Елбасы коронавируспен күрес үшін арнайы қор құруды ұсынды (+ВИДЕО)
Atr.kz/20 наурыз, 2020 жыл. Елбасының пікірінше, қазіргі сын сағатта әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс.
«Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын. Осындай жағдайда бұрынғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдауын көрсетеді деп сенемін.
Ондай қорларды әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда құру қажет. Ол жұмысты тиісінше сол жерлердің әкімдері жүзеге асырғаны дұрыс.
Бүкіл халық, қалың ел, жалпақ жұрт болып жұмылудың жарқын үлгісі мен тиімділігін біз Арыс қаласын апаттан кейін жедел қалпына келтірген кезде көрсеткен едік.
Екіншіден, мен қазірдің өзінде ұлттық бизнес өкілдерінің ел-жұртқа көрсетіп жатқан көмегі үшін ризашылығымды білдіремін. Мұндай мәрттік жалғасын тауып, оған қосылатын бизнес өкілдерінің саны көбейе түседі деген үміттемін» деген Елбасы «Кемедегінің жаны бір» деген халық нақылын еске салды.
Атап өтерлігі, бұған дейін Елбасы тапсырмасымен «Nur Otan» партиясының жобалары аясында 150 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалады.
Сонымен бірге, Тұңғыш Президент Қоры есебінен пандемиямен күреске 200 миллион теңге бөлінді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА