Ел боламын десең, бесігіңді түзе
Atr.kz/29 қазан, 2019 жыл. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең мәнді нақылы бар. Осы аталы сөздің мазмұнын ашып түсіне білу бүгінгі және келешек күн тұрғысынан аса қажетті.
Ел болу, тәуелсіз мемлекет құру идеясы қаймана қазақтың о бастан асқақ арманы болып келді. Қазақстанның тәуелсіздік тұғырында нық орнауы оның болашағын сомдайтын бүгінгі жас өркеннің тәрбиесімен тығыз байланысты. Отбасында ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтарды тәрбиелеу ісіне деген жауапкершілікті бір сәтте де естен шығаруға болмайды. Бесік сөзі тәрбиенің ұлттық сипатта болуы қажеттігін аңғартатындай.
Бүгінде осы ұлық міндеттің көп салмағын мұғалім мен ата-ана бірлесе көтеріп келеді. Анығында айдарлы ұл мен қылықты қыздың тәрбиесіне қоғам өкілдері тұтас жауапты. Мектеп, ата-ана, ұстаз үштігінің бала тәрбиесіндегі рөлін әрдайым бекемдей білген дұрыс.
«Баланы өз дәуір талаптарына қарай тәрбиелеңдер» деп әзірет Әли (р.а.) айтқандай, бала заман талабына сай білім алуы тиіс. Әрине, біліммен қатар тәрбиені де лайықты түрде бере білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бала тәрбиесінде оның рухани толысуы да ерекше мәнге ие.
Толық білім алғанмен, рухани мүгедек жандарды көргенде еріксіз өкінетініміз сондықтан. Ал, рухани тәрбиеде баланы мұсылмандық әдепке баулудың орны бөлек. «Біз білімдіден гөрі әдепті адамдарға көбірек зәруміз» деп Абдуллаһ ибн Мубарак ой салғандай, расында біліміне сыпайылығын, биязылығы мен ішкі әдебін жарастыратын жандар расында көп емес.
Баланың мұсылмандық тәрбиесінде оны қаршадайынан адалдыққа, еңбекқорлыққа, тазалыққа, білім ізденуге, дене шынықтыруға, өз жынысына сай еңбек түрлеріне баулудың мәні зор. Ардақты Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) ұл баланы күреске, жүзуге, садақ атуға, жүгіруге баулу керектігін өсиет еткен. Қыз баланы да ұлдан кем көрмей білім алуына жағдай жасаған дұрыс. Дегенмен «Қызға қырық үйден тыйым» демекші, оның жүріс тұрысын жат көздерден қорғау да қамқоршылары мен жақындарына үлкен жауапкершілік жүктеген. Мектеп қабырғасында өсіп келе жатқан жасөспірімдер проблемалары оларға көп көңіл бөлу керектігін аңдатуда.
Жастар арасындағы әлімжеттік, өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік, ерте неке қидыру, оқуды тастап кету, арақ, есірткі секілді жаман әдеттерге үйірсектік, ата-аналарынан безіну, діни жіктелу бұлардың барлығы да оларға көңіл бөлудің аздығы мен тәрбие беру жүйеміздің нашарлағандығында. Оқушыларды қандай жағдайда да мемлекет қамқорлығымен тегін білім алудан шеттетуге болмайды. Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.
Осы орайда жуырда қабылданған «Жеті рухани қазық» атты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рухани тұғырнамасына да арнайы тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Себебі, оның негізгі мазмұны дұрыс ел болып қалыптасудағы рухани негіздерді ашып көрсетуімен құнды. Оның өзегіндегі ойлар имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік секілді ұстындарды қамтиды.
Расында, шынайы мұсылманның іс-әрекеті мен мінез-құлқы имандылыққа, адамгершілік принциптерге негізделеді. Алла Тағала Құран Кәрімде «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және туыстарға қарайласуды бұйырып, арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп адамзат баласын ізгілікке шақырған.
Рухани тұғырнамада көтерілген әрбір жайт ислам тұрғысынан негізделіп көрсетілген. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» деп, ислам дінінің негізгі мақсаты адамзат баласын көркем мінез-құлыққа тәрбиелеу екенін баяндаған. Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік» деген. Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке, адамгершілікке жетелейтін, көптеген асыл қасиеттер бар. Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс.
Тұғырнама мазмұнында Исламның асыл құндылықтарын темірқазық еткен дана бабаларымыздың адамның имандылығына, кісілік қасиеттеріне ерекше көңіл бөлгені сөз етіледі. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкенді-кішілі сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді қасиеттер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде назардан тыс қалмаған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың жазылмаған заңдылығына айналған. Бойында асыл қасиеттері бар жасты «тәрбиелі» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылықты ойлайтын адамды «иманды» деп атаған.
Рухани тұғырнамада «Отаншылдық» – Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен тұратындығы, отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю екендігімен түсіндіріледі. Өз ұлтын, туып өскен жерін сүйіп, оның көркеюіне қызмет етіп, жоғын жоқтайтын азамат қана отаншыл бола алады.
Сөз етілген отаншылдық сана – халықты топтастырушы рухани күш болумен қатар, оның күш-жігерін тәуелсіздікті нығайтуға бағыттайды. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Әйтеке би «Өмірім – халықтікі, өлімім ғана – өзімдікі» деп халыққа қызмет ету жолында отаншылдықтың айнасы бола білді. Бұл расында қазіргі күн үшін өте өзекті жайт.
Рухани тұғырнамада айтылғандай, исламдағы басты парызға – білім алу жатады. Себебі, Құран Кәрімнің алғашқы түскен аяты «Оқы!» деген сөзден басталады. Білім алу, сауат ашу – Ислам дінінің ең басты талабы. Құран Кәрімнің көптеген аяттарында білім жайлы айтылған. Қасиетті Құранда: «Алла Тағала араларыңдағы иман келтіргендер мен білім иелерінің дәрежелерін көтереді» («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят) деп білімді болудың артықшылығын білдірген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу – әрбір мұсылманға (ер мен әйелге) парыз», – деген. Расында, ойлап қарасақ, мемлекетті құраушы күш оның азаматтары десек, әр адам бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз дамып, өзін-өзі жетілдіріп отыруы тиіс. Озық ақпараттық технологиялар билік құрған заманда бәсекеге қабілетті жекелеген мемлекеттер ғана алпауыттарға жұтылмайды.
Бүгінгі күннің ең өткір мәселелерінің бірі ретінде қозғалған мына жайт та назардан тыс қалмаған. Ислам Құран мен сүннетке негізделген діни ғылымдармен қатар зайырлы білім алуға да үндейді. Мұсылмандар мемлекеттің білім беру саласындағы заң талаптарын орындауды өздерінің басты міндеттерінің бірі деп біледі және балаларының орта білім алып, жан-жақты дамып-жетілуіне, жоғары оқу орындарында таңдаған мамандықтарына сәйкес жалғастыруға кедергі келтірмейді.
Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты екені сөзсіз. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ. Алла Тағала мұсылман баласына: «Бөлінбеңдер …» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) – деп бауырмал болуға бұйырған. Мұсылман баласы көркем мінез-құлықпен ел ішіндегі ауызбіршілікті сақтай білуі керек. Себебі, рухани тұрғыда өсіп-жетілген тұлға қандай жағдайда да барлық мәселені байыпты жолмен шешеді. Алла Тағала: «Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер…» («Мәида» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.
Қасиетті аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деп бұқараны бірлікке шақырған. Бұны дәйім есте ұстаған абзал.
Дүние мен ақырет тізгінін тең ұстау қай кездегі мұсылмандар үшін де елеуге тұрарлық жайт. Ол да Рухани тұғырнамадағы өзекті ойды құраған. Адал еңбек ету, игі іс істеу бір-бірінен ажырамас ұғым. Шариғатта ғибадат істермен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Қасиетті аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған.
Рас, адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру – ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлде қайда жақсы» (Бұхари) – деген.
Ата-анасын, әйел, бала-шағасын және туыстарын нәпақамен қамтамасыз ету – отағасының міндеті. Әрбір мұсылман оған селқос қарамай, мойнына жүктелген борышын жауапкершілікпен орындауы тиіс. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлығың да жауаптысыңдар және барлықтарың қоластындағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар» (Бұхари, Муслим) – деген.
Ислам дінінде адал жолмен табыс тауып, еңбек етуге айрықша мән берген. Адал жолмен, маңдай термен табыс табу екі дүниені де абат қылатыны ескертілген. Жалпы, шариғат бойынша, адал еңбек етудің өзі дұғаның бір түрі екенін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, «Халал еңбек ету – әр мұсылманға парыз», «Халал табыс табу үшін шыққан адам жиһадта жүрген кісі тәрізді», — деген ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман қауым үшін адал еңбектің қаншалықты маңызды екендігін да саралап тұрып айтып кеткен. Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен. Рухани тұғырнаманы оқып отырған адам ондағы сүбелі ойлармен және оның бүгінгі күн тұрғысынан өзекті екендігімен еріксіз келіседі деген пікірдеміз.
Айталық, қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрсеткіші емей немене?! Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау, құрметтеу – әрбірімізге міндет. Бабаларымыз баланы бесігінен-ақ жақсы әдептерге баулыған. Ислами әдепті бойына сіңіру арқылы әрбір мұсылманның мәдениеттілігі артады. Әдептілік – ғұмырыңды ұзартып, берекеге кенелтеді.
Қасиетті Құранда: « … Ол Алла сендерді жерден жаратты әрі сол жер бетінде өмір сүріп, оны көркейтулеріңді қалады …» («Һуд» сүресі, 61-аят).
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Көршімен көркем қарым-қатынас жасау – қоғамды көркейтіп, өмірді ұзартады» (Имам Ахмад) дейді.
Әдепті мұсылман Қиямет күні Алла Елшісімен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болады. Хадисте: «Расында, сендердің іштеріңде ең жақсы көретiнiм және қияметте маған ең жақын болатындарың – мiнез-құлқы жақсы болғандарың …» (Имам Тирмизи) деген.
Абдулла ибн Омар: «Пайғамбар ұятсыз сөз айтпайтын және әдепсіздік істемейтін» деп айтатын.
Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, мәдениеттіліктің мәнін ашып көрсеткен.
Адамдар əлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тәртіп ережелеріне бағынуы тиіс. Айналаны таза ұстауға, қоғамдық орындарды ластамауға, сондай-ақ өзгеге зиян келтірмеуі тиіс. Дінімізде тазалық – иманның жартысы делінген. Ислам діні тазалыққа, ұқыптылыққа үлкен мән берген. Әрбір мұсылман қоғамдық ортаның əдебінен аттамай, басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-əрекеттен аулақ болуы тиіс.
Әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке бола ма? Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамдағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш ол – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді.
Қасиетті Құранда: «Әділ болыңдар. Шын мәнінде Алла Тағала әділ болғандарды жақсы көреді» («Хужурат» сүресі, 9-аят) деп бұйырады.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында әділ болғандар қиямет күні нұрдан жаратылған мінберлерде болады …» (Имам Муслим) деп, әділдікті ұстанғандарға айрықша мәртебе берілетіндігін айтқан. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі бола білді. Одан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған сахабалардың өмірі де әділдік пен адалдыққа негізделді.
Хакім Абай «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деп әділдікті адами құндылықтардың өзегі ретінде көрсеткен.
Мұсылманның ішкі жан дүниесі мен сырт келбеті, барлық іс-әрекеті әділдікке негізделуі тиіс. Төлеби бабамыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, туралыққа, әділ болуға шақырған.
Жалпы алғанда, ел болу үшін өзгерісті жеке басымыздан бастағанымыз дұрыс. Елге деген, еңбекші қауымға деген, мемлекетке, болашаққа деген дұрыс көзқарас қалыптастыра білуіміз керек. Өзін тәрбиелей алмаған жанның өзгелерді тәрбиелеуі мүмкін емес. Өмірде өзінің құбыласын таппаған жанның өзгелерге шамшырақ болып жол көрсетуі тіптен күлкілі жайт. Ендеше, ізгілікке әуелі өзімізді баулу арқылы өзгелерге үлгі бола білуіміз керек. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің «Өзгерісті өзіңнен баста» деп қоғамға ой тастауы да сондықтан. Жоғарыда тілге тиек етілген жайттарды әрдайым назарда ұстасақ, етек-жеңі жинақы, еңселі ел болуда өз септігін тигізеді деген ойдамыз.
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,
Атырау облысының бас имамы.