ЕЛ ТІРЕГІ, ЕЛ СЕНЕРІ – ЕЛБАСЫ

Ғ.Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханада  «Қазақстанның жаңа тарихы – Тұңғыш Президенттің рөлі» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» өтті. Оны облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырысы бойынша «Атамұра» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры ұйымдастырды. Шараның мақсаты – Қазақстанның жаңа тарихы мен оның Тұңғыш Президентінің рөлін жан-жақты ашып, халыққа кеңінен насихаттау. Сол арқылы ұлттар достығын берік сақтауға және Қазақстанның әлемдегі озық отыз елдің қатарына енудегі атқарылып жатқан істеріне, Мемлекет басшысының еліміздің одан әрі қарышты дамуы жолында атқарып жатқан жұмыстарына тереңірек тоқталу.

 

«Дөңгелек үстелді» аталған қордың төрайымы, облыстық «Атырау» газетінің шолушысы Ағиба Қатешова жүргізді.

«Дөңгелек үстелге» қоғам және мәдениет қайраткерлері, оқу-ағарту мекемелерінің басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері және Елбасымен әр жылдарда жүздескен адамдар қатысты.

 

Жайлы ӨМІРБЕКОВА,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы:

Біз биыл Тұңғыш Президент күнін үшінші рет атап өтіп отырмыз. Қазақстандай алып мемлекеттің аяғынан нық тұрып, бүгінгі күні әлем мойындап отырғандай дәрежеге жетуі – Мемлекет басшысының ұшан-теңіз еңбегі. Маған Нұрсұлтан Әбішұлымен төрт рет кездесудің сәті түсті.

1996-1997 жылдар да елімізде қиыншылықтарға толы болғандығы белгілі. Қаражат тапшылығы, экономикадағы дағдарыстар әжептәуір байқалып тұрды. 1997 жылы республикалық Президенттік шырша Атырау қаласында өтті. 300-дей бала қатысқан бұл мерекеге Президенттің өзі қатысып, балалардың қуанышын көзбен көріп, кішкентай балғындарға үлкен қуаныш сыйлағаны әлі күнге көз алдымда.

Елбасының елін қастерлеп, қазақтың түп-тамырына асқан құрметпен қарайтын ел басшысына тән қасиеттері, айта берсең, өте көп. Қай нәрсенің болмасын тереңіне үңіле отырып, қоғамды алға жетелеудің, өркендеуге апарар жол табудың нәтижесі – бүгінгі күні көзге көрініп тұрған жанды ақиқат. Бір кездері Байқоңырдан қазақ азаматы космосқа ұшу таңдалған тұста, Елбасы бірнеше үміткерлердің ішінен Тоқтар Әубәкіровке тоқталды. Сөйтіп, Президент ол кісінің білімділігі, сыртқы келбеті мен тұлғасы арқылы әлемге қазақ ұлтының қандай болатындығын көрсетті. Қазақ азаматының әлемдік ғарышкерлермен тең екендігін әйгіледі. «Болашақ» бағдарламасымен жастарымыздың шетелдерде оқып, білім алуларына мүмкіндік жасады. Қандай қиыншылықтар кездессе де,  Елбасы халқын тығырықтан алып шығу жолын тауып отырды.

Ең бастысы, еліміз тыныш, халқымыз аман. Кейбір мемлекеттерде қандай ауыр жағдайлар болып жатқанын білеміз. Біздің Тәуелсіз Қазақстандағы бүгінгі берекелі де, мерекелі бейбіт өмір – Елбасының басты жетістігі.

Оның әрбір стратегиялық қадамы ел болашағына арналған. Күні кеше қабылданған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты кезекті Жолдауын тебіренбей оқу мүмкін емес. Ұлттық қорға қаржы жинап, керек кезінде халық игілігі үшін жұмсау дегеніміздің өзі баға жетпес қамқорлық деп түсінемін.

Әбілхан Төлеуішов,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы:

-Әлем мойындаған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев – дара тұлға. Ол ел тағдырына айналған тіл мәселесіне тәуелсіздік алғаннан бері ерекше мән беріп келеді. Жасыратыны жоқ, ілкіде елімізде әртүрлі пікір айтушылар кездесті. Мемлекеттік тілдің орыс тілімен қатар жүргендігін кейбіреулері жете түсінбеді. Бірақ, мұның барлығы халықтың құрамына байланысты екендігін, 130-дан астам ұлт пен этнос өкілдері тұратын мемлекетіміздегі бұл саясаттың қаншалықты дұрыс екендігін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір елімізде Елбасының үштұғырлы тіл саясатын іске асыруда үлкен жұмыстар жүруде. Үш тілді білу  үлкен өмірге жол ашады.

Бүгінгі күні еліміздің тұрақтылығы мен табыстарына өзге мемлекеттер қызыға қарайтындай дәрежеге жеттік. Заман ағымында Қазақстан – өз жолын таңдаған іргелі мемлекет. Конфессияаралық келісім, ұлттар достығы, халықтың ауызбірлігі – осының барлығы әрбір қазақстандық үшін баға жетпес байлық, құнды дүние.

 

Жібек БИСЕНОВА,

«Болашақ КК» қоғамдық қорының төрайымы:

– Мен  1998 жылы Үкіметтік емес ұйым құрып, осы бағытта күні бүгінге дейін жұмыс жасап келемін. Осы жылдар ішінде талай рет азаматтық форумдарға қатысып, Елбасының салиқалы сөзін тыңдап, нұрлы жүзін көзіммен көрдім. Бастан асқан шаруалары болса да, Елбасы мұндай басқосуларға өзі келіп, азаматтық ұйымдардың маңыздылығын айтып, бағыт-бағдар беріп отырды. «Дамыған елде үкімет өз шаруасымен, бизнес саласы өз шаруасымен айналысса,  ал, әлеуметтік саланы Үкіметтік емес ұйымдар жасауы керек» деген болатын. Президентіміздің осы ұстанымы біздің облысымызда бүгінгі күні өз көрінісін тауып келеді. Мен соған қуаныштымын.

Тағы бір сөзінде Елбасы «біздің елімізде 10-20 пайыз кедей, 80 пайыз орта буынды, аяғынан нық тұрған жанұялар болу керек» деп еді. Шүкір, халықтың жағдайы қазір жақсы. Президент тапсырмаларының уақтылы, әрі нақты орындалуы – халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруының алғышарты. Осы жолда аянбай еңбек ету басты міндетіміз деп есептеймін.

 

Сәния Бахтиярова,

облыстық перзентхананың реабилитация бөлімінің меңгерушісі:

-Елбасының іргелі идеялары, атқарған істері қоғамның қай саласына мойын бұрсаңыз да көз алдымызда.Солардың бірі – медицина саласын алатын болсақ, тәуелсіздік алғалы бұл салада түбегейлі өзгерістер болды. Мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қомақты  көлемде қаржы бөлінді.

Бұрын жүрекке ота жасау үлкен қалаларда, әйгілі орталықтарда ғана   жүзеге асатын және оған таңданыспен қарайтынбыз. Атырау қаласында кардиохирургиялық орталық ашылып, қанша адамның жанына арашашы болып жатыр. Қазір облыста жүрек науқасынан көз жұматын адамдар саны бірнеше есеге азайды. Болашақта бұл көрсеткіш әлі де жақсарады деп күтілуде.

Бұрындары 600-700 грамм болып туылған бала түсік болып саналатын. Ал,  қазір  мұндай балаларды адам қатарына қосуға бізде толық мүмкіндік бар. Денсаулық сақтау саласында жаңа әдіс, тың технология, оң қадам жетерлік. Бұл айтып отырғаным – бірер жетістіктеріміз ғана. Бұлардың барлығы – Елбасының адам өмірінің ұзақтығын, жалпы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға байланысты берген тапсырмаларының орындалуының нәтижесі.

Облыстық аурухана іске қосылғанда Елбасы келіп, салтанатты жиынға қатысты. Сол кездегі айтқан сөздері менің әлі күнге жадымда. Ол кісінің «ауруларың аз болсын, шыққандары мәз болсын» деген ақ тілегі біздің өмірлік ұранымызға айналды. Бұл сөзі қазір аурухана қабырғасында ілулі тұр.

Тағы бір тәнті болатыным –  бас қаламыз – Астананың тұрғызылуы. Мен сол кездегі Целиноград қаласында оқыдым. Көне қалалардың қатарындағы  120-дан астам ұлттың өкілдері мекен еткен Целиноград   бүгінгі күні тарих қойнауына ескерткіш ретінде енгендей. Құлан кезген жалпақ далада қарасаң көз тоймайтын, «менің елімнің астанасы» деп мақтанышпен қарайтын, осынау әдемі қала – Астананың бой көтергендігі ұлттық мақтанышымыздың бастауы іспетті.

 

Әміржан АМАНҒАЛИҰЛЫ,

өлкетанушы, мәдениет қайраткері:

-Қазақстан – экономикасымен қоса, мәдениеті дамыған іргелі ел. Мемлекет басшысы өткен тарихқа жете көңіл бөліп келеді. Қазақстанның тарихы бес томдық кітап болып шықты. Әлі де бұл жұмыс жалғасын табады. Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығын тойлау қолға алынуда. «Мәдени мұра» бағдарламасымен жасалынған жұмыстар қаншама?! Алпыс жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеген Семей топырағындағы ядролық сынақ полигонын тоқтату туралы Елбасының Жарлыққа қол қоюы да ерлікпен теңдес деп білемін.

1993 жылы Ордабасы жерінде Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды даналарымызды еске алу шарасы өтті. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Біз мына дүниенің ең қуатты қозғаушы күші  мүдде екенін, негізгі тарихи қадамдарымыздың сол мүдде ортақтастығы қағидасына сай жасалуы  керектігін де ерте ұғынып, ерте жүзеге асыра алдық. Бұл ақиқат қағиданы да санамызға сіңірген осы билеріміз еді», – деуі оның төл тарихтың тереңінен тағылым алған кемеңгерлігін көрсетеді. Елбасы жүргізіп отырған қазақстандық даму жолы мәңгілік. Халық оны жақсы түсінеді.

 

Зәмзагүл Жалмұрзина,

облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы, демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор:

– Тұңғыш Президент мерекесі – өте ерекше мейрам. Қашан да қазақ халқы – өзінің Елбасын ұлығылаған ел. Тәуелсіздік алған жиырма үш жыл ішінде еліміз көркейді, қуаттанды. Дамыған 30 елдің қатарынан көріну мақсатында жұмыс істеудеміз.

Елбасы бейбіт саясат пен ұлтаралық келісім орнаған елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Үстіміздегі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы тойланады.

Елбасы жастарға патриоттық тәрбие беруге, отбасы мәселесі, ата-анаға деген құрмет көрсетуге үндеді. Ол «Біздің қыздарымыз өмірдің бар саласында жетістіктерге қол жеткізді. Көлік те жүргізеді, Үкіметте де, қоғамдық институттарда да біздің қыздарымыз бар» деп мақтанышпен айтты. Осы Қазақстан әйелдерінің бірінші съезінде «бізді дағдарыстан алып шыққан – әйелдер» деуінің өзі –  аналарға, қыз-келіншектерге көрсетілген үлкен құрмет. Мемлекет басшысы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының қорытындысына қатысуға да уақыт тапты. Осы шарада мен ол кісіні өте жақыннан көріп, қолын алдым. Сондағы алған әсерімді жеткізу мен үшін оңай емес. Бетінен нұр төгіліп, әр адамды өзіне тартып тұратын керемет қасиетін сезіндім.

Қарттар үйінде адамдардың көбейіп кеткендігі, мүгедектердің жай-күйі – бәрі-бәрі ол кісінің назарынан тыс қалмады. Болашақ иесі – жастар, оларға оқып, білім алулары үшін жағдай жасау мәселесін де күн тәртібінен түсірген емес.

Күні кеше халыққа маңызды жаңа Жолдауын жолдады. Жүрегінде патриоттық сезімі бар әр қазақстандық осы Жолдау аясында Елбасының жанына тығыз топтасып, ортақ үйіміздің жарқын келешегі үшін еңбек етуге мүдделі деп ойлаймын.

 

Айымгүл Ералиева,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің экономика факультеті деканының орынбасары:

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент  күні құтты болсын. Бұл мереке біз үшін өте қастерлі. Қазақстандай алып мемлекетті алға жетелеп, атын төрткүл дүниеге әйгілеп отырған Елбасымыздың бүгінгі ұстанымы әрбір адамды үлкен жауапкершілікке жетелеп, көңілдеріне қуаныш ұялатады деп ойлаймын. Соның ішінде, Мемлекет басшысының жастардың болашағына бар ынтасымен көңіл бөлуі – ертеңгі күнге жасалған зор қамқорлық.

Шыны керек, қазір білім аламын деген жасқа барлық жағдай жасалған. Мәселен, біздің факультеттің студенттеріне бір семестр бойы шетелдерде оқып, білім дәрежесін көтеруге мүмкіндік бар. Мұғалімдердің де білімдерін жетілдіру толықтай жолға қойылған. Арамызда Лондонға, Швейцарияға барып білім алып келген ұстаздарымыз да бар. Мұның өзі – үлкен қамқорлықтың нәтижесі.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кездері Еуразиялық идеяны жетілдіру, оны іске асыру Елбасының арманы еді. Бұл бүгінде іс жүзіне асуда. Сөзіміздің дәлелі – Еуразиялық одақтың құрылуы. Біз қоғамның қай саласына қарасақ та, Нұрсұлтан Назарбаев идеясының шынайылығын көреміз, соған тәнті боламыз.

 

Айнагүл Ахметова,

Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжі директорының орынбасары:

Еліміз егемендік алғаннан бері мемлекетімізде қаншама маңызды шаралар өткізілді. Оған  ЕҚЫҰ саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырып, Азиада ойындарын өткізуі, сонымен қатар, көптеген халықаралық шараларға ұйытқы болуы, алдағы уақытта «ЕХРО – 2017» көрмесін өткізетіндігі дәлел бола алады.

Осындай ауқымды шараларды атқара жүріп, Мемлекет басшысы жастар мәселесін бір мезет те назардан тыс қалдырған емес. Бүгінгі студенттің ертеңгі тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекітер белді мамандар болып шығатынына зор сеніммен қарап, үнемі білім алудың жаңа мүмкіндіктеріне жол  ашып келеді. Біздің колледждің оқушылары да осы сенім үдесінен шығуды өздерінің төл міндеттері санайды. Президент күніне орай көптеген мәдени шаралар ұйымдастырудамыз. Жоспарланып отырған тәрбие сағаттары, көрмелер, «дөңгелек үстелдердің» барлығы да осы айтулы мерекеге арналуда.

Нұрсұлтан Назарбаев көреген саясаты мен іскерлігі арқасында елді бірлікке бастады, экономикалық даму жолына түсірді. Сөйтіп, Қазақстан ХХІ ғасырдағы көш бастаушы мемлекеттердің қатарынан орын алды. Бұл – әр қазақстандық үшін зор бақыт.

 

Гүлжан Абылайханова,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік  университетінің 2-курс студенті:

-Мен  – Тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп, білім алу мүмкіндігіне ие болған ұрпақтың өкілімін. Елбасы – менің пірім. Ол кісінің үнемі жастардың болашағын ойлайтыны қуантса, мүгедектер мен жағдайы төмен отбасыларға жасап отырған қамқорлығы толғантады. Осындай елдің қамын ойлар ірі тұлға Елбасымыз бар екендігін әрқашан да зор мақтанышпен айтамыз. Өзімнің Тәуелсіз Қазақстанның азаматы екендігіме марқаямын.

ТҮЙІН

Егемендікке қол жеткізген жиырма үш жылдың өзінде  Қазақстанды бейбітшілік пен жасампаздық жолына салып, елдің кемел келешегін болжай білген Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясаты бүгінгі күні өз жемісін беруде. Ең бастысы, Елбасымыз мүмкіндіктерді уыстан шығарып алмай, туған халқын өркениеттің көшіне ілестіре білді. Бүгінгі күні әлем Қазақстанды  экономикасы дамып келе жатқан, ішкі саясаты тұрақты, бейбіт идеялардың елі деп таниды. Лайым, осылай жұлдызымыз жарқырай бергей!

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз