Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeСаясат

ЕЛ және ЕЛБАСЫ

Ел!.. Мұны әркім әрқалай түсінеді. Өйткені, әр пенденің өз ұғымы бар. Бірақ бір нәрсе айқын: Ел – ырыстың кілті, ер – ырыстың қорғаны. Жер-дүниені жаратушының бізге жазған байлығы – кең жазира даласы, оның асты-үстіндегі байлығы. Ұлан байтақ сахараны сақтап қорғау үшін тағы бір қасиет берген, ол – намыс. Біз ешқашан намысты қолдан бермеген халықпыз.

Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан өзбек елінің Президенті Ислам Каримовтың бір сөзі ойға оралады: «Біз, өзбектер, бір туғанымызды, туысымызды алыс сапарға жіберіп жатсақ, «Досың қазақ болсын» деп бата беріп, тілек айтамыз. Осы бір мақал бүкіл қазақ халқының кім екенін айтып тұр. Қазақ ешқашан досын жауға бермеген, досын сатпаған, досын жолға тастамаған…»

Әлбетте, біз сондаймыз. Барға масаттанып, жоққа жасымаймыз. Әр дәуірде осы Елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған талай басшы, небір данышпандар болған. Оны тарих жақсы біледі. Бірақ бір ғана ұғымды ештеңе алмастыра алмайды. Ол – Елбасы! Бұған дейін қазақ хансыз болмаған. Ел басшысын әрқилы атады. Хан деді, билеуші деді, сұлтан деді, басқа да атақ-құрмет жеткілікті. Әйтсе де, Елбасы болған ешқайсысы жоқ. Бұдан кейін де талай Президент мемлекетті басқаратыны сөзсіз. Бірақ олар Елбасы атанбайды. Неге?.. Себебі, сан түрлі!..

Қоңсы отырған қос елдің арасынан ала мысық жүгіріп, қырғиқабақ қатынаспен өмір бойы келе жатқандар бар. Бас қатырып ойланбай-ақ, соңғы бірнеше онжылдықта болып жатқан Қарабақ пен Шешенстан, Тәжік пен Ауған, Украина мен Қырғыздағы бейбастақтықты алып көрейік. Сырттай қарағанда, «не жетпей жатыр?!» деп, себеп-салдарын саусақ бүгіп санарсыз. Түптеп келгенде, бәрі де елдік және елдің бірлігі дегенге келіп тіреледі. 285 миллион халқы, жер шарында теңдессіз территориясы, мықты идеологиясы болған Кеңес Одағы аумағында да көрпенің астынан су жіберушілер көп болғаны рас.

Жоғарыда айтқан дүрдараздықтар сол кезде де тыншыған жоқ, бар болғаны сырткөзге сыр бермес үшін бүркемеленді. Одан бері де Одақ құрамында болған 15 республика өздіөзі қырықпышақ болып, тәуелсіздігін алғанда алабөтен жайбарақат қалған бір ғана ел болды. Ол – Қазақстан. Ешкімге соқтықпай, ешкімнің жағасынан алмайақ 1990 жылдың 25 қазанында егемендік туралы декларациясын қабылдап, 1991 жылдың 16 желтоқсанында тәуелсіздігін жариялағанда да ешқандай «қызылдыжасылды» төңкерістер болған жоқ. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың майдан қыл суырғандай орнықты басшылығының жемісі.

Шынында, қазақтың елдік рухын қалыптастырған тек өзі ғана. Өйткені, орыс оқымыстысы П.П.Семенов-ТяньШанский (1827-1914) айтпақшы, «қазақты оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары түгелдей тұнып тұрған білім!» Мұның айғағын да бүгінгі Қазақстаннан көруге болады. 30 жылға жуық уақыт өтті. Қазақ даласында біраз өзгерістер болды, жақсы істер көбейіп, жайлы тұрмыс орнады. Есігіне құлып салуды білмеген қазақтың ықыласы түзелді, ілім-білімге құштарлығы артты. Қазір өрімдей қазақ жастарын әлем тани бастады. Қазақтың қолынан іс келетін жігіттері мен қыздарын шет мемлекеттер аттай қалап, өз елдерінің игілікті қызметтеріне шақырып жатыр.

Мұның бәрі елдік мүдде, отаншылдық рух. Әрине, ел болған соң оның ішкі қиындықтары болады. Түрлі тартысты мәселелер туындайды. Соның бәрін тігісін жатқыза үйлестіріп, ішкі тұрақтылықты қалыптастырудағы Елбасының тынымсыз еңбегін халық жақсы біледі. Жылнамаға қарағанда, қазақтың тарихы – әлемдегі ең озық әрі жетілген тарих. Себебі, қазақ – әлемге мәдениетті үйреткен ұлт.

Мұның дәлеліндей Ресейдің атақты философы әрі теолог Гейдар Джемаль айтқан бір сөз бар: «Қазақтар өткен тарихымен әлем елдері арасында елеулі орыны бар. Олар Бату хан армиясының өзегі болды. Қазақтар Козельск, Москва, т.б. қалаларды алғандардың және Алтын Орданың әскери-саяси құрылымының тікелей ұрпақтары. Әзірге Қазақтың маңыздылығы әлемдік тарихқа байланысты болғанымен, Қазақ халқының мол мүмкіндігінің ашылу сәті әлі алда. Ол Үлкен Тұранның ояну сәтіне байланысты болады. Оның қозғаушы күші Қазақтар болады.»

Сайын сахараның күнбатыстағы қақпасы, субдикция аймағы – Атырау жерін ғана алайық. Тура мағынасында айтқанда, Каспий теңізін жағалаған ел гүлденіп жатыр. 1991 жылғы халық тұрмысы мен елдің қазіргі тыныстіршілігін мүлде салыстыруға келмейді. Белуардан балшық кешкен кезді ұмытқан халық шын мәнінде қолын жылы суға малып отыр. Ауылдағы елдің жыңғыл шауып, қи ойып, ошақтан күл шығарып, иінағашпен су тасыған күнін ұмытқанына да бірнеше жылдың жүзі болды.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегеннің дәлелі осы болса керек. Тек қаланың аумағында ғана бірнеше өндіріс орны салынды. Бұрынғыдай мыңдаған адам жұмыс жасамаған соң, байқалмауы мүмкін. Себебі, өнеркәсіптің жұмысы түгелдей автоматтандырылған. Қолмен емес, компьютерлік технологиямен атқарылады. Қазір Атырау облысындағы елді мекендер түгел көгілдір отынды тұтынып отыр. Ауыз сусыз отырған ауылдар жоқ, тасып ішетіндердің саны азайды. Жуырдағы бірер жылда ол проблема да шешімін таппақшы. Баспанадан мұқтаждық көріп келген тұрғындар жыл сайын жүздеген пәтерге қолдары жетіп отыр.

Одан бөлек мемлекеттен алған жер теліміне хан сарайындай етіп, жекеменшік үй салып алғандар қаншама?! Тақтайдай тегіс көлік жолдарын қараңыз. Атыраудан Ақтау, Орал бағыттарына автокөлік жолдары бұрыннан да бар еді. Енді Ақтөбе, Астрахан бағытындағы жол толықтай жаңартылып жатыр. Бұл құрылыстар енді бірер жылда толық аяқталғанда, Қ а з а қ с т а н н ы ң б а рл ы қ ө ң і р і н е автокөлікпен шығатын мол мүмкіндік жасалады. Әрине, бұған дейін де жол салынды. Бірақ қазіргі салынып жатқан асфальттың сапасын шынымен мақтауға тұрарлық.

Атырау облысында интернетсіз елді мекен жоқ, Азғыр өңірінен басқа. Бүкіл әлемнің хабарын сол сәтте біліп отырғанымыз жасалған жұмыстың нәтижесі емес пе? Агроөнеркәсіп саласында да беріліп жатқан субсидия мен лизинг, өзге де көмек-қолдаулар жеткілікті. Құдық қазып, шөп шапқаны, малдың тұқымын асылдандырып, оны көбейткенінің бәріне мемлекеттен ақша бөлініп жатыр.

Соның бәрін ұйымдастырып ала білу – әр фермердің өз қабілетіне байланысты. Тіпті, егістік алқабына жіберетін суды да техниканың күшімен реттеп отырады. Малды машинамен бағып, жем-шөбін де технологияның күшімен алдына салып беретін болды. Пандемия кезінде де қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жұмылдырып, елді қиын жағдайдан алып шығуға тиісті құрылымдар барын салды. Соның арқасында медицина саласында дәрідәрмек, құрал-жабдықтармен қамту мәселелері барынша шешілді.

Қазір облысқа бір топ дәрігер келді. Тағы да тапшы мамандармен қамтамасыз етуге жұмыс жасалуда. Білім саласында да көрсеткіштер бұған дейінгі ахуалдан еш төмен емес. Тіпті, бұрынғы қыруар шығын жұмсалатын шаралардың онлайн режимде өтуі миллиондаған қаржыны үнемдеп жатыр. Облыста халықты әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаржының көлемі – 10-12 миллиард теңге шамасында. Сол арқылы түрлі әлеуметтік санаттағы азаматтардың тұрмыс-халін жақсартуға жағдай жасалып отыр.

Басқа салаларда да тер төгіліп, жұрттың игілігі үшін жұмыстар жасалып жатқанын жергілікті халық жақсы біледі. Егер шындап қараса, жер жүзіндегі ең дамыған елдерде де кемшілік бар. Оларда да мұқтаждық жеткілікті. Тек сол елдерде түймедейді түйедей етіп, кемшілікті қазбалайтындар аз. Керісінше, жасалып үлгерілмеген жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыруға тырысады.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» деп атабабамыз жақсы айтқан. Бірлесіп, елдің игілігі үшін жұмыстанайық. Гүлдендіруге үлес қосайық. Сонда ғана еліміз үлкен биіктерге көтеріледі. Ұлы мәдениеті бүкіл әлемді мойындатқан Қазақ елі жайлы «Кәдімгі тарих» атты фундаменталды ғылыми еңбектің авторы Жорж-Луи Леклерк де Бюффон XVIII ғасырда былай деп жазыпты: «Бірінші мемлекет, яғни осылай деп аталуға лайық ел өте ескі заманда Каспий теңізінің шығыс жағында дүниеге келген. Бұл халық ғылымды, өнерді және басқа да игіліктерді дүниеге әкелгені үшін де үлкен құрметке лайық… Олар төтенше бақытты болды, себебі олар өте білімді еді…»

Әлбетте, Бюффон айтқан уәжге біздің қосарымыз – өркениетке жету үшін әр елде біздің Елбасыдай көреген саясаткер болу керек. Жер жүзіндегі жанжал атаулыны бітістіріп, жауласқандарды ымыраға шақыру үшін елордада әлемдік дінбасылардың басын қосып келеді. Өзі де шартараптағы шиеленістерге самарқау қарамай, сыртқы саясатта өзіндік пікірұсыныстарын айтып жүр. Соғыс тұрмақ, қару-жарақ деген сөзге қарсы екенін іспен көрсетті. Оған дәлелді Атырау облысынан да табуға болады.

Азғыр мен Тайсойғандағы әскери сынақ полигондарын жауып, жер аумағын да елге кері қайтарып алды. Азуы алты қарыс Америка Құрама Штаттары, қолы жеткен жерін аждаһадай жалмап жатқан Күншығыс елі, батыстағы алып империя – ормандай орыс мемлекетінің де арбасып отырып тілін тауып, олардың әрбір әрекетін тамыршыдай тап басып келеді. Ал, Орта Азиядағы көршілес елдердің басшыларын қойдай өргізіп, қозыдай көгендейді. Көрегендік демей көріңіз!..

Көрегендікпен қатар, бұл – қайсарлық, батырлық. Өйткені, дағыстан халқының поэзиясында қазақ ұғымы «ер, қайсар, жауынгер» деп сипатталады екен. Ал, құмық тілінде «батыр» деген мағынаны білдіреді. Кәдімгі түріктер әлі күнге дейін берген уәдесінен таймайтын, бір сөзді жанды «мәрт», батыр адамды «қазақ» деп атайтын көрінеді. Сондай-ақ, малдың жүнінен тоқылған бұйым атаулыны және әйеліне билігін жүргізе алатын еркекті «қазақ» деп дәріптеген. Мұны сол халықтардың бізге деген зор бағасы деп қабылдаған жөн.

Осындай ұлттың перзенті, қарадан шығып хан болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдегі саясаткерлік болмысы, ел дамуындағы қайраткерлік келбеті, Елбасы ретіндегі дара іс-әрекеті – мұның бәрі қанмен берілген қасиет. Ол соны мемлекеттің дамуы жолында жұмсап келеді. Елбасы – бақытын еңбектен тапқан жан. Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір қырын еске алғанда, немістің көрнекті ұлдарының бірі, оқымысты-ғалым әрі мемлекет қайраткері Иоганн Вольфганг фон Гетенің: «Өзі үшін ғана еңбектенген адам азап шегеді. Басқалар үшін еңбектенген адам олардың қуанышына ортақтасады» деген ойлы сөзі еске түседі.

Бір кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі: «Қазақ адамды өлтіру үшін оны аспанға көтере мақтайды» дегені бар-ды. Алайда, бұл жолы біздікі мақтау емес, айдай ақиқат. Шынында да, Назарбаев – елі үшін еңбек етіп, барлық күш-жігерін Отанының өркендеуіне жұмсаған Қайраткер. Ол – Елбасы!.. Одан асқан баға болмайды. Қайталанбайтын тұлғаның Қазақ елінің тарихында алатын орыны зор. Өйткені, тарихты ешкім де сүртіп тастай алмаған.

Қалай десек те, елдің қалауы – тыныштық, тұрақтылық пен табыс. Елбасының айтып жүргені де сол мақсат. «Қол созған ой-арман тыныштық пен тұрақтылық арқылы келеді» дегенді бұдан бірнеше онжылдық бұрын Алатау баурайында жүріп айтып еді. Лайым, Елде ынтымақ азбасын!

Назарбек ҚОСШИЕВ,

журналист

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button