Елбасы тапсырмасы қашан орындалады?
Сенаторлар Ғұмар Дүйсембаев, Сағындық Лұқпанов және Әли Бектаев Атыраудағы балық өсіретін зауыттардың тағдырына қынжылады. Соған орай, Үкімет басшысына арнайы сауал жолдады. Жасыратыны жоқ, кеңес дәуірінде басталған Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауыты 12 жылдан кейін, яғни 1997 жылы ғана аяқталды. Ал, бір жылдан соң «Атырау бекіре балығын өсіру зауыты» РМКК іске қосылғанда, бркімізді аспанға атып қуанғанымыз есте.
Дейтұрғанмен, сол кездің өзінде бекіре шабағын өсіруге арналған экстенсивті технологияның күні өткен, уақыт талабына сай келмейтін еді. Әу бастағы жобаның заман талабына сай еместігі ол кезде ескерілген жоқ. Қазір екі зауытта жұмыс жасап тұрған балықты жасанды жолмен көбейтетін биохимиялық жүйе бір реттік пайдалануға ғана негізделген. Бұдан гөрі шабақтың саны жағынан да, салмағы бойынша да тезірек жетілуіне, бір сөзбен айтқанда тиімділігі жоғары интенсивті биотехнологияларды пайдалану әлдеқайда мол табыс әкелер еді. Сол себепті, 2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа келген сапарында Атыраудан 30 млн. дана бекіре тұқымдас балық шабағын өсіре алатын, заманға сай озық технологияға негізделген жаңа зауыт салуға тапсырма берген болатын. 2014 жылдың қаңтарында Нұрсұлтан Әбішұлы мақұлдаған қарарда осы тапсырманы бірнеше кезеңмен жүзеге асыру қарастырылды. Өйткені, зауыт салу бір-екі айда аяқтала қоятын құрылыс емес. Сондықтан, жауапты мемлекеттік орган – Ауыл шаруашылығы министрлігі зауыт құрылысын неғұрлым кейінге шегерді. Ал, жобаның бастапқы кезеңінде, жұмыс жасап тұрған екі бекіре зауытын реконструкциядан өткізу арқылы, олардың жиынтық қуатын 7 миллионнан 12 миллион дана шабақ өсіруге жеткізу көзделді. Алайда, Президенттің бұл тапсырмасы да орындалмай қалған. Соған байланысты Премьер-Министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған сенаторлар Атыраудағы екі зауытты реконструкциядан өткізуге де, материалдық-техникалық базасын жақсартуға да әлі күнге дейін қаражат бөлінбегеніне алаңдаушылығын жеткізді.
Кәсіпорындар сол күйі тиімділігі төмен технологиямен, ескірген құралжабдықпен жұмысын жалғастырып келеді. Оның үстіне өндірісті қажетті, білікті кадрмен қамтамасыз ету де оңайға түсіп жатқан жоқ. Бүгінде зауыт қызметкерлерінің орташа жас көрсеткіші 50-дің шамасында. Жалақысы да тым төмен, небары 60 мың теңге көлемінде. Ал, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Атырау облысында қазіргі орташа жалақы 405 мың теңге екені мәлім. Қысқасы, екі зауыттағы ахуал жақсы емес. Осындай күрделі жағдайды Үкімет басшысына тәптіштеп жазған Сенат депутаттары: «республика Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, соның ішінде жаңадан құрылған балық шаруашылығы комитетіне Елбасы тапсырмасын және балық шаруашылығын дамыту жөніндегі республикалық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында екі зауытты модернизациялау жөніндегі мәселеге қайта оралуы тиіс деп есептейміз. Мақсат – отандық балық өсіру шаруашылықтарын тиімділігі жоғары заманға сай технологиямен жарақтандыру. Сондай-ақ екі зауыттың қызметкерлерінің жалақысын көтеру мақсатында, Үкіметтің 2015 жылдың 31 желтоқсанындағы №1193 қаулысына еңбекақы бөлігі бойынша өзгеріс енгізуді сұраймыз», – деп атап көрсеткен.
Шынында да, Ғұмар Дүйсембаев бастаған бір топ сенатордың мәселеге ерекше мән беруі орынды. Себебі, бұл зауыттың технологиясын жаңғырту бойынша осыған дейін бірнеше мәрте мәселе көтерілгенімен, үнемі аяқсыз қалады. Ал, Атырауда балық өнеркәсібі мамандарының тапшылығы ахуалды одан әрі қиындатып тұр. Алайда, бұл мәселеге назар аударып, жан ауыртқан құзырлы орган жоқ. Енді балықшылар Үкімет басшысынан ғана үміт күтеді.
Қуандық ШӘКІРОВ