гір көтеруден спорт шебері Әлібек Наурызбайұлы, джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева тәрізді көптеген саңлақтарды көрдік.
Астанадағы ақ түтек боранға қарамастан, Алау алып жүгірушілер межелі жерге белгіленген уақытта жетті. Алау мерекесі елорда төріндегі «Бәйтерек» монументінің алдында ұйымдастырылған ауқымды концерттік бағдарламаға ұласты. Дәл осы жерде Алау эстафетасын даңқты боксшы, Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов қабылдап алып, Астана әкімдігі орналасқан ғимаратқа дейінгі жолды жүгіріп өтті. Әкімдік алдында жиылған қауымды қала әкімі Әсет Исекешев те арнайы құттықтады. Осыдан кейін қысқы Универсиада алауы республикалық штаб өкілдеріне табыс етілді.
Екі кезеңмен жалғасқан эстафета соңында Алау арнайы ұшақпен Универсиада астанасы Алматыға бағыт алды. Ол ХХVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың 29 қаңтар күні болатын салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің басқа өңірлерінен де жеткізілетін эстафета алауларымен бірге дүниежүзілік доданың негізгі Алауын тұтатады.
Жалпы, бүгіннен, яғни 26 қаңтардан бастап, еліміздегі барлық облыс орталықтарында қысқы Универсиаданың Алау эстафеталары өткізіледі.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА