Жарнама
Жаңалықтар

Ел тұтастығы – ең ІЗГІ МҰРАТ

Мемлекетті дағдарыстан алып шығудың негізгі механизмі аталған Ұлт жоспары бағдарламасының жүзеге асырылу кезеңінің басталуына орай Атырауға жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары келді.

Делегация құрамында мәжілісмендер Қуаныш Сұлтанов, Бейбіт Мамраев, Ахмет Мурадов, Бақытгүл Хаменова, Сапар Ахметов болды. Зиялы қауым өкілдерімен, бірқатар кәсіпорын ұжымдарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен, оқу орындары студенттерімен кездесу өткізіп, Мақат, Жылыой аудандарына арнайы сапарлаған депутаттар халық көкейінде жүрген біраз сауалдарға жауап берді.

«Мәңгілік ел» актісінің мәні неде?

«Әлемде 2000-нан астам ұлт, 6000-нан астам тіл бар екен. Ал, дүние жүзіндегі мемлекет саны – 193. Осыдан елу жыл бұрынғы мәлімет бойынша, әлемде 9000 тіл қолданыста болған. Демек, қазақ – дүние жүзіндегі бақытты ұлттардың бірі. Біз тәуелсіз мемлекетімізді құрдық. Әрі өзіміздің бәсекеге қабілетті ұлт екенімізді дәлелдедік»деді Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен кездесуде.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысқан жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев та болды.

Шекараны шегендеу – ең үлкен жеҢіс

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан, Ұлт жоспары бағдарламасының жүзеге асырылу жайы, Мәңгілік ел идеясы, мектептердегі үш тілділік мәселелері сөз болған жиында депутат Қуаныш Сұлтанов егемендіктің елімізге оңай жолмен келмегендігін айтты.

«Жоғарғы Кеңес отырысында Қазақстанның тәуелсіздігін жариялау туралы заңды қабылдар кезде 360 депутат болған еді. Олардың барлығы бірдей тәуелсіздікке мүдделі болмады. Азаттықты жариялау мәселесін бүкілхалықтық референдумнан кейін қарауды ұсынғандар да табылды. Бұл құйтырқы ұсыныс еді. Себебі, ол кезде мемлекет құраушы қазақтардың көрсеткіші небәрі 42 пайыз ғана болатын. Иә, осындай интеллектуалды тартыстарды да бастан өткерген елміз» деген ол егемендіктің елең-алаңында заң саласын реттеуде Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Әбіш Кекілбаев, Сұлтан Сартаев сынды академик-ғалымдардың ерекше үлес қосқандығын атап өтті.

Жақында ғана Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің қабылданғаны белгілі. Осы мәселеге тоқталған депутат актінің науқандық құжат емес екендігін айтты. «Мәңгі ешнәрсе болмайды» деген пікірлерге жауап берген депутат кез-келген ұлт, кез-келген мемлекет мәңгі өмір сүруге ұмтылуы тиіс деп түйіндеді. «Мәселен, Қытай «мемлекеттік тарихымыз үш мың жыл емес, төрт жарым мың – бес мың жыл бұрын басталған екен» деп жариялап жүр. Ал, біз ертеңімізді, болашағымызды ойлайтын елміз. Сол үшін де ең алдымен шекарамызды бекітіп алдық. Елбасының «тұңғыш рет шекарамызды шегендедік» деген сөзі де бар. Рас, жер — ата-бабадан қалған ең үлкен мирас. Бірақ, кеңестік кезеңде бізде шекара шартты түрде болды. Территория көрші мемлекет екінші елдің шекаралық аумағын ресми мойындаған жағдайда ғана бекітіледі. Және бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымында қабылдануы керек.

Мысал үшін айтсақ, Қазақ жері мен Қытайдың арасында бұрын шекара болған емес. Өйткені, Қытай қазақ жерін одақ аясында көріп келді. Қазақтың соңғы ханы Кенесары өлтірілгеннен кейін, жеріміз төрт губернияға бөлінді. Осылайша, жер бостандығынан айырылып, бодандықта қалды. Ал, Қытай мен Қазақ елі арасындағы шекара келісіміне тәуелсіздік елең-алаңында қол жеткіздік. Сол кездің өзінде «даулы учаске» деген термин болды» деген депутат Ресеймен арадағы шекараны бекітудің де үлкен қажырлылықты қажет еткенін айтты.

Рас, кезінде «Қазақстан мен Ресейдің арасында қандай шекара болуы мүмкін?» деген мәселені алға тартушылар да табылды. Сондықтан, көршілес елдермен шекараны заң жүзінде бекітіп алуымыз – тәуелсіздігіміздің ең басты жемісі, әрі мемлекет болашағының қауіпсіздігі үшін жасалған қадам.

Әлемдік геосаясат картасындағы ахуалдың ушығып тұрғаны белгілі. Осы мәселеге тоқталған депутат Қуаныш Сұлтанов «Басқаны айтпағанда, Ливияның тозып кеткен халқы өткенді армандап жүр. Таяу Шығыс елдеріндегі бүгінгі ахуал тұрақтылықтың ең үлкен бақыт екендігін көрсетіп отыр. Біз – ұлтымыздың тұтастығын сақтап қалуға тиіспіз. «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің мәні де осында» деп түйіндеді.

 

Ендігі міндет – жаңа технологияны игеру

Өзара диалог форматында өткен жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Ұлт жоспары» аясында құрылған қоғамдық кеңестердің маңызына тоқталды. «Қоғамдық кеңес арқылы депутаттар атқарушы биліктің барлық шешіміне тікелей араласа алады. Кезінде халқымызда дала демократиясы деп аталатын институт болған. Үлкеннің сөзіне тоқтайтын қазақ даласында бұрын түрме де болмаған. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сынды заңдық күші бар құжаттар адам жазатайым қайтыс болған жағдайда да оның құнын төлеу мәселесін қойған. Қазіргі көзқараста бұл дөрекілеу болуы да мүмкін. Бірақ, халық кезінде сол тәртіпке көнді және бағынды» деген ол жерді игеру мәселесіне де тоқталып өтті.

«Тәуелсіздік жылдарында экономикалық мәселелерде кемшіндеу қалған тұстарымыз бар. Соның бірі – жерді игеру. Біз жерді игерудегі шет мемлекеттердің жаңа технологиясын меңгеруге тиіспіз» деген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев ел азаматтарын «Агробизнес – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» сынды бағдарламаларды тиімді пайдалануға, бірлесіп еңбек етуге шақырды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.


 

 

  • Сіз не дейсіз?

Бейбіт МАМРАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Сапалы маман даЯРЛау маңызды

Қоғамда көкейкесті мәселелер өте көп. Соның бірі – сапалы маман даярлау жайы. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы – тарихи маңызы зор дата. Бірақ, біз осы уақыт ішінде кәсіптік мамандарды көңілдегідей етіп даярлай алмадық. 2017 жылдан бастап жұмысшы мамандығы алғаш рет тегін беріле бастайды. Осы мәселеге университеттер де араласуы керек.

Мәселен, кезінде өзім басшылық еткен Атырау мемлекеттік университетінде зертханалар көп. Бірақ, агросектор мамандарын даярлауда маңызды роль атқаратын база жетіспейді. Мұндай проблема еліміздегі оқу орындарының көпшілігінде де бар.

 

Бақыт БАРСАЙ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

бастауыш білім ана тілінде берілсе…

Үш тілділік мәселесіне қобалжимын. 6-7 жастағы балаларға бірден үш тілді меңгерту қаншалықты оңайға түседі? Балаға бастауыш мектептегі білімін таза қазақ тілінде алуға мүмкіндік берсе қалай болады? Осы сұрақтардың бәрі мамандармен кеңірек ақылдасуды қажет етеді.

 

Жанай БЕРКӘЛИЕВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

Тарихи жолдан үлгі алу керек

Соңғы уақыттары шетелге қарап, сол елдердің тәжірибесін негізге алып сөйлейтін болдық. Менің ойымша, кез-келген заң нақты болуы керек. Сондықтан, барлық заңдардан «немесе» деген тіркесті алып тастауды ұсынамын. Өйткені, түсініспестіктің барлығы осы жерден шығады.

Заң шығаруда «Қасым ханның қасқа жолы» сынды өз халқымыздың тарихи құжаттарынан үлгі алсақ, ұтылмас едік.

 

Бақтыбек ТАУБАЕВ, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:

Инновациялық жаңалықтар – өмірге!

Ел Президентінің «жердің сапасын міндетті түрде жақсартып, одан мол өнім алыңдар» деген тапсырмасы да бар. Сол себепті де, ауыл шаруашылығына инновациялық жаңалықтар керек. Жердің құнарлылығын арттыру шаралары әлі де мардымсыз.

 

Нұрсәуле САЙЛАУОВА, облыстық білім басқармасының басшысы:

Үш тілділік 2019 жылы енгізіледі

Үш тілділік жүйесі 2019 жылдан бастап енгізіледі. Онда да ағылшын тілінде жаратылыстану бағытындағы пәндер ғана оқытылады. Яғни, 2019 жылдан бастап 10-сынып оқушылары информатика, физика, биология, химия пәндерін ағылшын тілінде оқиды.

2017 жылдан бастап, 5-7-сыныптардың барлығына, оның орыс, иә қазақ сыныбы болғанына қарамастан, Қазақстан тарихы қазақ тілінде, Дүниежүзі тарихы орыс тілінде оқытылады.

Жазғы демалыс мәселесіне байланысты әлеуметтік желілерде түсінбестік болып жатыр. 1-сынып балаларының бес күндік оқу жүйесіне көшуіне байланысты қосымша демалыс 34 күнге созылып отыр. Сондықтан, сабақ 1-ші маусымға дейін жалғасады. Одан кейін балалар жазғы демалысқа шығады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button